
2021 жылдың 18 қазаны – Консулдық саладағы екіжақты ынтымақтастықты тереңдету шеңберінде Қазақстанның Израильдегі Елшісі Сатыбалды Бұршақов Израиль СІМ Бас директорының орынбасары – Консулдық қызмет департаментінің жаңа басшысы Эйаль Сисомен кездесті.
Кездесу барысында консулдық саладағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері, атап айтқанда, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, азаматтардың Қазақстан мен Израиль аумағында болуы мен олардың екі елдің аумағына кіріп/шығуына қатысты мәселелер талқыланды.
Тараптар ұлттық паспорттарына ие азаматтардың өзара сапарларының шарттары туралы келісім жобасын талқылау жөніндегі келіссөздер процесін қайта бастауға уағдаласты. Бүгінгі таңда коронавирус пандемиясы жағдайында екі елдің азаматтарына виза ресімдеу қажет.
Елші, сондай – ақ, Израиль тарапын Президенттің «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына жолдауының негізгі бағыттары, Қазақстан Үкіметінің коронавирустық инфекцияның таралуын тежеу, халықты вакцинациялау және «QazVac» вакцинасын өндіру жөніндегі шаралары туралы хабардар етті.