
2020 жылғы 19 қазанда Нұр-Сұлтан қаласында ұлы ойшыл және ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1150 жылдық мерейтойына арналған «Жібек жолындағы өркениеттер үндестігі» халықаралық онлайн-форумы өтті. Бұл іс-шара Қазақстан мен Иранның бірлескен бастамасы ретінде өткізілді.
Бұл форумға Қазақстан тарапынан ҚР Мемлекеттік хатшысы Қ.Көшербаев қатысып сөз сөйледі, сондай-ақ оған бірнеше министр мен ғалымдар қатысып отырды.
Иран тарапынан ИИР Ғылым, технология және зерттеулер министрі М.Ғолами және ИИР Ғылым академиясының президенті, әйгілі фарабитанушы ғалым доктор Р.Давари Ардакани қатысып, мазмұнды баяндамалар жасады.
Сонымен қатар, бұл іс-шараға UNESCO, ICESCO, IRSICA, ТҮРКСОЙ, Түрк академиясы сияқты ұйымдардың басшылары, Иранның ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының бас хатшысы Х.Аюби, Түркия, Ресей, Үндістан, Франция, Әзербайжан, Өзбекстан, Грекия, Тәжікстан, т.б. шет мемлекеттердің ғылым академияларының басшылары, ұлттық университеттерінің ректорлары, белгілі фарабитанушы ғалымдар қатысты.
Форумның бір секциясында Қазақстан тарапынан ҚазҰУ ректоры Ғ.Мұтанов, ал екінші секциясында Иран тарапынан ИИР-дің ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының Бас хатшысы Х.Аюби модератор болды.
Форумға қатысушы қайраткерлер мен ғалымдар Фараби мұраларының жалпы адамзат үшін әділетті және бақытты қоғам құру жолындағы маңыздылығын атап өтісті.