
МанданаТишеһиар
Екі жыл бұрын менің студенттерімнің бірі Әли Әкбар Хандан менің жетекшілігіммен «Қазақстанның сыртқы экономикалық саясаты (1991-2017 жж.)» тақырыбында диссертация жазды. Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанның сәтті жүргізілген сыртқы экономикалық саясатының себептерін түсіну үшін біз екі түрлі көздерді зерттедік.
Біз іс жүзінде тәуелсіздік алған кезден бастап Қазақстанның сыртқы экономикалық саясатының сипаттамаларын ұтымды таңдау теориясының шеңберіндегі көпвекторлы саясатын қолдана отырып талдауға тырыстық. Бұл теория идеологиялық немесе эмоционалды көзқарастардан басқа, сыртқы саясаттағы шенеуніктер елдің саясатын қолданыстағы ішкі саяси және экономикалық шындыққа сүйене отырып жасайды және сонымен бірге халықаралық саясатты қарастырады делінеді.
Рационалды таңдау теориясын қалауға себеп Орталық Азиядағы геосаяси кеңістікпен және әлемдік саясаттың құрылымдық жүйесімен қатар, қазақстандық көшбасшылар мен сыртқы саясаттағы шешім қабылдаушылар елдің экономикалық дамуы мен оның сыртқы әлеммен қатынастарына бірдей сай келетін ерекше саясат енгізгенін байқадық. Нәтижесінде, Қазақстанның сыртқы экономикалық саясатына, сондай-ақ оның көпвекторлы саясатына егжей-тегжейлі қарау үшін біз сыртқы саяси шешімдердің қабылдануына әсер ететін әртүрлі факторларды қарастыруды жөн көрдік.
Рационалды таңдау теориясына сүйене отырып, Қазақстан сыртқы экономикалық саясатына халықаралық жүйенің ықпалында болған дербес субъект ретінде қарастырылды. Сонымен бірге, елдегі шешім қабылдау үдерісі ұлттық мүдделер мен ұтымды таңдау негізінде жүзеге асырылады, бұл екі фактор өз кезегінде Қазақстанның көрші елдермен, сондай-ақ әлемдік және өңірлік державалармен қарым-қатынасын қалыптастырады.
Қазақстанда көпвекторлы сыртқы саясаттың пайда болуы ұтымды қадам болды, өйткені бұл Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін қалыптасқан жағдайда жасалатын ең үздік қадам болды. Мұндай жағдайда экономиканы қайта құрылымдау және мұнай секторын мүмкіндігінше жедел дамыту қажет болды.
Тіпті, Қазақстанның сыртқы саясаты туралы бастапқы көздерге және академиялық зерттеулерге қысқаша шолудың өзі оның екі негізгі сипаттамасын, атап айтқанда экономикалық мақсаттардың басымдылығын және көпвекторлыққа бейімділігін (яғни, барлық өңірлік және жаһандық державалармен ынтымақтастық) көрсетеді, соңғысы алдыңғысымен байланысты болып келеді. Екеуі де Қазақстан дамуының объективті қажеттіліктерінен, сондай-ақ ел басшылығының және бірінші кезекте оның көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке идеяларынан туындайтын сияқты.
Қазақстан көпвекторлы сыртқы саясат жүргізуді ұтымды деп санайды. Осылайша, әсіресе экономикалық қатынастар мен сыртқы экономикалық саясатқа қатысты, Қазақстан барлық ірі державалармен ынтымақтасуға және мұнай мен саудаға қатысты мақсаттарына қол жеткізе алады.
Екі ірі көрші Ресеймен және Қытаймен қауіпсіздікті қамтамасыз ету және тату көршілік қарым-қатынасты қамтамасыз етумен қатар, Қазақстанның бұл елдерге деген көзқарасы көбіне экономикалық мақсаттармен анықталады. Дегенмен, саудадан түскен табысты оңтайландыру үшін Қазақстан бәсекелес ірі державалардың бірде-біреуін назардан тыс қалдырмады және олардың барлығымен жақсы сауда қатынастарын жасады. Оның Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі Ресеймен өңірлік сауда интеграциясы - өңірдегі сауда деңгейін көтерудің маңызды экономикалық мүмкіндігі. ЕО елдері оның маңызды экспорттық серіктестері, сондай-ақ Ресей мен Қытай оның негізгі импорттық серіктестері болып табылады. Сонымен қатар, Америка Құрама Штаттары да маңызды инвестициялық серіктес болып табылады.
Өзінің ұлттық мүдделерін, оның ішінде экономикалық мүдделерді іске асыру Қазақстан бір үлкен державаға басқасына қарағанда басымдық беруі керек дегенді білдіреді. Бірақ Қазақстан оның басқа бір салада өтейтініне сенімді.
