Кипр іскер топтарына Қазақстанның сауда-экономикалық және инвестициялық әлеуеті таныстырылды

Кипр іскер топтарына Қазақстанның сауда-экономикалық және инвестициялық әлеуеті таныстырылды

19 сәуірде Қазақстанның Израильдегі және Кипрді қоса атқаратын Елшілігі Kazakh Invest ұлттық компаниясымен бірлесе, Кипр – Қазақстан бизнес қауымдастығының көмегімен бизнес-форум өткізді.

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған онлайн іс-шараға бизнестің әртүрлі саласында қызмет ететін кипрлік компаниялар мен сарапшылар қатысты.

Елші Сатыбалды Бұршақов өз сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен соңғы жылдары елімізде жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформаларды қоса алғанда, Қазақстанның мемлекеттік құрылысының негізгі кезеңдеріне тоқталып, оның ішінде дипломат 2021 ж. қаңтарда өткен Мәжіліс депутаттарын сайлаудың қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы жариялаған реформалар пакеті жайлы түсіндіріп өтті. Елші Кипр ратификациялаған Еуропалық Одақ пен Қазақстан арасындағы Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісім елдеріміз арасындағы саяси диалог пен сауда қатынастарын дамытуға ықпал ететіндігін атап өтті.

Қазақстан экономикасындағы топ инвестор елдер тізімінде Кипрдің маңызды позицияда орналасқанын ескере отырып (2020 ж. 444 млн. АҚШ долл. тартылған), кипрлік кәсіпкерлер екіжақты ынтымақтастықтың қолда бар әлеуетін тиімдірек пайдалануға шақырылды.

Кипр-Қазақстан бизнес қауымдастығының төрағасы Костас Маркидес қазақстандық тараптың бастамаларын құптай отырып, Ассоциация Қазақстан мен Кипр арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды дамыту үшін барлық күш-жігерін салатынына сендірді.

Пленарлық сессияда қатысушылар коронавирустан кейінгі кезеңдегі Қазақстанның экономикалық ахуалы мен даму перспективалары, сондай-ақ экспорттық, туристік және инвестициялық әлеуеті туралы кеңейтілген презентациямен танысты. Спикер ретінде ҚР СІМ Инвестиция комитетінің және Kazak Invest, Kazakh Tourism, Qaz Trade компаниялары мен «Астана» халықаралық қаржы орталығының өкілдері сөз сөйледі. Тарихи тұрғыдан әйгілі Жібек жолының бойын мекендеп, Еуропа мен Азияны біріктіретін Қазақстанның ЕАЭО мен «Бір белдеу, бір жол» бастамалары аясында жоғары транзиттік әлеуетке ие екеніне басты назар аударылды.

Қазақстанның Кипрдегі Құрметті Консулы Роман Старикович арнайы шақырылған қонақ ретінде сөз сөйлеп, елімізде бизнес жүргізудің жеке тәжірибесімен, сондай-ақ қазақ халқының қонақжайлылығы туралы әсерімен бөлісті.

Форумға қатысушылар жаһандық пандемияға байланысты шектеу шаралары жуық арада алып тасталынып, екі елдің бизнес құрылымдарына іскерлік белсенділікті қайта қалпына келтіруге мүмкіндік берілетініне үміт білдірді.

 

https://us02web.zoom.us/rec/share/30zhWD3WZ_N2Ed68fjfILUcXNJ4EXcVZ7b7NjBCciTq8mDSCfp9OYYeaXoFsKgXW.BWbLr-CSmOKOgAFk

Код : %AceV0$u