
2009 жылғы 18 маусымда Семей ядролық полигонындағы сынақтардың тоқтатылуының 20 жылдығына арналған салтанатты іс-шарада, сондай-ақ 2009 жылғы 1 шілдеде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІІІ съезінің ашылуында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев 29 тамызды Ядролық қарудан бас тартудың дүниежүзілік күні деп жариялау туралы бастама көтерді.
1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін, Қазақстан Кеңес Одағынан мұраға қалған әлемдегі төртінші ядролық қару-жарақ арсеналынан бас тартты және 1991 жылғы 29 тамызда ең ірі Семей ядролық полигонын жапқаны таратпау режимін нығайтуға қосқан елеулі үлесі болды.
Келісу жұмыстарының ұзақ үдерісінің нәтижесінде «Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күн» қарарының жобасы БҰҰ-ның Бірінші комитетіне ұсынылды. Қарарды 26 мемлекет қолдады.
2009 жылғы 2 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясының 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялау туралы қарары қабылданды, оған сәйкес жыл сайын әлемге ядролық сынақтардың ауыр салдарын еске түсіру және болашақта олардың қайта басталуына жол бермеу үшін шаралар өткізіледі. Бұл, халықаралық қауымдастықтың Семей полигонының ресми жабылу күні - 29 тамыздың маңыздылығын мойындауы болып табылады, мұның тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл адамзат үшін тарихи маңызы бар.
Қарар барлық мүше мемлекеттерді, БҰҰ жүйесін, азаматтық қоғамды, ғылыми қоғамдастықтарды, бұқаралық ақпарат құралдарын және жеке тұлғаларды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күнін, ақпараттандырудың барлық элементтерін қолдана отырып, тиісті түрде атап өтуге шақырады.
Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күн алғаш рет 2010 жылы енгізілді. Содан бері бұл күн жыл сайын бүкіл әлемде түрлі іс-шаралармен, соның ішінде симпозиумдармен, конференциялармен, көрмелермен, конкурстармен, жарияланымдармен, академиялық мекемелердегі дәрістермен, жаңалықтар таратылымдарымен және басқа да шаралармен атап өтіліп келеді. БҰҰ жыл сайын бұл күнді атап өтуге арналған іс-шараларды өткізеді.
2010 жылғы 26 тамызда Астана қаласында Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымының (ЯСЖТШҰ) Дайындық комиссиясының атқарушы хатшысы Т.Тоттың, МАГАТЭ басшылығының және басқа да халықаралық ұйымдардың қатысуымен осы халықаралық күнге арналған конференция өтті. Нәтижесінде, конференцияға қатысушылар Үндеу қабылдады, онда Қазақстанның ядролық қаруға иелік етуінен бас тарту және әлемдегі ірі ядролық сынақ полигондарының бірін жабу туралы тарихи шешімдер қабылдаған ҚР Президенті Н.Назарбаевтың ядролық қарусыздану мен таратпаудың жаһандық үдерісіне қосқан тарихи зор үлесі атап өтілді. Сондай-ақ, Үндеу ЯСЖТШ-ны мерзімінен бұрын күшіне енгізуге шақырады.
12-13 қазан 2011 ж. Астана мен Семейде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен Семей ядролық полигонының жабылуының 20 жылдығына арналған «Ядролық қарусыз әлем үшін» халықаралық форумы өтті.
Форумға МАГАТЭ-нің Бас директоры Ю.Амано, Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу жөніндегі ұйымның Дайындық комиссиясының атқарушы хатшысы Т.Тот, ШЫҰ Бас хатшысы М.Иманалиев, АҚШ Энергетика министрінің бірінші орынбасары Д.Понеман, Оңтүстік Африка Республикасының бұрынғы президенті, Нобель сыйлығының лауреаты Ф .дө Клерк, АҚШ конгрессмені Э.Фалеомаваега, Нагасаки қаласының мэрі Т.Тауэ, басқа да халықаралық ұйымдардың басшылары мен өкілдері, Франция, Ұлыбритания, Норвегия, Жапония парламенттерінің өкілдері, аккредиттелген дипломатиялық миссиялардың басшылары, ғылыми және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Нәтижесінде конференцияға қатысушылар 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялау ядролық қарусыздану мен таратпау мақсаттарына, бүкіл әлемде ядролық сынақтарға тыйым салуға және ядролық қарусыз әлемге қол жеткізуге ықпал ететіндігін мойындап, Астана декларациясын қабылдады.
