GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Елшілік туралы
Консулдық мәселелер
Байланыс ақпарат
Екіжақты ынтымақтастық
Все материалы
29 июня 2026
Қазақстан мен Иран Шахид-Раджаи портында қазақстандық көлік-логистикалық терминал салу туралы BOT-келісіміне қол қойды

Тегеран, 2026 жылғы 28 маусым – Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын іске асыру аясында 2026 жылғы 28 маусымда Иран Ислам Республикасы Порттар және теңіз қатынасы ұйымында Бендер-Аббас қаласындағы Шахид-Раджаи портында қазақстандық көлік-логистикалық терминал салу үшін жер учаскесін беру туралы BOT-келісіміне (Build-Operate-Transfer – салу, пайдалану және кейіннен беру) салтанатты түрде қол қою рәсімі өтті.

Қазақстан тарапынан құжатқа Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ жанындағы QazExportPromotion корпоративтік қорының бас директоры Аман Малғаждаров қол қойды. Иран тарапынан келісімге Хормозган провинциясының Порттар және теңіз қатынасы ұйымының басшысы, «Шахид-Раджаи порты» арнайы экономикалық аймағының жетекшісі Хоссейн Аббас Нежад қол қойды.

Қол қою рәсіміне Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Оңталап Оңалбаев, Иран Ислам Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Жолдар және қала құрылысы министрлігінің өкілдері, сондай-ақ іскер топтар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Келісім 27 жыл мерзімге жасалды. Оның ішінде алғашқы екі жыл терминалды салуға, кейінгі 25 жыл нысанды пайдалануға арналған. Терминалды коммерциялық пайдалануға беру жобаны іске асырудың үшінші жылына жоспарланған.

Жобаны іске асыру Қазақстан мен Иран арасындағы көлік-логистикалық ынтымақтастықты дамытудың маңызды кезеңіне айналады. Иранның ең ірі теңіз портында қазақстандық терминалдың салынуы «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің транзиттік әлеуетін нығайтуға, логистикалық бағыттардың тұрақтылығын арттыруға, сондай-ақ қазақстандық өнімнің Парсы шығанағы елдері, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия, сондай-ақ Шығыс Африка нарықтарына тиімді шығуын қамтамасыз ету арқылы экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Салтанатты рәсім барысында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Оңталап Оңалбаев аталған жобаның Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың заманауи көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға, халықаралық көлік бағыттарын әртараптандыруға және Қазақстанның Еуразиядағы жетекші логистикалық хабтардың бірі ретіндегі ұстанымын нығайтуға бағытталған саясатының нақты көрінісі екенін атап өтті. Оның айтуынша, терминалдың салынуы Қазақстан мен Иран арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың одан әрі кеңеюіне елеулі үлес қосады.

Өз кезегінде Иран Ислам Республикасы Порттар және теңіз қатынасы ұйымының басшысы Мохаммад Шакибинсаб қазақстандық тарапты келісімге қол қойылуымен құттықтап, жобаның екі мемлекет үшін стратегиялық маңызын атап өтті. Ол Шахид-Раджаи портында қазақстандық терминалдың салынуы көлік-логистикалық өзара іс-қимылды дамытуға қосымша серпін беріп, Қазақстан мен Иран арасындағы ынтымақтастықты сапалы жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.

Сапар бағдарламасы аясында қазақстандық делегация Шахид-Раджаи портына барып, порттың және логистикалық инфрақұрылымның нысандарымен, сондай-ақ қазақстандық көлік-логистикалық терминалды салу жобасын іске асыруға дайындық барысымен танысады.

19 мая 2026
Қазақстан Иранға гуманитарлық көмек жеткізді

 2026 жылғы 16 мамыр – Қазақстан Республикасы Президенті  Қасым-Жомарт Тоқаевтің Иран халқына гуманитарлық қолдау көрсету жөнінде берген тапсырмасына сәйкес KazAID қазақстандық халықаралық даму агенттігі ҚР СІМ, ТЖМ, ДМ бірлесе отырып Иран Ислам Республикасына арналған гуманитарлық көмекті жеткізді.

