
Тель-Авив, 2021 жылдың 19 қыркүйегі - Қазақстанның Израильдегі Елшісі Сатыбалды Бұршақов Израильдің Бас Ашкенази раввині Давид Лаумен кездесті.
Елші Бас раввинді еврей халқының жаңа жылымен және Суккот мейрамымен құттықтады. Дипломат Д.Лауға Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезіне қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдіріп, Нұр-Сұлтанда болатын Съез хатшылығының алдағы отырысының күн тәртібімен таныстырды.
Сонымен қатар, Д.Лау Президент Қ.Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына жолдауының негізгі бағыттары туралы хабардар етілді.
Израильдің Бас Ашкенази раввині діни лидерлер съезінің негізгі мақсаттарын жоғары бағалап, Қазақстан астанасында тұрақты жұмыс істейтін форум бүкіл әлемнің дінбасыларына және олардың өкілдеріне ең өзекті және өткір мәселелерді ашықтық, толеранттылық, өзара құрмет атмосферасында талқылауға мүмкіндік беретінін атап өтті.