2012 ж. 27-29 тамызда Астана, Семей және Курчатов қалаларында Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күн мен Семей ядролық полигонының жабылуының 21 жылдығына орайластырылған «Ядролық сынақтарға тыйым салудан - ядролық қарудан азат әлемге» атты халықаралық конференция өтті.
Конференция жұмысына әлемнің 46 елінен келген парламенттердің басшылары мен орынбасарлары, оның ішінде парламенттің 3 төрағасы, парламент төрағаларының 4 орынбасары, бірқатар комитеттер төрағалары, олардың орынбасарлары, сондай-ақ парламент мүшелері қатысты. Сонымен қатар, конференцияға халықаралық ұйымдардың жоғары дәрежелі өкілдері, саясаткерлер, белгілі сарапшылар мен ғалымдар, үкіметтер, халықаралық және отандық ҮЕҰ және БАҚ өкілдері қатысып отырды.
Конференцияның мінберінен Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев «АТОМ» халықаралық жобасының (Abolish Testing: Our Mission) басталғандығын жариялады, әлемнің үкіметтерін ядролық сынақтардан біржола бас тартуға үндеген электронды петицияға қол қойып, конференция қатысушыларын және әлемдегі барлық ізгі ниетті адамдарды «АТОМ» жобасын қолдауға шақырды. Мемлекет басшысы тағы да Ядролық қарусыз әлемнің жалпыға ортақ декларациясын тезірек әзірлеуге және қабылдауға үндеді.
«ATOM» жобасының мақсаты - бүкіл әлемдегі адамдарды ядролық қаруды сынауды түпкілікті тоқтатуға және, сайып келгенде, ядролық қарудан арылтуға күреске шақыру арқылы нақты, тұрақты өзгеріске қол жеткізу.
Жоба аясында әлемде ядролық қаруға қарсы кез-келген адам ядролық сынақтарды тоқтата тұруға, Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың мерзімінен бұрын күшіне енуіне шақыратын бүкіл әлемдегі үкіметтерге онлайн-петицияға қол қоя алады және осылайша ядролық қауіпсіз әлем құруға маңызды қадам жасай алады..
Бұл бастама жарияланғаннан бері Жобаның тұсаукесері бүкіл әлемде өтті, оның аясында Семей полигонында ядролық сынақтардың құрбаны болған атақты суретші, АТОМ жобасының құрметті елшісі Кәріпбек Күйіков суреттерінің көрмелері ұйымдастырылды.
«ATOM» жобасының тұсаукесері Гаагадағы Химиялық қаруға тыйым салу ұйымында (OPCW); Женевадағы БҰҰ-ның Еуропадағы кеңсесінің штабында; АҚШ Сенатында және Вашингтондағы зерттеу орталықтарында; Венадағы Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы ұйымның штаб-пәтерінде, Жапонияда (Токио, Хиросима, Нагасаки), Мәскеудегі «Аргументы и факты» газетінің баспасында; Берлиндегі Конрад Аденауэр қорында, сондай-ақ Нью-Йорктегі БҰҰ Бас ассамблеясының арнайы сессиясында, Норвегияда (Осло), Мексикада (Наярите) және Ұлыбританиядағы (Лондон, Эдинбург) ядролық сынақтардың гуманитарлық салдары туралы халықаралық конференциялар аясында өтті.
БҰҰ-ның штаб-пәтерінде Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күніне арналған 2013 жылғы ең үлкен оқиға 5 қыркүйекте өтті. БҰҰ Бас ассамблеясының арнайы отырысына БҰҰ Бас ассамблеясының 67-ші сессиясының Президенті Вук Джеремич, Қарусыздану мәселелері жөніндегі Жоғарғы өкілі Ангела Кейн, МАГАТЭ Бас директорының өкілі Джеффри Шоу, ЯСЖТШҰ Атқарушы хатшысы Ласина Зербо, Аустрияның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілінің орынбасары Андреас Риекен, Әлемдік ядролық соғыстың алдын-алу жөніндегі дәрігерлер азаматтық қоғамының өкілі Эндрю Кантер және Перудің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Энрике Роман-Морей қатысты. БҰҰ Бас ассамблеясының Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күніне арналған арнайы отырысында Қазақстан атынан ҚР Төтенше жағдайлар министрі В.Божко сөз сөйледі.
