
Тель-Авив, 2021 жылдың 7 маусымы – Қазақстан Елшісі Сатыбалды Бұршақов Израиль Сыртқы істер министрлігінің Бас директорының орынбасары – «MASHAV» Даму саласындағы халықаралық ынтымақтастық агенттігінің басшысы Эйнат Шлейнмен кездесті.
Э.Шлейннің Нұр-Сұлтанға алдағы сапары аясында дипломаттар дамуға ресми көмек (ДРК) саласындағы екіжақты өзара іс-қимылдың келешектерін талқылады.
Елші «KazAID» халықаралық даму агенттігінің қазіргі қызметі, оның мақсаттары, міндеттері мен басымдықтары, сондай-ақ еліміз жүзеге асырған пилоттық жобалар туралы хабардар етті.
Э.Шлейн өз кезегінде Қазақстан ДРК жүйесінің іс жүзіндегі институттандырылуын құптай келе, екіжақты және өңірлік ынтымақтастық шеңберінде KazAID пен MASHAV арасында байланыс орнатудың маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар, кездесуде MASHAV өкілдері Израильде ДРК қызметін ұйымдастырудың жаңа тұжырымдамасы мен оны іске асыру тетіктері туралы презентация өткізді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ДРК саласындағы, оның ішінде тәжірибе және білім алмасу, бірлескен жобаларды іске асыру бойынша өзара іс-қимылды жалғастыруға келісті.