 «Серахс» теміржол бекетінде гуманитарлық жүкті Иранның Қызыл Жарты Ай қоғамына тапсыру рәсімі өтті.

Іс-шараға Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Оңталап Оңалбаев, Иран Қызыл Жарты Ай қоғамының өкілдері, сондай-ақ Иран Ислам Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Хорасан-е Разави провинциясындағы (Мешхед қ.) өкілдігінің басшысы Ғоламаббас Арбаб Халес қатысты.

Гуманитарлық жүк құрамына  ет консервілері, қант, бірінші сортты ұн, медициналық бұйымдар мен дәрілік заттар кірді. Қазақстан тарапынан жіберілген гуманитарлық көмек Иран халқына қолдау көрсетуге және әлеуметтік маңызы бар қажеттіліктерді қамтамасыз етуге бағытталған.

Қазақстан Елшісі Оңталап Оңалбаев Иран Қазақстанның Таяу Шығыс пен ислам әлеміндегі маңызды саяси, сауда-экономикалық және гуманитарлық серіктестерінің бірі болып табылатынын атап өтті.

«Достар қиын қыстау кезеңде сыналады. Қазақстан түрлі кезеңдерде Иран халқына қолдау көрсетіп келеді», – деп атап өтті Елші.

Өз кезегінде Иран Қызыл Жарты Ай қоғамының өкілі Қазақстан тарапына көрсетілген гуманитарлық көмек үшін ризашылығын білдіріп, бұл қадам екі ел арасындағы екіжақты қатынастарды және өзара қолдауды одан әрі нығайтуға ықпал ететінін жеткізді.

30 вагон гуманитарлық жүк Тегеран қаласына жеткізіліп, тиісті мекемелер арасында бөлінді.

28 февраля 2026
Маңызды хабарландыру

 

Таяу Шығыс өңіріндегі геосаяси ахуалдың күрт шиеленісуіне байланысты Иран аумағында уақытша немесе тұрақты негізде жүрген Қазақстан Республикасының азаматтарына жеке қауіпсіздік шараларын барынша күшейту қажеттігі ескертіледі.

Осыған байланысты отандастарымыздан төмендегі ұсынымдарды қатаң сақтауды сұраймыз:

  • адам көп жиналатын орындарға барудан және бұқаралық іс-шараларға қатысудан бас тарту;
  • жергілікті билік органдары мен ресми ақпарат көздерінің хабарламаларын тұрақты түрде қадағалау;
  • қажетсіз сапарларды шектеу;
  • жеке құжаттарды әрдайым өзіңізбен бірге алып жүру;
  • туындауы мүмкін төтенше жағдайларға дайын болу;
  • Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдіктерімен тұрақты байланыста болу.

Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы Елшілігі Иран аумағында жүрген Қазақстан азаматтары үшін тәулік бойы жұмыс істейтін жедел байланыс желілерін іске қосты.

 

Қазақстан Республикасының Тегеран қаласындағы Елшілігі:

  • Елшіліктің кезекші телефоны: +98 21 2256 5933
  • Мобильді телефон / WhatsApp: +98 936 208 4672

 

Қазақстан Республикасының Горган қаласындағы Бас консулдығы:

  • +98 912 298 0350 (ұялы телефон);
  • +98 173 252 0443 (жұмыс телефоны);
  • +7 701 771 34 01 (WhatsApp).

 

Қазақстан Республикасының Бендер-Аббас қаласындағы Консулдығы:

  • +98 930 298 57 03 (ұялы телефон, WhatsApp).

 

Аталған байланыс арналары арқылы азаматтар консулдық көмекке жүгініп, өздерінің орналасқан жері мен жағдайы туралы хабарлай алады.

 

Өз қауіпсіздігіңізге жауапкершілікпен қарап, сабыр сақтауға және тек ресми дереккөздерге сүйенуге шақырамыз.

