
Қазақстан Республикасының инвестициялық және экспорттық әлеуеттерін ілгерілетумен қатар өңіраралық байланыстарды дамыту мақсатында ҚР Елшісі А.Оразбай Иранның өндірістік тұрғысынан дамыған аймақтарының біреуі болып табылатын Қазвин провинциясына ү.ж. 4 ақпанда сапар шекті.
Сапар аясында Елші провинция басшылығымен және оның белсенділерімен, Қазвин Сауда-өнеркәсіп палатасының мүшелерімен және бизнес өкілдерімен кездесулер өткізіп, өңірдегі жетекші әрі Қазақстанмен әріптесуге ниетті кәсіпорындарды аралады.
Қазвин Сауда-өнеркәсіп палатасының президенті М.Бахшандемен «Ақтау теңіз порты» Арнайы экономикалық аймағында Логистикалық орталықты салу мәселесі қаралды.
Бұдан бөлек Елші бидайды өндеу және макарон шығаратын «Азар Шамс» компаниясы мен «Rouzaneh» сауда маркасымен сүт өнімдерін шығаратын және француздық «Bel» тобына кіретін «Bel Rouzaneh Iran» компаниясы аралап, олардың басшыларымен екіжақты ынтымақтасудың бірнеше жолдарын талқылады.