
11-12 қазан аралығында Нұр-Сұлтанда «Пандемиядан кейінгі әлемнің жаңа шындығындағы Азиядағы қауіпсіздік және орнықты даму» тақырыбында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) Сыртқы істер министрлерінің 6-шы кездесуі өтті.
Израиль делегациясын Туризм министрі, Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Израиль бірлескен Комиссиясының тең төрағасы Константин Развозов басқарды. Делегация құрамында Сыртқы істер министрлігінің Бас директорының орынбасары Гари Корен және бірқатар министрліктер мен ведомстволардың қызметкерлері болды.
Іс-шара қорытындысы бойынша бірқатар құжаттар қабылданды:
- АӨСШК төрағалығының мәлімдемесі. Құжатта Азиядағы қауіпсіздік пен бейбітшілікті қамтамасыз ету, жаңа сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы тұру, оның ішінде эпидемиологиялық қауіпсіздік, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруіне бейімделу, тұрақты экономикалық даму, цифрлық экономиканы ілгерілету, көлік және логистика, мәдени диалог және тағы басқа салалардағы өзара байланысты қамтамасыз ету үшін АӨСШК елдерінің ынтымақтастығын нығайтудың маңыздылығы атап өтілген. Ауғанстандағы жағдайға ерекше назар аударылды. АӨСШК талдау орталықтарының форумын тұрақты жұмыс істейтін алаңға айналдыру құпталады;
- АӨСШК сенім шараларының жаңартылған каталогы. Заманауи реалияларға бейімделген каталогқа ынтымақтастықтың эпидемиологиялық қауіпсіздік, қоғамдық денсаулық сақтау және фармацевтика, ақпараттық және коммуникациялық технологиялар, терроризмге қарсы күрес сияқты жаңа басым салалары кірді;
- АӨСШК Даналар кеңесі туралы ереже. Даналар кеңесі бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту, сенім шараларын іске асыру мәселелерін, АӨСШК шеңберіндегі жұмыстың одан арғы бағыттары мен басымдықтарын қоса алғанда, АӨСШК-нің ағымдағы қызметі мен дамуының кең ауқымы бойынша АӨСШК консультативтік-кеңесші органы болуға тиіс;
- Бақылаушылар мәртебесіне қатысты АӨСШК рәсімдерінің ережелеріне түзетулер.
Сонымен қатар, кездесуге қатысушылар Нұр-Сұлтан қаласындағы АӨСШК Хатшылығының жаңа офисін салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан 2020-2022 жылдар аралығындағы Кеңеске төрағалық етеді, бұған дейінгі төрағалар арасында Түркия, Қытай және Тәжікстан болды.
Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) азиядағы бейбітшілікті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған ынтымақтастықты нығайту жөніндегі халықаралық форум болып табылады.
АӨСШК шақыру туралы идеяны алғаш рет Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев 1992 жылғы 5 қазанда БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында жария етті.