 

Сондай-ақ Иран Ислам Республикасының әуе кеңістігінің жабылуына және әуе қатынасының уақытша тоқтатылуына байланысты Иран аумағынан шығу мәселесін Иран–Әзербайжан, Иран–Армения, Иран–Түркия және Иран–Түрікменстан арасындағы құрлық шекаралары арқылы пысықтау мақсатында жоғарыда көрсетілген Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдіктерімен байланысқа шығуларыңызды сұраймыз.

 

26 февраля 2026
Тегеранда Қазақстандағы конституциялық реформалар мен екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды

Тегеран, 2026 жылғы 25 ақпан – Қазақстанның Ирандағы Елшісі Оңталап Оңалбаев Иран Ислам Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары – ИИР СІМ Саяси және халықаралық зерттеу орталығының басшысы Саеид Хатибзадемен кездесті.

Кездесу барысында тараптар Иран Президенті Масуд Пезешкианның 2025 жылғы 10-11 желтоқсанда Астана қаласына жасаған ресми сапары аясында мемлекеттер басшылары қол жеткізген уағдаластықтарды іске асыру барысын талқылады. Атап айтқанда, тарихи құжаттар мен қолжазбалар көрмесін ұйымдастыру мәселесіне ерекше назар аударылды.

Қазақстандық дипломат сұхбаттасын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 15 наурызға жаңа Конституцияны қабылдау жөнінде республикалық референдум белгілеу туралы шешімі жөнінде хабардар етті. Жаңа Конституция жобасының негізгі ережелері таныстырылып, конституциялық реформаның елдің саяси жүйесін одан әрі жаңғыртуға, мемлекеттік басқару тиімділігін арттыруға және демократиялық институттарды нығайтуға бағытталғаны атап өтілді.

Өз кезегінде Иран Ислам Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары – ИИР СІМ Саяси және халықаралық зерттеу орталығының басшысы Саеид Хатибзаде Қазақстанда Президент Қ.К.Тоқаевтың басшылығымен табысты жүзеге асырылып жатқан саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени реформаларды елдің орнықты әрі серпінді дамуын қамтамасыз ететін маңызды үдеріс ретінде жоғары бағалайтынын атап өтті.

Сонымен қатар, ол Қазақстан қоғамында жүргізіліп жатқан ауқымды әрі мазмұнды өзгерістердің екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге және Қазақстан–Иран серіктестігін жаңа деңгейге көтеруге тың серпін беретініне сенім білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша тығыз өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екендіктерін растады.

23 декабря 2025
Иранда Қазақстанның мәдени кеші өтті

Тегеран, 2025 жылғы 22 желтоқсан – Тегеран қаласындағы «Ниаваран» тарихи-мәдени кешенінде Қазақстан–Иран мәдени кеші өтті.

Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы Елшілігі ұйымдастырған іс-шараға Иран Ислам Республикасының Мәдени мұра, туризм және қолөнер министрі Сейдреза Салехи Амири, ИИР Мәдениет және исламдық бағдар министрлігі мен Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, Тегеранда аккредиттелген шет мемлекеттердің елшілері, халықаралық ұйымдар басшылары, мәдениет және зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Іс-шараның ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі О. Оңалбаев сөз сөйлеп, Қазақстан мен Иран арасындағы тарихи және мәдени байланыстардың терең тамыры бар екенін атап өтті. Ол екі елдің Батыс пен Шығысты жалғаған маңызды өркениеттік көпір ретіндегі рөліне тоқталып, Ұлы Жібек жолы дәуірінде Ұлы Қазақ даласы мен Иранның ежелгі өркениеті арасында сауда, ғылым және әдебиет салаларында тұрақты қарым-қатынас орнағанын атап көрсетті.

Елші қазіргі кезеңде Қазақстанның экономикасы қарқынды дамып келе жатқан, халықаралық аренада беделі жоғары мемлекет екенін атап өтіп, Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен елде саяси, экономикалық және мәдени реформалар табысты жүзеге асырылып жатқанын айтты.

