Қазақстанның Ирандағы Елшілігінің ғимаратында «Шаңырақ» Ұлттық Қазақ бұрышы ашылды

Қазақстанның Ирандағы Елшілігінің ғимаратында  «Шаңырақ» Ұлттық Қазақ бұрышы ашылды

2024 жылғы 1 мамырда Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы Елшілігінің ғимаратында  «Шаңырақ» Ұлттық Қазақ бұрышы ашылуына орай Қазақстан халықтарының бірлігі күніне ұштастырылған мәдени ұлттық іс-шара өткізілді.

Аталған шараға Иран Сыртқы істер министрлігі басшылығы мен қызметкерлері, Тегеранда тіркелген кейбір шетелдік миссиялардың басшылары, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, қазақ диаспорасының белсенділері, Елшілік қызметкерлері  мен отбасы мүшелері қатысты. 

Іс-шараның ашылу рәсімінде сөйлеген сөзінде ҚР Ирандағы Елшісі Оңталап Оңалбаев Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың жүргізіп отырған саяси және экономикалық реформаларына, халықаралық тың бастамаларына тоқталды.

Мемлекетіміздің іргелі мақсаты – баршаға заң үстемдігі мен тең мүмкіндіктер берілетін Әділетті Қазақстан құру деп айқындаған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміз бен қоғамның дамуындағы рөлі атап өтілді.

Елші ҚР Президентінің еліміздің бірқатар аймақтарында орын алған ірі табиғи апат – су тасқынына қатысты мәлімдемесіне ерекше назар аударды. ҚР Президенті айтқандай, Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымақтастығы аясында су тасқынының қатері артта қалды. Үкімет, мемлекеттік органдар, құзырлы мекемелер және еріктілер бірлесе жұмыс істеді. Соның арқасында 119 мыңнан астам адам дер кезінде қауіпсіз жерге көшірілді. Оның 45 мыңға жуығы – балалар. Ең бастысы, барлық күш-жігер  адам өмірін сақтап қалуға жұмылдырылды.

Елші 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні еліміз үшін ерекше маңызға ие екенін, бірлік пен келісімнің арқасында Қазақстан тәуелсіз мемлекет құруда елеулі жетістіктерге қол жеткізгенін мәлімдеді.

Бұл ретте, ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында Қазақстанда көптеген этностардың тату-тәтті өмір сүретінін және бірегей құрылым Қазақстан Халқы Ассамблеясының елдегі татулықты қамтамасыз етудегі маңызды рөлін атап өткенін айтты.

Сонымен қатар, Елші ҚР мәдени саясатының 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының мәдени саясатты дамытудың негізгі қағидаттарын баяндады.

ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың бастамасымен биылдан бастап Қазақстанда Наурыз мерекесі – Кездесу күні, Мейірімділік күні, Мәдениет және ұлттық дәстүрлер күні, Шаңырақ күні, Ұлттық киім күні, Жаңару күні, Ұлттық спорт түрлері күні, Ынтымақтастық күні, Жаңа жыл және Тазару күні тақырыптарына орайластырылғаны атап өтілді.

Шара аясында Елшілік қызметкерлері отбасы мүшелерінің белсене атсалысуымен халқымыздың салт-дәстүрін құрметтеу және шетелдік аудиторияға паш ету мақсатында Республикамызда тұратын этностар тағамдары мен әндерінің мерекелік конкурсы  ұйымдастырылды.  

Еліміздің  ұлттық мерекесіне арналған  «Тұсау кесер» дәстүрі өткізіліп, моральдық рухты нығайту, салауатты өмір салтын насихаттау және танымал ету мақсатында өткізілген ұлттық ойындардың жарыстары мен Елшілік қызметкерлері балалары арасында «Қош келдің әз-Наурыз» атты сайыстар ұйымдастырылды.

Іс-шара барысында қазақ халқының ұлттық зергерлік өнері мен қолөнерлік бұйымдарын қонақтарға кеңінен таныстыру және халықтың мәдениеті мен өнерін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін насихаттау, Қазақстанның қолөнер шеберлерінің туындылары арқылы қолданбалы-сәндік өнердің қазіргі кездегі даму деңгейін көрсету мақсатында арнайы көрме ашылды.  

Осы ретте, «Iran Daily» газетінің тілшісі Р.Ахмадлу Қазақстан Елшілігі ғимаратында ұйымдастырылған «Шаңырақ» Ұлттық Қазақ бұрышының ашылуына ризашылық білдіріп, бүгін қазақ халқының бай мәдениеті және салт-дәстүрлерімен жақыннан танысуға мүмкіндік алғанын мәлімдеді. Ол Иран мен Қазақстанның бірнеше ғасырлық тарихи-мәдени байланыстарына, ортақ құндылықтарына сілтеме жасап, екі елдің өзара тығыз ынтымақтастығы одан әрі нығая түседі деп сенім білдірді.

Қорыта келгенде, мәдени шара нәтижесінде еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері халықтар арасындағы татулық пен ынтымақ еш бұзылмай, бүгінге дейін түрі басқа тілегі бір, жүзі басқа жүрегі бір, діні басқа ділі бір қаншама этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, бірліктің жарқын үлгісін көрсетіп келетіні шетелдіктерге паш етілді.