Қазақстан дәрігерлері Израиль медицинасының озық тәжірибесін зерттеуде

Қазақстан дәрігерлері Израиль медицинасының озық тәжірибесін зерттеуде

Тель-Авив, 2021 жылғы 8 желтоқсан – Қазақстанның Елшісі Сатыбалды Бұршақов қазақстандық дәрігерлер халықаралық тағылымдамадан өтіп жатқан әйгілі израильдік Шеба медициналық орталығының оқу-ағарту конференциясына қатысты.

Шараны ұйымдастырушы Медициналық орталықтың бас директоры Ицхак Крейсс қазақстандық дәрігерлерді оқыту және тәжірибелік сабақтар израильдік жетекші мамандардың басшылығымен жүргізіліп жатқанын айтты.

Оқыту процесінде инновациялық компонентке ерекше назар аударылады. Осылайша, қазақстандық дәрігерлер ең заманауи медициналық технологияларға тікелей қол жеткізе алады, сонымен қатар израильдік дәрігерлермен бірлесіп науқастарды диагностикалау және емдеу мүмкіндігіне ие болады.

Елші пандемия жағдайында Қазақстан мен Израиль арасындағы өзара іс-қимыл деңгейін жоғары бағалап, коронавирустың таралуына қарсы күресте екі ел медицина мамандарының ынтымағын атап өтті. Осы тұрғыда ол кездесуге қатысушыларға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының арнайы сессиясында сөйлегенде «пандемияның халықаралық ынтымақтастықтағы көптеген кемшіліктерді анықтағаны және ынтымақтастыққа негізделген жаңа жаһандық көзқарас пен биологиялық қауіптерге қарсы тұрудың тиімді жүйесін құру қажеттілігін растағаны» туралы айтқанына назар аударды.

Сонымен қатар, дипломат Қазақстан Республикасы Үкіметінің коронавирустық инфекцияның таралуын тежеу бойынша қабылдап жатқан шаралары және қазақстандық QazVac вакцинасының өндірілгені туралы айтты.