
2020жылғы 27 қазанда Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы Елшілігінің ұйымдастыруымен Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы аясында осы ұлы ақынның Тегерандағы Иранның Ұлттық кітапханасында орналасқан ескерткішіне салтанатты түрде гүл қою рәсімі өтті.
Осы салтанатты рәсімге Ислам Республикасының Үкіметі тарапынан Иран Президентінің кеңесшісі - ИИР Архив және ұлттық кітапхана ұйымының басшысы Әшрәф Боруджерди қатысты.
Ә.Боруджерди өзінің сөйлеген сөзінде Иран ақыны Фердоусидің өз шығармашылығы арқылы ұлттың тілі мен рухына жан бітіргенін, сол сияқты қазақ ақыны Абайдың өз халқына өлшеусіз еңбек сіңіргенін тарқатып айтты. Ә.Боруджерди қазақ және парсы ойшылдарын қос ел халықтарына жақын таныстырып, екіжақты мәдени ықпалдастықты арттыруды құптайтынын мәлімдеді.
Елші А.Оразбай осы рәсімде сөйлеген сөзінде Абайдың философ, ақын, ұстаз, ұлттық жаңа әдебиеттің негізін қалаушы, композитор ретінде жарқын мұралар қалдырғанын егжей-тегжейлі баяндады. Бұл ойшылдың өз халқын білім-ғылым іздеуге, қоғамды өркендетуге шақырған тарихи рөліне, еңбектерінің әдеби, философиялық тұрғыдан құндылығына кеңінен тоқталды.
Қазақстан елшісі биыл ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда және шет елдерде қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы, Шығыс ғұламасы әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы мерекеленіп жатқанын, осы орайда Қазақстан мен Иран көптеген халықаралық іс-шараларды бірлесіп өткізіп келе жатқанын атап өтті.
Салтанатты рәсім барысында тараптар ҚР және ИИР арасындағы мәдени байланыстарды, екі елдің ұлттық кітапханалары арасындағы қатынастарды екіжақты және көпжақты ынтымақтастық аясында одан әрі өркендетуге әзір екендерін білдірді.
Іс-шара аясында Қазақстан туралы және екі елдің мәдени байланыстарын ашып көрсететін көптеген материалдар қойылған арнайы бұрыш ұйымдастырылды.
Қазақстанның Ирандағы Елшісі А.Оразбай ИИР Президентінің кеңесшісі Ә.Боруджердиге парсы тіліне аударылған Абай мұраларын, кітаптарын, соның ішінде ақынның қара сөздерін, өлеңдерін және өзге де материалдарды салтанатты түрде табыстады.