2015 жылы Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні 10 қыркүйекте БҰҰ штаб-пәтерінде Бас ассамблеяның төрағасы Джон Эш шақырған Қамқоршылық Кеңесінің залында бейресми кездесу форматында, Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты Өкілдігімен ынтымақтастықта құрылған жоғары деңгейдегі топтың қатысуымен өтті.
Ашылу салтанаты «Нөлге қарай жол: Біріккен Ұлттар Ұйымының ядролық қарусыздану мен таратпаудағы рөлі» тақырыбындағы жоғары деңгейлі комиссияның баяндамаларымен жалғасты. БҰҰ-ның Қарусыздану мәселелері жөніндегі жоғарғы өкілі Ангела Кейн, Филиппиннің БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Либран Кабактулан, БҰҰ жанындағы Канаданың тұрақты өкілі Гильермо Рищински және Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің БҰҰ жанындағы Бас директорының өкілі Джеффри Шоу баяндамалар жасады.
Отырысқа қатысушылар ядролық қарусыздану және таратпау саласындағы одан әрі ілгерілеу шаралары сияқты маңызды мәселелерді қозғады.
2016 жылғы 29 тамызда Нұр-Сұлтан қаласында Ядролық қаруға қарсы жаһандық қозғалысты жандандыру аясында белгілі ядролық қаруды таратпау және қарусыздану жөніндегі Парламентарийлермен бірге (PNND) Семей ядролық сынақ алаңының жабылуының 25 жылдығына арналған «Ядролық қарусыз әлем құру» атты халықаралық конференция өтті.
Әлемнің жетекші парламентшілерін, халықаралық ұйымдардың жетекшілерін, мэрлерді, діни лидерлерді, үкімет өкілдері мен ядролық қарусыздану саласындағы сарапшыларды біріктірген конференция кең ауқымдылығымен, қатысушылардың сапасы мен жемісті жұмысымен ерекшеленді.
Конференцияға 50-ден астам елдің өкілдері қатысты. Конференция нәтижесінде «Астананың көрінісі: радиоактивті тұманнан ядролық қарусыз әлемге» атты қорытынды құжат қабылданды.
2017 жылғы 29 тамызда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев пен МАГАТЭ Бас директоры Ю.Аманоның қатысуымен Үлбі металлургия зауытында МАГАТЭ-нің төмен байытылған уран банкі ғимаратының салтанатты ашылуы болды. Банктің орналасқан жерін ұсына отырып, Қазақстан жаппай қырып-жоятын қаруды таратпауды күшейтуге және МАГАТЭ-ге мүше мемлекеттерге төмен байытылған уранды кепілді түрде жеткізудің мүлдем жаңа тетігін жасауға өзінің келесі үлесін қосты.
2018 жылғы 29 тамызда Астана қаласында Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымының (ЯСЖТШҰ) «Өткенді еске алу, болашаққа көзқарас» халықаралық конференциясы өтті. Іс-шараға ЯСЖТШҰ атақты тұлғалар тобының мүшелері - белгілі халықаралық қайраткерлер мен Шарттың күшіне енуін қолдайтын белсенділер, сонымен қатар ЯСЖТШҰ жастар тобы - әр түрлі елдердің жас мамандары мен студенттері қатысты.
2019 жылы 29 тамызға арналған бірқатар іс-шаралар өтті.
Мәселен, 2019 жылғы 29 тамызда Нұр-Сұлтан қаласында «Ядролық қарусыз әлем үшін және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығын» салтанатты түрде тапсыру рәсімі өтті. Сол жылғы лауреаттар Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымының атқарушы хатшысы Лассина Зербо және Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) бас директоры марқұм Юкия Амано болды.
