
Тегеран, 2024 жылғы 15 тамыз – Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы Елшілігі және Экомикалық ынтымақтастық ұйымы жанындағы Мәдениет институтының бастамасымен Абай күніне орайластырып, «Абай мұрасы – Қазақстанның әлемдік мақтанышы» атты іс-шара ұйымдастырылды.
Іс-шараға Тегеранда аккдедиттелген дипломатиялық өкілдіктер мен халықаралық ұйымдар басшылары, зиялы қауым өкілдері мен абайтанушылар қатысты.
Іс-шара барысында Мәдениет институтының директоры ғылым докторы, Саид Хан, Қазақстанның Ирандағы Елшісі О.Оңалбаев, қазақстандық ғалымдар И.Жеменей, С.Абдолла, Б.Оспанова, М.Шапиян, Г.Омарбекова, ирандық ғалымдар Ә.Хабиби, Х.Ағазаде, З.Аслани және т.б. сөз сөйлеп, қазақтың ұлы ақыны, ағартушы, қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, философ Абай Құнанбайұлының бай мұрасына кеңінен тоқталды.
Қазақстанның Ирандағы Елшісі О.Оңалбаев биыл ұлы ақынның туғанына – 179 жыл толғанына, Абайдың өскен ортасына, оның Шығыс әдебиетімен байланысына сілтеме жасап, Абай Құнанбайұлы қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалаушы екенін атап өтті.
Елші ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Ғұлама Абай – қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады», – деп, Абайдың даналық орнын айқындап бергенін айтты.
О.Оңалбаев Абай шығармалары өзектілігін ешқашан жоғалтпайтынына ерекше назар аударды және Абайдың Шығысқа қатысы кең көлемді ойларды қамтитын, зерттеулерді қажет ететін тақырып екенін мәлімдеді.
Сонымен қатар, ұлы ойшылды жаһан жұртына лайықты деңгейде танытудың маңызын атап өтті.
Назар аударатын жайт, қазіргі уақытта Иран Ұлттық кітапханасында Абай бюсті бар. Сонымен қатар, Қазақстанның Горган қаласындағы Бас консулдығында Абай бұрышы жұмыс істейді.