Баспасөз баяны

Баспасөз баяны

   Қазақстанның Ирандағы Елшісі А.Оразбай 2021 жылдың 10 қаңтарына жоспарланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлау тәртібін түсіндіру мақсатында ирандық бұқаралық ақпарат құралдарына арнап, арнайы баспасөз брифингін ұйымдастырды.

    Елші алдағы уақытта өтетін ҚР Парламенті Мәжілісі сайлауының ерекшеліктерін, атап айтқанда сайлаудың мерзімінде және сайлау заңнамаларына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес ұйымдастырылатынын, осы заңнамалар бойынша парламенттік оппозиция институты енгізіліп, қазақстандық парламенттік практикада алғаш рет партиялық тізімдерде қыз-келіншектер мен жастар үшін 30 пайыздық квота бөлінгенін, сайлауға бес саяси партияның қатысатынын, қазіргі уақытта үгіт-насихат қызу жүріп жатқанын мәлімдеді.

     Оған қоса, А.Оразбай Елшілік жанынан сайлау учаскесі құрылғанын, сайлауға Иранда уақытша тұратын 100-ден аса қазақстандық азамат дауыс береді деп күтілетінін айтты.

      Сонымен қатар, Парламент Мәжілісінің жаңартылған құрамы елімізде қарқынды түрде жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық реформаларды заңды тұрғыдан қолдауға мүмкіндік беретіні, алдағы сайлау Қазақстанның саяси институттарды демократияландыруға және жаңғыртуға беріктігіне нақты дәлел болатыны атап өтілді.

       Елші баспасөз мәслихатының соңында жергілікті БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.