
Қазақстан Елшісі Сатыбалды Бұршақов Израильдің Ауыл шаруашылығы министрі Алон Шустермен кездесті.
Әңгіме барысында ауыл шаруашылығы саласындағы Қазақстан мен Израиль ынтымақтастығын одан әрі дамытудың жай-күйі мен басым бағыттары талқыланды.
Дипломат Израиль министріне біздің елдегі агроөнеркәсіптік кешенді дамыту тұжырымдамасы туралы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауының негізгі ережелері туралы айтты.
Кездесу барысында тараптар жер және су ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыру, сату нарықтарының қол жетімділігі, сондай-ақ экспорт пен аграрлық ғылымды дамыту, технологиялар трансферті туралы пікір алмасты.
А. Шустер израильдік ауылшаруашылық тәжірибесін мазмұнды зерделеу және бірлескен жобаларды талқылау үшін Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровты Израильге сапармен келуге шақырды.
Сонымен қатар, Израильдің ауылшаруашылық білім беру саласындағы және ғылыми зерттеулер мүмкіндіктерімен танысу аясында С. Бұршақов Ришон-ле-Цион қаласындағы құрамына жеті институт кіретін (инжиниринг, мал шаруашылығы, дала дақылдары, бау-бақша өсіру, өсімдіктерді қорғау, топырақтану және гидрология, ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу және сақтау технологиясы) Волкани атындағы зерттеу орталығында болды.
Елшінің Реховот қаласындағы Еврей университетінің Ауыл шаруашылық институтына сапары кезінде аграрлық ғылыммен айналысатын жас ғалымдардың біліктілігін арттыру мүмкіндігі туралы мәселе талқыланды.