
Хамадан, 2024 жылғы 16-18 қазан - Қазақстанның Ирандағы Елшісі Оңталап Оңалбаевтың Иран Ислам Республикасының Хамадан провинциясына жұмыс сапарымен барды.
Сапар аясында О.Оңалбаев Хамадан провинциясының губернаторы Х.Молануримен кездесіп, өңіраралық сауда-экономикалық, инвестиция, туризм және мәдени-гуманитарлық өзара ынтымақтастықты нығайту жолдарын талқылады.
Қазақстан Елшісі Х.Молануриді Хамадан провинциясының губернаторы болып тағайындалуымен құттықтап, жауапты қызметіне табыс тіледі. Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформалармен таныстырып, екі елдің өңірлері арасындағы ынтымақтастықты жандандыру мақсатында Қазақстан облыстары мен Хамадан провинциясы арасында бауырластық байланыстар орнату туралы ұсыныс білдірді.
Өз кезегінде Хамадан провинциясының губернаторы Х.Моланури Елшінің Иран провинцияларына алғашқы сапарын Иран тарихы мен өркениетінің астанасы деген атпен танымал Хамадан қаласынан бастағанына ризашылық танытып, алдағы уақытта екі елдің түрлі салалардағы байланысы, әсіресе өңіраралық қарым-қатынасы одан әрі нығая түседі деп сенім білдірді. Қазақстан Елшісінің Қазақстан облыстары мен Хамадан провинциясы арасында бауырластық қатынастар орнату туралы ұсынысын жылы қарсы алып, бұл бағыттағы жұмысты бірлесе жүргізуге дайын екенін мәлімдеді.
Сапар аясында О.Оңалбаев Хамадан провинциясының Сауда, өнеркәсіп, тау-кен және ауыл шаруашылығы палатасы басшылығы және мүшелері қатысқан отырыста сөз сөйлеп, Иранмен достық қарым-қатынастарды дамыту – Қазақстанның сыртқы саясатының басым бағытына жататынын атап өтті. Екі ел саяси және экономикалық ынтымақтастығының қазіргі ахуалы мен перспективаларын баяндап, екіжақты сауда айналымын арттырудың маңыздылығына назар аударды. Қазақстан мен Иран арасында іске асырылып жатқан және жоспарланған бірлескен жобаларға сілтеме жасап, еліміздің инвестициялық мүмкіндіктерімен таныстырды. Хамадан провинциясы кәсіпкерлерін Қазақстандағы ауыл шаруашылығы, қайта өңдеу, жиhаз жасау, тау-кен өнеркәсібі және басқа салалардағы жобаларға белсенді түрде қатысуға шақырды.
Өз кезегінде Хамадан провинциясының Сауда, өнеркәсіп, тау-кен және ауыл шаруашылығы палатасының төрағасы Р.Мортазаи өзара сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуда өңіраралық байланыс маңызды рөліне тоқталып, Хамадан провинциясының әлеуетімен инвестициялық мүмкіндіктері туралы баяндады.
Сондай-ақ сапар барысында О.Оңалбаев Хамадан провинциясындағы ең ірі «Bu Ali» өндірістік және технологиялық паркін аралап, Қазақстанда жұмыс істеуге қызығушылық білдірген, осы паркте орналасқан бірнеше компаниялардың («Machine Barzegar», «Ekbatan Gas Control», «Hamedan Machine Zeraat Co», «Sahar Food Industries Co»,«Vispar» және т.б) жұмысымен танысты және кәсіпорын басшыларымен Қазақстанмен өзара әріптестікті орнату және дамыту мәселелерін талқылады.