Иранда «Абай орталығы» ашылды

Иранда «Абай  орталығы» ашылды

    2020 жылғы 9 қарашада Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы Елшісі Асхат Оразбай мен Иран Гүлстан провинциясы губернаторының бірінші орынбасары Ибрахим Каримидің қатысуларымен Горган қаласындағы Қазақстанның Бас консулдығы ғимаратында ұйымдастырылған «Абай орталығының» ресми ашылуы өткізілді.

   Орталықтың ресми ашылу салтанатына Гүлстан провинциясының мәдениет, ғылым салаларындағы басшылары, Горган қалалық әкімшілігі және жергілікті қазақ қандастарымыздың белсенді өкілдері қатысты.

         Қатысушылар алдында сөз сөйлеген Елші шығыс пен батыс және парсының классикалық әдеби тұлғаларының еңбектеріне қаныққан Абайдың философ, ақын, ағартушы, ұлттық жаңа әдебиеттің негізін қалаушы ретінде өшпес мұралар қалдырғанына кеңінен тоқталды. Елші бұл ойшылдың өз халқын  білім-ғылым іздеуге, қоғамды өркендетуге шақырған тарихи ерекше рөлін, еңбектерінің әдеби, рухани, философиялық тұрғыдан аса құндылығын атап көрсетті. Этникалық қазақтар да жасайтын Горган қаласында ашылған осы Орталық арқылы ирандықтар қазақтың ұлы ойшыл философтары, ғұлама ғалымдары, ірі тұлғаларының еңбектерімен ғана емес, қазіргі Қазақстанның саяси-экономикалық және әлеуметтік жетістіктерімен де танысады, деп жариялады. 

      Гүлстан провинциясы губернаторының бірінші орынбасары Қазақстанда және шет елдерде мерекеленіп жатқан әл-Фарабидың 1150 және Абайдың 175 жылдық мерей-тойларының халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты дамытудағы ерекше маңыздылығын атап өтті. Қазақстанның Маңғыстау облысы мен Иранның Гүлстан провинциясы арасында орнатылған орнаған өзара ынтымақтастық шеңберінде сауда-экономикалық, мәдени, білім, туристік және емдік туризмді дамытуда игі қадамдар жасалуда. Горган мен Ақтау арасында тікелей әуе қатынасын орнату, гүлстандық бизнесмендердің Маңғыстау облысында инвестициялық жобаларды іске асыру, өзара мәдени-спорттық шараларды өткізу бойынша келісулер жүргізілуде, деп жариялады И.Карими.

   «Абай орталығының» ресми ашылуы барысында Иранның І сыныпты заңгері, Иран қазақтарының тарихы, қазақ-иран қатынастары жөнінде мақалалар жазып жүрген, сондай-ақ Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін толық әрі сапалы түрде парсы тіліне аударып, иран жұртшылығына ұсынған қандасымыз Қажымұхамет Шатқамға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен берілген ІІ дәрежелі «Достық» орденін Елші А.Оразбай табыс етті.

     Сөз алған Марапат иесі Абай еңбектерін зерделеуге арнаған 20 жылдық еңбегін жоғары бағалағаны үшін Қазақстанның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа зор алғысын білдірді. Өзара сабақтас болып табылатын ғұлама ойшыл әл-Фараби мен хакім Абай дүниетанымдарының арабтық, парсылық немесе тек қазақтық қана емес, сонымен бірге, бүкіл адамзатқа ортақтығын атап өтті. Тарихи Отаны – Қазақстанның жетістіктерге жете беруіне тілек айтып, Иранмен арадағы мәдени-әдеби байланыстардың дамуына үлес қосуын жалғастыра беретінін мәлімдеді.

   Жиналған қауымға Әл-Фараби мен Абай және еліміз туралы ақпараттық-имдждік материалдар таратылды.

    Осы іс-шараға қатысу шеңберінде Гүлстан провинциясына жасаған іссапары барысында А.Оразбай өңірдегі қазақ қандастарымыздың белсенділерімен кездесулер өткізіп, қазақтар тұратын елді мекендерде болды. Сұхбаттар барысында Елші Қазақстанда болып жатқан оң өзгерістер туралы баяндап, еліміздің көші-қон саясаты мен шет елдердегі қандастарымызға көрсетіліп отырған қолдаулар жөнінде әңгімелеп берді.

Қазақстанның Ирандағы елшілігі