Экономикалық қатынастардың немесе сыртқы экономикалық саясаттың жол картасы көпвекторлы саясат деп аталатын кеңейтілген сыртқы саясат болды. Көпвекторлы саясаттың орталық белгісі – прагматизм, бұл Қазақстанның ұтымды субъект ретінде сыртқы саясаттағы шығындар мен пайдаларға талдау жүргізгенін білдіреді. Осылайша, тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары мемлекеттік құрылысты қалыптастырудың және экономиканы қалпына келтірудің екі бірдей сын-міндетін еңсеру үшін әртүрлі мұнай компаниялары мен үкіметтердің белсенді қатысуымен теңіздегі мұнай-газ ресурстарын дамытудың прагматикалық сыртқы саясаты маңызды болды.
Шешімдер қабылдау үдерісінде Қазақстанның прагматикалық көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев ерекше рөл атқарады, ол айналасына, әсіресе сыртқы саясат саласында, өзінікіне ұқсас идеялары бар тұлғаларды жинай білді. Қазақстан көшбасшысы мен оның командасының сыртқы саяси шешімдер қабылдаудағы прагматикалық сипатын басшылыққа алар болсақ, елдің сыртқы экономикалық саясатын түсіну оңай. Кейбір ғалымдар Президент Н.Назарбаевтың Қазақстанның геосаяси және географиялық жағдайын ескере отырып, сыртқы саясатта прагматизмге балама жоқ деп санайды. Н.Назарбаевтың көпжақты қатынастар форматын ілгерілету туралы шешімінің себебін ұтымды таңдау теориясының аясында нақты талдауға болады.
Қазақстанды Орталық Азияның басқа мемлекеттерінен ерекшелейтін нәрсе - бұл оның көшбасшысының экономикалық модернизация идеясына берілгендігі, бұған оның сөйлеген сөздерінің басым бөлігінде басымдық берілген.
Қазақстанның сыртқы саясатына әсер ететін геосаяси факторлар тұрғысынан біз Орталық Азиядағы «жаңа ұлы ойын» деп аталатын нәрсені келтіре аламыз. Өңірдегі әлемдік ірі державалар бір-бірімен осы ойында бәсекелес болғандықтан, Қазақстан үкіметі әрқашан өзінің саяси және экономикалық мүдделерін қорғауға ұмтылды. Сыртқы экономикалық қатынастар тұрғысынан, Қазақстанның Қытай мен Ресейдің күші мен ықпалы арасындағы тепе-теңдікке қол жеткізу үшін батыстық мұнай-газ компанияларына ұсынған инвестициялық мүмкіндіктерін өзара пайдалану жолын атап өтуге болады.
Мұнай өндіру - бұл Қазақстан экономикасының және оның мейлінше қарқынды дамып келе жатқан секторының негізі, ол жалпы ішкі өнімнің едәуір бөлігін құрайтын, бюджет кірістерінің үлкен бөлігін және елге валюта түрінде түсетін кірісті қамтамасыз етеді. Қазақстанға салынған инвестициялардың негізгі бөлігі мұнай-газ саласына бағытталған. Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстанның экспорттық кірісінің негізгі бөлігі мұнайдан және аз мөлшерде газдан және басқа да табиғи ресурстардан түсті. Энергетика саласы да тікелей шетелдік инвестицияның басты мақсаты болды, оны қазақстандық көшбасшы әр түрлі серіктестердің бұл саланың жетістіктеріне сенім білдіруі үшін әртараптандыруға тырысты. Көпвекторлы сыртқы саясат Қазақстанға Ресеймен маңызды қарым-қатынасын үзбестен Қытайға тікелей құбыр салуға және Баку-Тблиси-Джейхан құбырына қосылуға мүмкіндік берді.
Тұтастай алғанда, геосаяси ахуал, географиялық кедергілер, сондай-ақ Қазақстан көшбасшысының прагматикалық сипаты сыртқы экономикалық саясаттың нәтижесінде мұнай-газ секторындағы өндіруші өнеркәсіпке тікелей шетелдік инвестициялардың үлкен көлемін тарту басты басымдыққа айналды.
Демек, Қазақстан үкіметі Назарбаевтың көпвекторлы сыртқы экономикалық саясатына сүйене отырып, өзінің мұнай ресурстарын дұрыс қолдана білді, одан кейін елдің экономикалық дамуын қолдап, тәуелсіз дербес мемлекет ретінде таныта алды.
Мандана Тишеһиар – Иранның Тегеран қаласындағы Әламе Табатабаи атындағы университеттің ЭКО колледжінің профессоры және Халықаралық академиялық ынтымақтастық департаментінің директоры.