Сонымен қатар, Қазақстанның сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі – Иран Ислам Республикасымен тату көршілік және достық қарым-қатынастарды дамыту екені атап өтіліп, Иран Қазақстанның Таяу және Орта Шығыс өңіріндегі, сондай-ақ ислам әлеміндегі маңызды саяси және экономикалық әріптестерінің бірі екені көрсетілді.

Елші өз сөзінде 2025 жылғы 10–11 желтоқсан аралығында Иран Ислам Республикасының Президенті Масуд Пезешкианның Қазақстан Республикасына жасаған алғашқы ресми сапарының жоғары деңгейде өткенін және сапар қорытындысы бойынша бірқатар маңызды екіжақты құжаттарға қол қойылғанын хабарлады.

Өз кезегінде, Иран Ислам Республикасының Мәдени мұра, туризм және қолөнер министрі Сейдреза Салехи Амири екі ел арасындағы мәдениет және мәдени мұра салаларындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, Тегеран қаласында Қазақстанның мәдени кешін өткізу тарихи байланыстарды жаңа мазмұнда жандандыруға мүмкіндік беретінін жеткізді.

Министр ортақ өркениет пен мәдени мұра халықтарды жақындастыра түсетінін атап өтіп, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан осы құндылықтарды сақтау мен мәдениет пен өнер әлеуетін халықтар арасындағы өзара түсіністік пен байланысты нығайту мақсатында тиімді пайдаланудың маңыздылығына тоқталды. Ол екі елдің шығармашылық ұжымдары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қолдау білдіріп, аталған іс-шара мәдениет, мәдени мұра және туризм салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге серпін беретініне сенім білдірді.

Мәдени кеш Маңғыстау облысының «Серпер» домбырашылар ансамблінің өнер көрсетуімен жалғасты. Ансамбль қазақтың халық күйлерін жоғары кәсіби деңгейде орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Іс-шара аясында қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылып, Қазақстанның салт-дәстүрі, тарихы, мәдениеті мен табиғатына арналған көрме ұйымдастырылды.

16 сентября 2025
Президенттің Қазақстан халқына жолдауындағы негізгі бастамалары Тегеранда талқыланды

Тегеран, 15 сентября 2025 года  – В Посольстве Казахстана в Иране состоялся круглый стол, посвященный Посланию Президента Республики Казахстан Касым-Жомарта Токаева народу Казахстана.

В мероприятии приняли участие представители иранской экспертной ассоциации и журналисты местных СМИ.

Посол Казахстана в Иране Онталап Оналбаев затронул основные направления Послания Главы государства «Казахстан в эпоху искусственного интеллекта: актуальные вызовы и пути их решения посредством цифровой трансформации» и предоставил участникам исчерпывающую информацию о реализуемых в стране политических, экономических и социальных реформах.

Особое внимание участники уделили таким приоритетам, как переход к однопалатному Парламенту, создание отдельного министерства по искусственному интеллекту и цифровому развитию, диверсификация экономики, строительство атомных электростанций, развитие транспортно-логистической инфраструктуры и поддержка социальной сферы.

Казахский дипломат отметил, что реализация важных задач, поднятых в Послании, откроет широкие возможности для иностранных инвесторов. Он призвал иранских предпринимателей активизировать двустороннее сотрудничество путем реализации совместных проектов в нашей стране. Это позволит в полной мере и эффективно задействовать потенциал взаимодействия в приоритетных для обеих стран отраслях – прежде всего, в сфере транспорта, логистики и продовольственной безопасности.

Участники круглого стола выразили большой интерес к происходящим в Казахстане переменам и отметили актуальность вопросов, поднятых в Послании Президента.

По мнению иранских экспертов, своевременная реализация инициатив и реформ, обозначенных в вышеуказанном документе, придаст новый импульс устойчивому и динамичному развитию Казахстана.

Они выразили уверенность в успешной реализации конкретных задач, поставленных в нем, подчеркнув системный и комплексный характер Послания.

