Қазақстан мен Иран өзара сауданы нығайту жолдарын талқылады

Қазақстан мен Иран өзара сауданы нығайту жолдарын талқылады

Тегеран, 2024 жылғы 19 қараша - Қазақстанның Ирандағы Елшісі Оңталап Оңалбаев Иран Ислам Республикасының Өнеркәсіп, тау-кен және сауда министрінің орынбасары –  Сауданы дамыту ұйымының төрағасы Мохаммад Әли Дехкан Дехнавимен кездесті.

Кездесуде тараптар екі елдің сауда, өнеркәсіп және тау-кен салаларындағы  ынтымақтастығын нығайту, көлік-логистика, өзара төлем, екіжақты сауда айналымын 3 млрд. АҚШ долларына ұлғайту бойынша Жол картасын іске асыру, 2025 жылдың басында Астана қаласында өткізу жоспарланған ҚР мен ИИР арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық бірлескен комиссияның 20-шы отырысы  және т.б. мәселелерді талқылады.

Қазақстан Елшісі Астананың Тегеранмен байланысты нығайтуға басымдық беретініне тоқталып, өзара алыс-берісті жандандыруда Сауданы дамыту ұйымының маңызды рөл атқаратынын жеткізді. Қазақ тарапы өзара сауда-экономикалық қарым-қатынастарды жаңа деңгейге көтеру үшін Сауданы дамыту ұйымымен тығыз ынтымақтастық орнатуға әзір екенін атап өтті.

Өз кезегінде ИИР Сауданы дамыту ұйымының төрағасы Иранның Қазақстанды стратегиялық әріптес ретінде қарастыратынын мәлімдеп, екі ел арасында қол жеткізілген уағдаластықтар мен келісімдерді іске асыру үшін екі елдің мол әлеуетін толық қолдануды құптады.

Д.Дехнави екі елдің көлік-логистика саласындағы әлеуетіне жоғары баға беріп, қазақ тарапын Солтүстік-Оңтүстік халықаралық дәлізі мен Иранның Каспий теңізі және Парсы шығанағы жағалауындағы порттары мүмкіндіктерін пайдалануға шақырды.

Ирандық лауазымды тұлға 2025 жылы 21-24 ақпанда Тегеран қаласында «EURASIA EXPO 2025» үшінші халықаралық көрмесін өткізу жоспарланып отырғанына сілтеме жасап, ҚР мемлекеттік органдары мен жеке меншік секторын осы маңызды іс-шараға белсене қатысуға шақырды.

Оған қоса, тараптар өзара инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамытуды қолдап, өнеркәсіп және тау-кен салаларында бірқатар жобалар табысты іске асырылғанына назар аударды.

Кездесу барысында екі ел арасында сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту үшін өзара банкаралық төлем тетігін жетілдірудің маңыздылығы атап өтілді.

Сонымен қатар, тараптар екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты нығайту үшін Еуразиялық экономикалық одақ пен Иран арасындағы еркін сауда келісімінен туындайтын мүмкіндіктерді тиімді қолдану тетіктерін тиімді пайдалануды қуаттады.