
Тель-Авив, 2021 жылғы 6 шілде – Қазақстан Елшісі Сатыбалды Бұршақов Израильдің жаңадан тағайындалған Туризм министрі - Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Израиль бірлескен комиссиясының тең төрағасы Константин Развозовпен кездесті.
Қазақстандық дипломат министрді тағайындалуымен құттықтап, екіжақты қарым-қатынастардың жай-күйі мен даму перспективалары туралы хабардар етті.
Сондай-ақ, С.Бұршақов Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп жатқан әлеуметтік-саяси реформалар мен Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге бағытталған еліміздегі маңызды шаралар туралы айтып берді.
Өз кезегінде, К.Развозов екі ел арасындағы өзара іс-қимылды жандандыруға дайын екенін жеткізді және нақты жобаларды іске асыру үшін бар күш-жігерін салатынына сендірді.
Сонымен қатар, Туризм министрі өзара қызығушылық тудыратын перспективалық бағыттарды талқылау мақсатында Үкіметаралық комиссияның тең төрағасы ретінде Қазақстанға сапармен келуге ниетті екенін хабарлады.
Бұған қоса, сол күні С.Бұршақов Израиль Сыртқы істер министрінің жаңадан тағайындалған орынбасары Идан Роллға ізеттілік сапармен барып, дипломатқа Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары - Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің Израиль Сыртқы істер министрі Яир Лапидке АӨСШК министрлер кездесуіне шақыруын табыс етті. Елші АӨСШК-дегі Қазақстанның төрағалығын қолдағаны және Израиль дипломаттарының АӨСШК комитеттері мен жұмыс топтарының отырыстарына белсенді қатысқаны үшін Израиль СІМ-не алғыс білдірді.