I
Ұлы Қазақстан халқына, Қазақстан үкіметіне, парсы тілі мен әдебиетінің ұстаздарына сәлем жолдаймын. Күн календары бойынша Жаңа жылмен, жаңа ғасырдың басталуымен (Иран жыл санауы бойынша жаңа XV ғасыр басталады) құттықтаймын.
Наурыз – тек Иран жұртына ғана тән емес, сондай-ақ өңіріміздің бүкіл халықтарына тиесілі ұлы мейрам.
Осы кең байтақ өңір елдерінің барлығы Наурызды ұлықтап, қадір тұтады. Мен Наурызбен Қазақстан жұртын арнайы құттықтаймын.
Келу кезеңін Ай мен Күн айқындайтындығы тұрғысынан, Наурыз - теңдессіз мейрам. Жаңа жылдың бастауы болып келетін Наурыздың адами тұлғалық, әлеуметтік, ұлттық, саяси әрі діни оқиғаларға ешқандай қатысы жоқ.
Бұл - аспан денелерінің айналыс-қозғалысына, күн мен түннің теңелуіне, ыстық пен суықтың реттелуіне, табиғаттың түлеуіне байланысты мереке. Сондықтан, Наурыз – біз оны қолмен реттеп, өзгерте алмайтын тетік-құбылыс. Ол - жер бетінде Жаңа жыл бастауы болып саналатын аспани сағат.
Наурыз – тіршілік бастауы, түлеудің бастауы, көктеп-өнудің бастауы, теңелудің, қалыпқа түсудің бастауы, шаттық пен думанның бастауы. Осы тұрғыда, Наурыз барлық жерде мейраммен, шат-думанмен, үмітпен қабысқан.
Табиғат көктемнің келуімен ұйқыдан оянып, бойкүйездік пен дерт-кесалаттан арылса, Наурыз да бізді, адамзатты, жаңа көктемде тың күш пен жаңа думанға шақырады.
Наурыз жалпы бұқаралық шаттық кезеңі ретінде парсы әдебиетінде ерекше орын алған. Парсы тілі мен әдебиетінің әрбір ұстазы Наурызды ұлықтаған ұлы ақындардың жырларын кездестіреді. Наурыз - бүгін де ақын-жазушылардың сүйікті тақырыбы.
Жаңа жыл ізгі, саламат жылы болатынына, Корона бәлекетінің жаһаннан жойылар жыл болатынына, барлық елдер арасында, әсіресе Иран халқы мен Қазақстан халқы арасында татулық, бейбітшілік, достық жылы болатынына, иншалла, барлық халық үшін игі, ынтымақ жылы болатынына үміт артамын.
Наурызға байланысты, Қазақстанның халқы мен үкіметіне сөз арнау мүмкіндігіне ие болғаным үшін қуаныштымын. Баршаға амандық-саулық пен бақ-береке тілеймін.
ІІ
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, өзім шығарған парсы тілі жөніндегі өлеңдердің бірін, мұны Қазақстанда да естіген, оқыған болуы керек, Қазақстандағы парсы тілін білетіндерге, парсы тілін үйренушілерге және оны жақсы көретін жандарға арнап оқып беремін. Өлеңнің тақырыбы - «Ей, парсы тілі!».
Уа, парсы тілі
Уа, парсы тілі, дәри-дарияның маржаны!
Ана тілім – сен, бабамнан мұра алғаным.
Өзіңде жатыр мәдениет, салтым, дәстүрім,
Өзіңнен шығар даналық, білім бар мәні.
Кабул, Тегеран, Тәбриз, Бұқара, Ходжанд та,
Бәлх, Нишапур һәм
Һәри – иелігің қолдағы.
Шығыстың күні нұр шашу үшін әлемге
Сен мәңгі жаса, білімнің тілі, ардағым!
Парсының тілін қорғап өтеміз, өйткені
Тек зергер білер алтынның құнын, салмағын.
Осы құттықтаудың бейнебаяны әлеуметтік желідегі сілтемесінде қолжетімді
https://www.instagram.com/tv/CMYA9EeHgdT/?igshid=aknqyn7ctnd6