
Тель-Авив, 2022 жылдың 24 ақпаны – Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің (АӨСШК) Атқарушы директоры, Елші Қайрат Сарыбайдың Израильге жұмыс сапары өтті.
Сапар барысында АӨСШК Хатшылығының басшысы Израильдің ауысым Премьер-министрі – Сыртқы істер министрі Яир Лапидпен, Туризм министрі Йоэл Развозовпен, СІМ Бас директоры Алон Ушпизбен, Израиль Президентінің сыртқы саясат жөніндегі аға кеңесшісі Цви Вапнимен және Ұлттық қауіпсіздік кеңесі төрағасының Сыртқы саясат жөніндегі орынбасары Авиват Бар-Иланмен кездесті.
Атқарушы директор Израиль тарапына АӨСШК сенім шараларын іске асыруда Израильдің тұрақты қолдауы мен белсенді рөлі үшін ризашылығын білдіріп, Кеңесті толыққанды халықаралық ұйымға айналдыру тұжырымдамасы мен 2022 жылғы қазанда өтетін АӨСШК саммитіне дайындық жөніндегі жұмыс туралы хабардар етті.
Қ.Сарыбай, атап айтқанда, АӨСШК трансформациясы жөніндегі бастаманы дәйекті түрде ілгерілету өңірлік бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін маңызды екенін және жаһандық қауіпсіздік архитектурасындағы Азия мемлекеттерінің рөлін күшейтуге бағытталғанын атап өтті. Ол бүгінде АӨСШК халықаралық ұйым ретінде барлық маңызды ерекшеліктерге ие екенін, оның ішінде құрылтай құжаттары, шешім қабылдайтын және жұмыс органдары, жедел бюджеті мен тұрақты Хатшылықты қамтитынын айтты.
Сыртқы істер министрі Я.Лапид АӨСШК процесіне одан әрі белсенді қатысуына Израильдің бейілділігін растады және «АӨСШК-нің кәсіби және тиімді жұмысын қолдау қажеттігіне» назар аударды.
СІМ Бас директоры А.Ушпиз инклюзивтілікке негізделген және консенсус пен еріктілік қағидаттарымен қамтамасыз етілетін АӨСШК-нің бірегей сипатын жоғары бағалады.
Израиль Президентінің Сыртқы саясат жөніндегі аға кеңесшісі, Елші Цви Вапнимен және Израиль Ұлттық қауіпсіздік кеңесі төрағасының Сыртқы саясат жөніндегі орынбасары Авиват Бар-Иланмен кездесулерде К.Сарыбай дипломаттарды АӨСШК мен Хатшылықтың мақсаттары, жұмыс бағыттары, Азияның халықаралық істердегі рөлінің артуына байланысты Кеңестің эволюциясы туралы егжей-тегжейлі хабардар етті.
Туризм министрі Й.Развозовпен кездесу барысында мүше мемлекеттер арасындағы сенім мен экономикалық ынтымақтастықты нығайтудағы, оның ішінде АӨСШК аймағындағы экологиялық туризмді дамытудағы адамдар арасындағы байланыстардың рөлі талқыланды.