
Еліміздің 30 жылдық тәуелсіз дамуы аясында қазақ диаспорасы қоныстанған Иранның Гүлстан провинциясының орталығы Горган қаласында 2021 жылғы 7 наурыз күні «Қазақстан-Иран мәдени күні» атты іс-шара өткізілді.
Қазақстан-Иран мәдени күніне Мәдени мұра, туризм және қолөнер жөніндегі министрі Әлиасқар Мунесан, Иран Гүлстан провинциясының губернаторы Хади Хакшенас, Иран Парламентінің депутаты Ғұламреза Монтезари, Қазақстанның Ирандағы Елшісі Асхат Оразбай, мәдени мұра министрлігі мен провинция әкімшілігі басшылары, бизнес өкілдері және жергілікті қазақ диаспорасы белсенділері қатысты.
Аталған іс-шара ашылуында сөз сөйлеген Министр Ә.Мунесан мен Елші А.Оразбай Қазақстан тәуелсіздік алған кезден бергі 30 жылдай уақыт ішінде түрлі салалардағы Қазақстан мен Иранның екіжақты ынтымақтастығын дамытуда зор жетістіктерге қол жеткенін атап өтісті.
Гүлстан губернаторы екі ел арасындағы өңіраралық сауда-экономикалық, мәдени, туристік, емдік туризм, зияраттық байланыстардың жақсы дамуда екеніне тоқталды. Гүлстан провинциясында қазақ халқының тарихи-мәдени ескерткіштері, яғни ақын әрі ғалым Сұлтан Үббі кесенесі (XII ғасыр, С.Бақырғанидың үшінші ұлы), діни ұстаз әрі ғалым Шағұрбаттың мазары (XVIII ғасыр) және басқа қазақтарға қатысты қасиетті орындар зияраттық туризмді дамытуға жол ашады деп мәлімдеді. Х.Хакшенас көктемнің алғашқы күндері әрі ирандық жаңа жыл қарсаңында ұймдастырылған Қазақстан-Иран мәдени күнін алдағы уақытта Қазақстан-Иран мәдени апталығы ретінде жыл сайын алмакезек Маңғыстау облысы мен Гүлстан провинциясында өткізіп тұру және жөнінде ұсыныс білдірді. Бұл ұсынысты Иран Мәдени мұра министрі құптады.
Иран Парламентінің депутаты Ғ.Монтезери Қазақстан тәуелсіздік алғанда оны алғашқылардың бірі болып ресми таныған Иран арасындағы қарым-қатынастар барлық салаларда жақсы дамуда, соның ішінде дәстүрлі мәдени байланыстардың да тереңдегенінің куәсі болып отырмыз, деп атап өтті.
Іс-шараға қатысушылар Горган қаласының орталық мәдениет үйінің залдарында ұйымдастырылған жергілікті қазақ диаспорасы қолөнер шеберлерінің ұлттық дәстүрде тоқыған, тіккен және өндірген бұйымдарына арналған көрмені аралап, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған фото және бейне баяндармен танысты.
Сонымен қатар, жергілікті қазақ диаспорасымен ирандық өнерпаздар қойған концертте ұлттық шағын оркестр қазақ күйлерін тартып, әншілер қазақ және мран халық әндерін шырқады.
Қазақстан-Иран мәдени күндеріне арналған осы іс-шара барысында Елші А.Оразбай ИИР орталық радио-телевидениесіне, ИРНА және т.б. ақпараттық агенттіктердің тілшілеріне сұхбат берді, сондай-ақ бұл оқиға жергілікті теле-радиода, сайттарда, телеграмм каналдарда кеңінен жарияланды.