
Тегеран, 2024 жылғы 10 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Тегерандағы Елшілігінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын ақпараттық насихаттау мақсатында баспасөз мәслихаты отырысы өткізілді.
Іс-шараға Иранның танымал бұқаралық ақпарат құралдарының («Иран Ньюз», «Иран Дейли», «Азия», «Шарг» газеттері және «Хабар онлайн» агенттіктіктері) өкілдері қатысты.
Баспасөз отырысы барысында Қазақстанның Ирандағы Елшісі Оңталап Оңалбаев Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында көтерілген басты бағыттарға, оның ішінде ақша-несие саясаты, инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту, еліміздің өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану,инфрақұрылымды дамыту, еліміздің кадрлық әлеуетін біртіндеп арттыру, ұлт саулығын нығайту, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту, экологиялық ахуалды жақсарту, мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін барынша арттыру, заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру мәселелеріне тоқталып, БАҚ өкілдерін елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды реформалармен таныстырды.
Елші Қазақстанды дамытудың жаңа бағдары белгіленгенін, экономиканы әртараптандыру ісіне тың серпін берілгенін және жаңа инвестициялық кезеңнің басталғанын атап өтті.
Ол Қазақстанның түрлі салалардағы мол әлеуетіне сілтеме жасап, алдағы уақытта Жолдауда көтерілген мәселелердің оң шешілуі еліміздің қарқынды дамуына жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.
Сонымен қатар, О.Оңалбаев баспасөз мәслихатында Қазақстан мен Иранның сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы байланысының қазіргі ахуалына тоқталып, екі елдің өзара ынтымақтастықты нығайту үшін мол әлеуетке ие екенін жеткізді.
Іс-шара соңында Елші жергілікті БАҚ өкілдері тілшілерінің сұрақтарына жауап берді.