Қазақстан мен Израильдің инновациялық ынтымақтастығы туралы

Қазақстан мен Израильдің инновациялық ынтымақтастығы туралы

Тель-Авив, 2021 жылдың 8 маусымы – Қазақстан Елшісі Сатыбалды Бұршақов Израильдің «Start-up Nation Central» инновациялық компаниясының штаб-пәтерінде болды.

Кездесу барысында жаңа технологиялар саласындағы ынтымақтастықтың келешектері мен екі елдің инновациялық экожүйелерін жақындастыруда Start-up Nation Central атқаратын рөлі талқыланды. Бұл шаралар біздің еліміздегі израильдік жоғары технологиялық кәсіпорындар үшін жаңа іскерлік перспективалар ашуға мүмкіндік береді деп болжанады.

Start-up компаниясының өкілдері «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы мен «Smart City» технологиясын іске асыру шеңберінде инновациялық индустрияны дамытудың негізгі басым бағыттарымен, сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметімен танысты.

Кездесу қорытындысы бойынша бірлескен жобаларды анықтау және өзара сапарлар ұйымдастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Start-Up Nation Central – Израильдік инновацияларды дамытуға және оларды әлемдік нарықтарға ілгерілетуге жәрдемдесетін коммерциялық емес үкіметтік емес ұйым. Start-Up Nation Central негізгі бағыты цифрлық денсаулық сақтау, агроөнеркәсіп кешені, Индустрия, киберқауіпсіздік және финтека секторлары болып табылады.