Ирандық депутаттар Қазақстанмен парламентаралық ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық танытуда

Ирандық депутаттар Қазақстанмен парламентаралық ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық танытуда

Тегеран, 2024 жылғы 20 қараша - Қазақстанның Ирандағы Елшісі Оңталап Оңалбаев Иран Ислам Республикасы Ислам Мәжілісі Кеңесінің депутаты, Қазақстан-Иран парламенттік достық тобының жетекшісі Манучхер Моттакимен және аталған топтың мүшелерімен кездесті.

Кездесуде екі елдің арасындағы саяси, экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты, парламентаралық қатынастарды одан әрі нығайту, екіжақты және көпжақты халықаралық құжаттарды ратификациялау және т.б. мәселелер талқыланды.

О.Оңалбаев ирандық депутаттарды ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан саяси және экономикалық реформалармен, ҚР Парламентінің жүйесі мен атқаратын рөлімен, елдегі инвестициялық ахуалмен таныстырды.

Өз кезегінде, М.Моттаки Иран Парламенті екіжақты парламентаралық байланыстарды дамытуға мүдделі екенін мәлімдеп, бұл бағыттағы жұмысты жандандыруда ИИР-ҚР парламенттеріндегі достық топтары елеулі рөл атқара алатынын атап өтті. Ирандық депутат Солтүстік-Оңтүстік және Қазақстан-Иран-Түркіменстан көлік дәліздерінің әлеуетін толық пайдалануға шақырып, Иран қазақстандық тауарларды әлемдік нарыққа экспорттау үшін ең қауіпсіз, ең қысқа және тиімді бағыт екенін мәлімдеді.

ИИР Парламентінің Ауылшаруашылық комиссиясы басшысының орынбасары, достық тобының мүшесі Пейман Фалсафи екіжақты тауар айналымын ұлғайту мақсатында тиісті шаралар қолданудың қажеттілігіне тоқталды. Осы ретте, ол Иран тарапы Қазақстандық дәнді-дақылдарды импорттауға және ИИР аумағы арқылы үшінші елдерге транзиттеуге көмектесуге дайын екенін жеткізді.

Ирандық депутаттар ҚР Парламентімен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға зор қызығушылық танытып, ИИР Парламенті екі елдің арасындағы санқырлы байланыстарды нығайтуға барынша үлес қосуға әзірлігін мәлімдеді.

Кездесу соңында М.Моттаки  ҚР Парламенті Мәжілісінің Иранмен парламентаралық ынтымақтастық тобының мүшелерін жақын уақытта Тегеранға сапармен келуге шақырды.