
Тегеран, 2024 жылғы 6 қараша - Қазақстанның Ирандағы Елшісі Оңталап Оңалбаев Иран Ислам Республикасының Ауыл шаруашылығы жиһады министрі - ҚР мен ИИР арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық бірлескен комиссияның (ҮАК) Тең Төрағасы Ғоламреза Нури Ғезелжемен кездесті.
Кездесуде тараптар екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығын нығайту, ҮАК кезекті отырысын Астанада өткізу, екіжақты сауда айналымын 3 млрд. АҚШ долларына ұлғайту бойынша Жол картасын іске асыру және т.б. мәселелерді талқылады.
Қазақстан Елшісі Иранмен достық қарым-қатынастарды дамыту – сыртқы саясатымыздың басым бағыты екеніне тоқталып, өзара алыс-берісті жандандыруда ИИР Ауыл шаруашылығы жиһады министрлігі және ҮАК аса маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Кездесуде Қазақстан тарапының Иранның астық өнімдеріне, соның ішінде бидай, арпа мен майлы дақылдарға сұранысын қамтамасыз етуге әзірлігі жеткізілді. Екі ел арасындағы инвестициялық ынтымақтастықтың қазіргі ахуалына, өнеркәсіп, тау-кен, сүт өнімдері саласында бірқатар жобалардың іске асырылуда екеніне назар аударылды.
Өзара сауда айналымын ұлғайту үшін Қазақстан Иранға экспорттық әлеуетінің тізімін өзектендіргені және бүгінгі таңда жалпы құны 250 млн. долларды құрайтын 75 тауарды Иранға жеткізуге дайын екені атап өтілді.
Өз кезегінде, ИИР Ауыл шаруашылығы жиһады министрі Ғ.Н.Ғезелже Иран ауыл шаруашылығы саласында Қазақстанмен ынтымақтастықты арттыруға мүдделі екенін атап өтіп, қазақстандық астық өнімдерін сатып алуға қызығушылық танытты.
ИИР Ауыл шаруашылығы жиһады министрі екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықтың болашағы зор екеніне сілтеме жасап, қол қойылған құжаттарды нақты іске асыру бұл бағыттағы өзара тиімді әріптестікті дамытуға қосымша серпін беретінін мәлімдеді.
Ғ.Н.Ғезелже Қазақстанда шетелдік инвесторлар, оның ішінде ирандық инвесторлар үшін барлық жағдайлар жасалғанын және иран тарапының ҚР-ғы басым жобаларға белсене қатысуға әзірлігін атап өтті. Қазақ тарапын «Солтүстік-Оңтүстік» көлік дәлізі мен Иранның транзиттік мүмкіндіктері мен порттарының әлеуетін тиімді пайдалануға шақырды.
Сонымен қатар, тараптар кездесу барысында екі елдің халықаралық құрылымдар, атап айтқанда Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы (IOFS) аясындағы ынтымақтастығын талқылады және IOFS жобалары мен бағдарламаларын ілгерілету бойынша өзара ықпалдастықты одан әрі жандандыруды қуаттады.