Қазақстандық дәрігерлер Израильдегі тағылымдамасын сәтті аяқтады

Қазақстандық дәрігерлер Израильдегі тағылымдамасын сәтті аяқтады

Тель-Авив, 2021 жылдың 4 тамызы – Израильдің жетекші медициналық орталықтарының бірі «Рамбам» (Хайфа қ.) мемлекеттік академиялық ауруханасында арнайы курстан өткен 11 қазақстандық медицина қызметкерлерін біліктілік арттыру сертификаттарымен марапаттау рәсімі өтті. Іс-шараға Қазақстанның Израильдегі Елшілігі, Медициналық орталықтың басшылығы және курсты ұйымдастырушы – «СОМЕТ» Ғылыми-білім беру орталығы қатысты.

COVID-19 пандемиясына және Израиль тарапы енгізген шектеулерге қарамастан, «СОМЕТ» орталығы осы жылдың басынан бері 16 қазақстандық дәрігерді оқыту ісін ұйымдастырды.

Қазіргі уақытта ғылыми-білім беру орталығы ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен және Қазақстанның Тель-Авивтегі Елшілігімен тығыз ынтымақтастықта онкология, кардиология, нейрохирургия және басқа да бағыттар бойынша Израильдің жетекші медициналық орталықтарында 1500-ден астам қазақстандық маманды оқытып, тағылымдамадан өткізді.

Оқыту мен практикалық тағылымдама израильдік жетекші мамандардың басшылығымен өтуде. Оқу процесінде инновациялық компонентке ерекше назар аударылады. Осылайша, қазақстандық дәрігерлер ең заманауи медициналық технологияларға тікелей қол жеткізе алады, сондай-ақ Израиль мамандарымен бірлесіп пациенттерді диагностикалау және емдеу мүмкіндігін алады.

Анықтама: Израильдің «Сомет» Ғылыми-білім беру орталығы 2006 жылы құрылған. Орталықтың негізгі миссиясы – медицина қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыру. Орталық қызмет еткен 15 жыл ішінде бүкіл әлемнен 3000-нан астам дәрігерлер мен медбикелер Израильдің жетекші медициналық орталықтарында оқыту және тағылымдамадан өтті.