
Никосия, 2021 жылдың 5 қарашасы – Қазақстан Республикасының Кипр Республикасындағы Елшісі (қызметін қоса атқарушы) Сатыбалды Бұршақов Кипр Республикасының Президенті Никос Анастасиадиске Сенім грамоталарын тапсырды.
Президент сарайында өткен салтанатты рәсім барысында Елші Н.Анастасиадиске Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ізгі тілегін жеткізді және Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атай отырып, елімізде жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалар туралы хабардар етті. Сондай-ақ коронавирустық инфекцияның таралуын тежеу бойынша үкімет қабылдап жатқан шаралар туралы айтып берді.
COVID-19 пандемиясымен күресте екі елдің ынтымақтастығы мен өзара табысты іс-қимылын атап өте отырып, С.Бұршақов Президентке Кипр үкіметі мен компанияларының Қазақстанға көрсеткен гуманитарлық және медициналық көмек үшін алғыс білдірді.
Президент Анастасиадис елдеріміз арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың деңгейін жоғары бағалай отырып, Қазақстанның Еуропалық Одақпен ынтымақтастығын дамытуға қолғабыс көрсетуге дайындығын білдірді және Қазақстан Президентін Кипрға сапармен келуге шақырды.