22 мая 2025
Астана мен Тегеран мәдени ынтымақтастықты тереңдетуге қызығушылық білдіруде

Тегеран, 2025 жылғы 21 мамыр – Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы Елшісі Оңталап Оңалбаев Иран Ислам Республикасы Мәдениет және исламдық бағдар министрі Сейд Аббас Салехи Шариатимен кездесті.

Кездесуде тараптар екі елдің мәдени байланысының қазіргі ахуалы, өзара мәдени ынтымақтастықты нығайту, бірлескен мәдени іс-шаралар ұйымдастыру, мәдениет саласында көпжақты байланысты одан әрі жандандыру, мәдениет пен кино салаларында бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.

  Елші Қазақстан мен Иранның бірнеше мыңжылдық ортақ тарихы мен мәдениетіне назар аударып, екі ел қарым-қатынасында мәдени ынтымақтастық ерекше маңызды рөл ойнайтынын мәлімдеді. 

  Қазақстан Елшісі екі елдің мәдениет саласындағы мол әлеуетін ұтымды қолданудың маңызына сілтеме жасап, ү.ж. 9-11 сәуір аралығындағы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі өкілдерінің Тегеранға сапары нәтижелі болғанын жеткізді және осы сапар барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асырудың өзектілігін атап өтті.

 Сонымен қатар, О.Оңалбаев Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Иран Ислам Республикасы Мәдениет және исламдық бағдар министрлігі арасындағы 2025-2028 жылдарға арналған мәдени алмасу бағдарламасына қол қою екі елдің мәдени байланысын жандандыруға елеулі үлес қосатынын жеткізді.

Бұдан бөлек,  2025 жылғы маусым айында Астана қаласында өтетін Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық бірлескен комиссияның кезекті 20-шы отырысы жұмысына ИИР Мәдениет және исламдық бағдар министрлігі белсене қатысады деп сенім білдірді.

 Өз кезегінде, ИИР Мәдениет және исламдық бағдар министрі С.А. Салехи Шариати достас әрі көрші Қазақстанмен өзара мәдени ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға қызығушылық білдіріп, мәдениет саласындағы өзара қарым-қатынастарды жаңа сатыға көтерудің маңыздылығын атап өтті.

          Ол екі елдің мәдени байланысы деңгейіне оң баға беріп, тараптар арасында 2025-2028 жылдарға арналған мәдени алмасу бағдарламасына қол қою мәдениет саласындағы ынтымақтастықты жандандыруға серпін береді деп күтілетінін жеткізді.

          Ирандық министр екі елдің мәдени қарым-қатынасы екіжақты байланыспен шектелмейтінін айтып, соңғы жылдары мәдениет саласында көпжақты ынтымақтастықтың қанат жайып отырғанына ризашылық білдірді және көпжақты ынтымақтастықтың бір үлгісі ретінде екі елдің ЮНЕСКО аясындағы тығыз әріптестігіне назар аударды.

07 апреля 2025
Қазақстан мен Иран туризм саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға қызығушылық танытуда

Тегеран, 2025 жылғы 5 сәуір – Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы Елшісі Оңталап Оңалбаев Иран Ислам Республикасы Мәдени мұра, туризм және қолөнер министрі
Сейд Реза Салехи Амиримен кездесті.

Кездесуде тараптар екі елдің мәдени мұра, туризм және қолөнер салаларындағы байланысын нығайту, соның ішінде туристер ағымын ұлғайту, мәдени мұралар мен қолөнер шеберлерінің өзара көрмелерін ұйымдастыру мәселелерін талқылады.

Сонымен қатар,   әңгімелесу барысында ЮНЕСКО шеңберіндегі көпжақты ынтымақтастықты дамыту, екі елдің мәдени мұраларды сақтау мен қорғау бағытындағы бастамаларына өзара қолдау көрсету және т.б. өзекті тақырыптар сөз болды.

Өз кезегінде, Қазақстан Елшісі иран тарапын еліміздің туризм саласындағы мол әлеуеті және осы бағыттағы атқарылып жатқан кешенді шаралармен таныстырды.

