Қазақстан Елшісі Иран Президентінің міндетін атқарушыға сенім грамоталарын тапсырды

Қазақстан Елшісі Иран Президентінің міндетін атқарушыға сенім грамоталарын тапсырды

Тегеран, 2024 жылғы 1 шілде – Қазақстанның Тегерандағы Елшісі Оңталап Оңалбаев Иран Ислам Республикасы Президентінің міндетін атқарушы Мохаммад Мохберге Сенім грамоталарын тапсырды.

Кездесу барысында Елші О.Оңалбаев ИИР Президентінің міндетін атқарушы М.Мохберді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы ақпараттандырды. Сонымен қатар, екіжақты сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени ынтымақтастықты одан әрі жандандыру қажеттігін атап өтті.

Әңгімелесу кезінде ИИР Президентінің міндетін атқарушы М.Мохбер достас Қазақстанмен көпқырлы ынтымақтастықты дамыту Иранның сыртқы саяси басымдығының бірі болып табылатынын мәлімдеді. Тегеран Астанамен достық және тату көршілік байланыстарды одан әрі нығайту мен кеңейтуге ерекше назар аударатынын жеткізді.

Кездесу соңында ИИР Президентінің міндетін атқарушы М.Мохбер Қазақстан Елшісінің Ирандағы дипломатиялық миссиясының басталуымен құттықтап, екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі нығайту және кеңейту бағытында жан-жақты көмек және қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.