Рәсімге Ю.Амано отбасының өкілдері - Юкика Аманоның жесірі және ағасы Елші Мари Амано, сондай-ақ басқа да құрметті қонақтар - МАГАТЭ Бас директорының орынбасары Мэри Элис Хэйворд, Италияның бұрынғы Сыртқы істер министрі Франко Фраттини, OPCW бұрынғы бас директоры Ахмет Узумчу, БҰҰ-ның экс-бас хатшысының экономика және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Ша Цуканг, NTI вице-президенті, Ұлыбританияның экс-Қорғаныс министрі Десмонд Браун, Халықаралық бейбітшілік бюросының тең төрағасы Райнер Браун, халықаралық сарапшы Тарик Рауф қатысты.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің бастамасы бойынша БҰҰ Бас хатшысы А. Гутерриш марапаттау рәсіміне қатысушыларға бейне жолдау арнады, онда ол ядролық қарудан азат әлем, оның ішінде ядролық сынақтарға тыйым Біріккен Ұлттар Ұйымының қарусыздану саласындағы маңызды басымдығы болып қала беретінін атап өтті. Осыған байланысты БҰҰ Бас хатшысы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа осы іске адалдығы үшін және осы марапатты тағайындағаны үшін алғыс айтты.
Бұдан бөлек, ядролық қарусыз аймақтардың құрамына кіретін барлық мемлекеттердің күш-жігерін біріктіру бастамасы аясында 2019 жылғы 28-29 тамызда БҰҰ-ның Қарусыздану мәселелері жөніндегі басқармасымен (ЮНОДА) бірге Нұр-Сұлтан қаласында Жаһандық антиядролық қозғалысты жандандыру шеңберінде «Қолданыстағы ядролық қарусыз аймақтар арасындағы консультациялар тетіктерін дамыту және нығайту» семинары ұйымдастырылды.
2019 жылғы 29 тамызда Қазақстанның Нью-Йорктегі тұрақты өкілі Қ.Омаров БҰҰ Хатшылығына Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты (ЯҚТШ) ратификациялау туралы құжатты салтанатты түрде тапсырды.
Осылайша, Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні басқа оқиғалар мен іс-шаралармен қатар жаһандық ортаны қалыптастыруға ықпал етеді, бұл ядролық қарудан азат әлемге көшудің оңтайлы перспективаларын ашады.
2020 жылғы 26 тамызда Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күн - 29 тамыз күніне арналған бейнеконференция форматында іс-шара өтеді. БҰҰ Бас хатшысы А.Гутеррестің, БҰҰ Бас ассамблеясының төрағасы М.Банденің, ЯСЖТШ атқарушы хатшысы Л.Зербо қатысқан іс-шарада Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Назарбаев пен Финляндияның бұрынғы Президенті Т.Халоненді жаңа «ерекше» мәртебе – «ЯСТШҰ чемпионы» атағын ресми түрде ұсыну жоспарлануда.
Іс-шара барысында Елбасының атынан ҚР Сыртқы істер министрі М.Тілеуберді сөз сөйлейді.
Сонымен қатар, бұл күнді АҚШ пен Ұлыбританияның астаналарында атап өтуге арналған ресми бейнеконференция байланыстары жоспарланған.
Мәселен, 2020 жылғы 2 қыркүйекте Вашингтонда Arms Control Association и Centerfor Policy Research (SUNY-Albany) америкалық ҮЕҰ АҚШ пен Қазақстанның ядролық қарусыздану және таратпау саласындағы сарапшылары қатысатын «Ядролық сынақтарға тыйым салу нормасын нығайту (Strengthening the Norm of the Nuclear Test Ban)» тақырыбында вебинар өткізеді.
2020 жылғы 8 қыркүйекте Лондонда «Ковидтен кейінгі кезеңдегі көпжақты ынтымақтастық - ядролық қарусыз әлемге қол жеткізу мүмкіндігі» тақырыбында вебинар өтеді. Іс-шараға Еуропалық көршілік және Америка министрі, Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Сыртқы істер министрінің орынбасары, Парламент мүшесі В.Мортон, ЯСЖТШҰ-ның Атқарушы хатшысы Л.Зербо, БҰҰ-ның Женева кеңсесінің Бас директоры Т.Валовая, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Е. Ашықбаев және т.б. қатысады.