Сеид Реза Салехи Амири Қазақстанның  экономкалық жетістіктері мен туристік әлеуетін жоғары бағалап, екі елдің арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға әзір екенін мәлімдеді.

Сондай-ақ, ирандық министр туризм саласындағы байланысты  жандандыру үшін туризм саласында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюдың маңыздылығын атап өтті.

Ол өзі жетекшілік ететін Министрліктің 2025 жылдың бірінші жартысында Астана қаласында өткізу жоспарланған ҚР мен ИИР арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық бірлескен комиссияның кезекті 20-шы отырысына белсене қатысатынын және осы іс-шара екі елдің туризм саласындағы байланысының дамуына тың серпін беретінін атап өтті.

25 февраля 2025
Тегеранда ЭЫҰ Өңірлік жоспарлау кеңесінің 35-отырысы басталды

Тегеран, 2025 жылғы 25 ақпан – Кеше Тегеранда Экономикалық ынтымақтастық ұйымының (ЭЫҰ) Өңірлік жоспарлау кеңесінің (ӨЖК) 35-отырысы өз жұмысын бастады. Отырысқа Әзербайжан, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түркия, Түрікменстан және Өзбекстан сынды ЭЫҰ-ға мүше мемлекеттердің жоғары деңгейдегі делегациялары қатысты. 24-27 ақпан 2025 жыл аралығында өтетін төрт күндік отырыста ЭЫҰ жобалары мен бағдарламаларының жүзеге асырылу барысы қаралып, ұйымның алдағы жылға арналған жоспары талқыланады.

2025 жылы ЭЫҰ-ға төрағалық етуші ел ретінде Қазақстан жиынды салтанатты түрде ашты. Қазақстан Республикасының ЭЫҰ жанындағы Тұрақты өкілі, Қазақстан Республикасының Ирандағы Елшісі О.Оналбаев отырысты басқарды. Өзінің кіріспе сөзінде О.Оналбаев Қазақстанның ЭЫҰ аясындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға бейілділігін растады және ұйымның экономикалық өсім, сауда және орнықты даму саласындағы маңызды рөлін атап өтті.

Қазақстанның ЭЫҰ төрағасы ретіндегі басымдықтары ретінде өңірлік сауда мен көліктік байланыстарды дамыту, энергетикалық серіктестікті кеңейту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экономикалық бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін цифрлық трансформацияны ілгерілету мәселелері ерекше атап өтілді.

Отырыс барысында ЭЫҰ-ның әртүрлі бағыттары бойынша пікірталастар жалғасып, болашақ ынтымақтастық пен жобаларды жүзеге асыру мәселелері қарастырылады. ӨЖК-нің 35-отырысы 2025 жылғы 27 ақпанда өз жұмысын аяқтап, оның қорытындысы бойынша негізгі ұсынымдар, Іс-шаралар күнтізбесі, Жұмыс бағдарламасы және 2025 жылға арналған Жұмыс жоспары қабылданады, бұл құжаттар ұйымның алдағы жылғы қызметіне бағыт береді.

25 февраля 2025
«PetroNegarof Persia» компаниясының басшылығымен кездесу туралы

2025 жылғы 24 ақпанда Қазақстанның Ирандағы Елшісі О.Оңалбаев ядролық медицина және диагностикалық жабдықтар шығару саласындағы жетекші ирандық компаниялардың бірі – «PetroNegarof Persia» (PNP) Бас директорының орынбасары, құрылтайшылардың бірі және Техникалық менеджері Мохаммад Хоссейн Фарахани және Техникалық менеджердің орынбасары Бехнуш Теймурианмен нәтижелі кездесу өткізді.

Сондай-ақ өндіріс орнымен және компания өнімдерімен танысты.
Кездесу барысында ирандық тараппен екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелері, соның ішінде компанияның заманауи технологиялық өнімдері мен медициналық диагностикалық жабдықтарын өндіру бойынша Қазақстанда бірлескен жобаны іске асыру талқыланды.

Социальные сети
• Facebook
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары