Меню

Страницы

Статья

Әл-Фараби философиясындағы бақытты адам тұжырымдамасы

Дандай             

                                                                                               ЫСҚАҚҰЛЫ,  

                                                                                     филология ғылымдарының

                                                                                            докторы, рофессор

 

                          Әл-Фараби философиясындағы бақытты адам тұжырымдамасы

 

                                                                  «Ақыл-парасат адамға ең биік

                                                                 кемел ойға жету үшін берілген».

 

     Жер-жаһанды жаһандану жалмап, әлемді жалған сөздер билеп, жалған идеялардың жетегінде кетіп, мұның аяғы құрдымға бет алып, адамзат баласының басына апат төніп келе жатқан кезде ойымыз оянып, санамыз сан саққа жүгіріп жатқан жайымыз бар. Осы біз өзіміз кімбіз, қайда бара жатырмыз, қазір не істеп жатырмыз, өзгелер қалай деген сауалдар төңірегінде іздене бастадық.

      Күн сайын тарылып бара жатқан мына заманда тарихи тамыры, рухы мықтылардың ғана болашағы барлығына көзіміз жеткендей.  Түрлі обьективтік, субьективтік жағдайларға байланысты тарихын біле бермейтін, ұлттық рухы әлсіреген ұлтқа айнала бастапыз. Тәуелсіз ел болған соң, шынайы тарихымызды түгелдеуге, ұлттық идеологиямызды жасауға кірісіп жатқан жайымыз бар. Сөйтсек, біз де өзге халықтар сияқты әлемдік тарихта, әлемдік өркениетте өзіндік орны бар іргелі мемлекеттердің бірі екенбіз.

     Тарихтың «құм басқан» көне «рухани күмбездерінің» ішінде алыстан мұнартып, жақындаған сайын жарқырай түсетін  Әбу Насыр Мұхаммед ибн Ұзлағ ибн Тархан  Әл-Фарабидің тұлғасы биіктей түседі. Орта ғасырларда Орталық Азияның ірі орталықтарының бірі болған Отырарда өмірге келіп (870 жыл), ержеткен соң, білім іздеп, араб елдеріне аттанған ол сол кездегі  араб халифатының ірі мәдени, рухани астанасы болған Бағдатта  тұрып, өмірінің барлығын білім соңында өткізеді. Сонымен бірге, сол кездегі «Шығыс ренессансының» орталықтарының бірі болған Шаш (Ташкент), Самарқан, Бұқара, Исфахан, Хамадан, Рей (Тегеран), Алеппо, Хоран, Дамаск шаһарларында да тұрады. Өмірінің соңында Дамаскіде тұрып, осында 950-жылы қайтыс болады. Қазір Дамаскідегі Әл-Фарабидің жатқан жері жөнделіп, мемлекет қарауына алынған.

     Қазақ елі көп уақытқа дейін Әл-Фарабиді біле бермеді. Оның есімі шығыстанушылардың еңбектерінде аталып жүргенімен де ол өзіне лайықты бағасын өз дәрежесінде толық ала алмай келді. 1975 жылы жарық көрген өзбек ғалымы М. Хайруллаевтың «Мироввоззрение Фараби и его значение в истории философии» (Ташкент, 1967), «М. Фараби: эпоха и учение» (Ташкент, 1975) атты монографиялық зерттеулері шығып, осы тақырыпта докторлық диссертация қорғағаннан кейін барып, қазақ ғалымдары бұл мәселеге назар аудара бастады. Осы кезден бастап, Әл-Фараби есімі Шығыстың орта ғасырлардағы Қайта өрлеу дәуіріндегі «бірінші философы» атанып, оның ең жарық жұлдызы болып, жарқырай түсті; әлемдік өркениеттегі Аристотельден кейінгі «екінші ұстаз» атанды.

      Әл-Фарабиді қазақ даласына алып келген қазақтың біртуар ғұламаларының бірі Ақжан Машанов болды.  Ол Әл-Фараби мұрасын қазақ халқының ұлттық дүниетанымымен сабақтастыра зерттеу нәтижесінде Фарабитанудың  негізін қалады.  «Әл-Фараби» тарихи романында оның көркем бейнесін сомдады.  Әл-Фараби және Абай» (Алматы, 1994)  еңбегінде әр дәуірде жасаған қазақтың екі ғұламасы арасындағы ғылыми және рухани байланыстар мәселесін зерделеді.  Ұлы ғұламаның артында қалған ғылыми мұрасын жан-жақты қарастырған «Әл-Фараби» (Алматы, 1971), «Әл-Фараби және бүгінгі ғылым» ( Алматы,  2004) кітаптары жарық көрді.

   Әр жылдарда «екінші ұстаздың» ғылыми мұрасын түрлі жақтарынан қарастырған А. Көбесовтің «Әл-Фараби» (Алматы, 1971), «Педагогические наследие аль-Фараби» (Алматы, 1989), А. Қасымжановтың «Эстетические взгляды Фараби» (Душанбе: Ирфан, 1990), «Абу Наср аль-Фараби» (Алматы, 1997),  А. Қасымжанованың «Обоснование политической науки в наследии Абу Насра ал-Фараби» (Алматы, 1998), «Философские приношение аль-Фараби» (Алматы, 2006), С. Дәукееваның «Философия музыки Абу Насра Мухаммада аль-Фараби» (Алматы, 2002), т. б.  зерттеулері кітап болып шықты. Сонымен бірге, Әл-Фарабиге арналған ұжымдық монографиялар, конференция материалдарының жинақтары жарық көрді. Ә. Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» (1975)  романында ғұламаның көркем бейнесі сомдалды. Әл-Фараби жайлы зерттеулер шетелдерде де, әсіресе араб, түркі  елдерінде жалғасып жатыр.

  1975-жылы Әл-Фарабидың туылғанына 1100 жыл толуына арналған түрлі шаралар, конференциялар  Алматы, Мәскеу, Бағдад  қалаларында үлкен табыспен  өтті. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген ғалымдардың ұлы ғұламаның артында қалған мұрасы жайлы баяндамалары тыңдалып, оның әлемдік өркениеттегі биік орнына назар аударылды.

     Алматы қаласындағы Қазақ Ұлттық университеті, осы университеттің үлкен кітапханасы, қаладағы ең үлкен даңғыл (проспект), Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университеті, осындағы қалалық орталық кітапхана  Әл-Фарабидың атымен аталады. Сондай-ақ  республиканың көптеген қалаларындағы кітапханаларға, мәдениет сарайларына, көшелерге ұлы жерлесіміздің есімі берілген. Алматы, Шымкент, Түркістан қалаларында әл-Фарабидің еңселі ескерткіштері бой көтерген. Әл-Фарабидің суреті Иранның (1950), СССР-дің (1975)  пошта маркаларында, Қазақстан Республикасы ақшасының беттерінде бедерленген.

                                                                 *   *   *  

    Әл-Фараби - ғылымның барлық саласымен дерлік, айналысып, 150-дей ғылыми трактат жазып, артына өшпес мұра қалдырған энциклопедист ғұлама, орта ғасырлардағы түркілік, исламдық өркениеттің жарық жұлдызы. Оның есімі  әлемдік өркениеттің тарихында әйгілі ойшыл, философ, математик, физик, астроном, әлеуметтанушы, тілді, сөз өнерін, саз өнерін зерттеуші ретінде кеңінен танымал болды.

       Ол «Ғылымдардың жіктелуі туралы сөз» атты еңбегінде ғылымды бес салаға бөліп жіктейді:

 «біріншісі - тіл білімі және оның бөлімдері;

екіншісі - логика және оның бөлімдері;

үшіншісі - математикалық ғылымдар. Бұлар : арифметика, геометрия, оптика, тәлімдік астрономия, музыка ғылымы, ауырлық туралы ғылым, механика;

төртіншісі - физика және оның бөліктері, діни ілім және оның бөлімдері;

бесіншісі - азаматтық ғылым және оның бөлімдері, діни ілім және оның бөлімдері» (Әбу Насыр әл-Фараби. Таңдамалы трактаттары. Алматы, «Арыс», 2009, 15-бет).

     Ортағасырлардағы ғылым біртұтас, әлі іштей жіктелініп, жеке  сала болып қалыптаса қоймаған болатын. Сондықтан да ғалымдар өмірдің, барлық  ғылым салаларының ортақ әмбебап заңдылықтарын зерттейтін философ болды. Әл-Фараби еңбектерінің салмақты жағы да негізінен, ғылымның философиялық мәселелерін зерделеуге арналған. «Субстанция туралы» («Слово о субстанции»),  «Мәселенің мәні» («Существо вопросов»),  «Заңдар туралы кітап» («Книга о законах»), «Кеңістіктегі қозғалыстардың тұрақтылығы жайлы кітап» («Книга о постоянстве движения вселенной»), «Ақыл-естің мәні туралы» («О смысле разума»), «Жастардың ақыл-есі туралы кітап» («Книга о разуме юных»), «Логика бойынша барынша шағындалған кітап», («Большая сокращенная книга по логике»), «Логикаға кіріспе кітабы» («Книга введения в логику»), «Дәлелдемелер кітабы» («Книга доказательства»), «Силлогизм шарттары туралы кітап» («Книга об условиях силлогизма»), «Жанның негізі туралы трактат» («Трактат о сущности души»), «Түс көру туралы» («Слово о сновидениях»), «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактат» («Трактат о взглядах жителей добродетельного города»), «Ғылымды анықтау және жүйелеу туралы кітап» («Книга об определении и классификации наук»), «Философияның мәні туралы кітап» («Книга о смысле философии»), «Философияны үйренгенде, нені білу керектігі жайлы кітап» («Книга о том, что нужно знать для изучения философии»), «Философияға ескертпелер» («Примечания к философии») секілді еңбектерінде ғылымның аса маңызды проблемалары көтеріліп, ғұламаны асқан ойшыл, кемеңгер философ ретінде әлемге танытты.

     Идеализм мен исламның негігі қағидаларынан бастау алатын Әл-Фарабидың философиясы материализмге арқа сүйейтін Батыстың философиясынан өзгешелеу келеді. Ғалым мұрасын зерттеушілер Әл-Фараби философиясына тірек болған үш дәйектемені көрсетеді: «1) дүниені  мәңгілік деп тану; 2) зерттеу принципі ретіндегі детерминизм; 3) парасат жайындағы ілім, бұл ілімнің адам жанының мәңгі өлмейтіндігі бекер дейтін қорытындыға бейім тұрғандығы» (Б. М. Кедров, Ш. Е. Есенов, А. Х. Қасымжанов. Әл-Фарабидің философиялық көзқарастары. Кітапта: Әбу Насыр Әл-Фараби. Бақыт туралы кітап. Алматы, 2015, 20-бет).

    Әл-Фараби философиясы болмысты бес сатыға бөліп қарастырады. Оған дейінгі философтар ең жоғарғы сатыға Құдайды қойып келсе, Әл-Фараби бұл жерге дерексіз-абстрактылы күшті қояды. Ғалым екінші сатыға аспан денелерін, үшіншіге әрекетшіл парасат және «ай астындағы әлемді», төртіншіге адам жанын, бесіншіге форма мен материяны орналастырған.

       Оның жаратылыстану ғылымының түрлі мәселелерін қозғаған «Ваккум туралы мақала» («Слово о пустоте»), «Физика ғылымының элементтері жайлы жоғары пікірлер кітабы» («Книга высоких рассуждений об элементах науки физики»), «Химия өнерінің қажеттілігі жайлы» («О необходимости искусства химии»), «Жануарлардың дене мүшесі, қызметі мен қабілеттілігі жайлы» («Об органах животных»), «Адам (мүшелері) жайында» («Об органах человека») еңбектері жарық көрген.

    Әл-Фарабидің «Музыка туралы үлкен кітап» ««Большая книга о музыке»), «Саз туралы сөз» («Слово о музыке»),  «Ырғақты жүйелеу туралы» («Книга о классификации ритмов») еңбектерінде саз өнеріндегі дыбыс, ырғақ, олардың үйлесім тауып, қабылдануы сияқты маңызды мәселелер көтеріледі.

     Екінші ұстаздың математика, аспан әлемі бойынша «Геометриялық құрылымдар бойынша жетекші» («Руководство по геометрическим построениям»), «Жұлдыздар үкімдеріндегі ненің дұрыс және ненің бұрыс екендігі туралы трактат» («Трактат о достоверном и недостверном в приговорах звезд») еңбектері жарық көрген.

     «Жазу өнері жайлы кітап» («Книга об искусстве письма»), «Өлең мен шешендік туралы кітап» («Книга о стихе и риторике»), «Дыбыс және дыбыстау» («О буквах и произношении»), «Шешендік туралы кітап» («Книга о риторике»), «Каллиграфия туралы кітап» («Книга о каллиграфии»), «Сөздік туралы» («О словарях»)    секілді тіл, сөз өнері жайлы жазылған еңбектерінде филология ғылымдарының негіздері қаланды деуге болады.

  Әл-Фараби ғылымдарды жүйелегенде, ең алдына тіл білімін қояды. Өйткені, «Бұл айтылғандардың барлығын пайымдау жолымен - өз ойымызды қалай жеткізу керектігінен, үйрету немесе үйрену керектігінен, қалай баяндау, сұрау, жауап беру керектігінен абстракциялану арқылы таптық. Осы себепті барлық ғылымдардың ішіндегі ең бірінші ғылым тіл туралы ғылым деймін. Ол заттарға, яғни субстанция мен акциденцияларға атау береді.

    Екінші ғылым  - грамматика, ол атауларды қалай реттеу керектігіне, субстанциялар мен акциденциялардың орналасуын білдіретін сөздер мен сөйлемдерді және содан шығатын салдарларды құрастыруға үйретеді» (Әбу Насыр әл-Фараби. Таңдамалы трактаттары. Алматы, «Арыс», 2009, 54-бет).  Бұл жерде ғұламаның адамның адам ретіндегі саналы тіршілігінде, адамның өмірдің құпияларын танып-білуіне көмектесетін ғылыми ізденістерінде тілдің айрықша орнына ерекше мән бергендігі көрінеді.

     Әл-Фарабидің анықтауынша, тілдің сан қырлы қызметі тікелей логикамен байланысты: «Ол қорытынды алу үшін логикалық фигураларға сай баяндауыш сөйлемдерді қалай орналастыру керектігіне үйретеді. Солардың арқасында біз танымағанды танимыз, ненің ақиқат, ненің жалған екендігі туралы пікір айтамыз» (сонда).

     «Поэзия (өнері) туралы» трактатында ол негізінен, арабтың сөз өнері жайлы ойларын  басқа елдермен салыстыра отырып, әңгімелейді. Араб поэзиясында кең тараған бәйттерге қойылатын 11 түрлі талапты түсіндіріп, көрсетеді. Өлеңдегі дыбыстың, ырғақтың, басқа да бөліктердің, шарттардың, айтылымның  үйлесім табуы заңдылық дейді. «Егер айтылым зат бейнелейтіннен тұратын болса және өлең өлшеміне сыйғызылмаған әрі ырғағы болмайтын болса, онда ол өлең болып есептелінбейді, ал керісінше, ол поэтикалық айтылым болып есептеледі. Ал егер айтылым мұнымен қатар тағы өлең өлшеміне сыйғызылатын және бөліктерге бөлінетін болса, онда ол бұл жағдайда өлең болады» (сонда, 176-бет); «Осыған негізделе отырып, (затты) көз алдыға елестету поэзияда да маңызды (деп айтуға болады), мысалы, білім - дәлелдеуде, пікір - топикте және көз жеткізу - риторикада маңызды» (сонда, 177-бет). Бұл жерде сөз өнерінің бейнелеушілік сыпаты басқалармен салыстырыла отырып, дәл көрсетілген. 

       «Демек, өнер екі түрге бөлінеді: біреуінің мақсаты тамаша көркемдікке ие болу, екіншісінің мақсаты пайдаға ие болу»; «Тек тамаша көркемдікке жетуді мақсат ететін өнер философия деп,  немесе абсолюттік мағынада айтқанда, даналық деп аталады» (сонда, 35-бет)-деген пікірлері күні бүгінге дейін өзінің маңызын жойған жоқ. Өнердің шапанын жамылып, жеке басының мүддесіне пайда табуды көздеген «өнер туындыларын»  шын  өнерден айыра білу қай кезде де күн тәртібінде тұрған.

       Ғұламаның «Барлық поэтикалық шығармалар бір нәрсені қиялмен жақсы бейнелеу үшін ғана шығарылған» (233-бет)-деген ой түйінінде сөз өнерінің басты қасиеті ашылған.

                                                                       *   *   *

       Ғалымның «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактат» («Трактат о взглядах жителей добродетельного города»), «Бақытқа жету жайында» ( «Книга о достижении счастья»), «Бақыт жолын сілтеу» («Указание путей счастья»), «Азаматтық саясат» («Гражданская политика»), «Соғыс пен бейбіт өмір туралы кітап» («Книга о войне и мирной жизни»), «Қоғамды зерттеу кітабы» («Книга изучения общества») еңбектерінде  адам қайтсе, бақытты болады, адамдар бақытты өмір сүре алатын қоғамдық құрылыс қандай болуы керек деген сауалдар төңірегінде мәселенің мәніне тереңдеп барады.

  Осы жерде айта кеткен жөн: біздің бүгінгі күнгі қоғамдық ғылымдарымызды  ғалым «азаматтық ғылым» деп атаған. «Азаматтық» терминінің өміршеңдігі соншалық, бүгінгі күнге дейін саясатта, қоғамдық ғылымдарда түрліше тіркестермен қолданылып келеді. Мысалы, «азаматтық қоғам», «азаматтық неке», «азаматтық парыз», «азаматтық кодекс», т. б.  «Азаматтық қоғам» дегеніміз - «үкіметке тәуелсіз, оған ықпал жасауға қабілетті әлеуметтік қатынастар мен институттар жиынтығы; дербес жеке адамдар мен әлеуметтік субъектілер қоғамдастығы» (Уикипедия). Қоғам дамуының бұл бағыты «Бүкiл адамзат үшiн жарқын болашаққа үмiт беретiн бiрден-бiр жол» (Кофи Аннан) саналады. Міне, қазір қоғамдық даму болашағының жарқын үлгісі саналып отырған «азаматтық қоғамның» қандай болуының үлгісі алғаш рет Әл-Фарбидің «Қайырымды қала тұрғындарының  көзқарастары жайындағы трактат» атты еңбегінде жасалынды.

      Әл-Фараби қоғам дұрыс болу үшін онда өмір сүретін адамдар дұрыс болу керек деп біледі. Ал адамдардың алдына белгілі бір мақсат қойып, соған жету үшін барынша ұмтылатыны белгілі. Сонда адам тіршілігінің бар мәні бақытты болуға саяды. «Екінші ұстаз» адам өмірінің ең жоғары сатысы саналатын «бақыт» категориясына тоқталып, оған философиялық тұрғыдан сыпаттама, терең талдаулар жасайды. Ол  «Адамзат кемелдігінің ең биік дәрежесіне жеткен» адамды бақытты адам  санайды. Адам бақытты болу үшін ол өмір сүріп отырған елдің басшысы да  кемел адам болуы керек», «Адамдар ішіндегі ең таңдаулы жан бірінші басшы болуға тиіс» (Әл-Фараби. Әлеуметтік-этикалық трактаттар. Алматы,  «Ғылым», 1975, 356-бет) деп біледі. Осындай оймен   басшыға қойылатын алты талапты атайды:

     «Бірінші шарт - дана болу.

       Екінші шарт - қалаға арнап бірінші имамдар (басшы, Д. Ы.) белгілеген заңдарды, ережелер мен әдет-ғұрыптарды жадында сақтап, жетік білу, өзінің барлық іс-әрекетін осыларға сәйкес жүргізу.

      Үшінші - бұрынғылардан тиісті заң сақталмаған жағдайда, бірінші адамдардың үлгісімен әрекет жасай отырып, бұл жөнінде тапқырлық көрсету.

      Төртінші  - бірінші имамдар аңдай алмаған нәрселерді бұрыннан қалыптасып қалған жағдайды да, болашақ оқиғаларды да қалаған кезінде танып-біліп отырарлықтай тапқыр да білгір болу; өзінің осындай іс-әректінде ол халықтың әл-ауқатын жақсартуды мақсат етуге тиіс.

      Бесінші - бірінші имамдардың заңдарын және солардан кейін, олардың үлгісі бойынша өзі белгілеген заңдарды орындауға жұртты өз сөзімен жігерлендіре білу.

       Алтыншы - әскери істерді жүргізу үшін қажетті дәрежеде қайратты болу, оның бер жағында әскери өнерді қызмет бабындағы өнер ретінде және билеуші өнер ретінде  біліп алу» (Әл-Фараби. Философиялық трактаттар. Алматы, 1973, 338-бет).

      Осы еңбегінің тағы бір жерінде    «Адамдар ішіндегі ең таңдаулы жан бірінші басшы болуға тиіс...» (сонда, 356-бет)-деп, негізгі ойын нығарлай түседі. Сонда ең таңдаулы, кемелдікке жеткен бақытты адам қандай адам? Бұл сауал - адамзат қоғамын Адам-ата жаралғалы бері ойландырып келе жатқан мәңгілік мәселе. Әл-Фараби «Бақыт жолын сілтеу», «Бақытқа жету жайында», «Мемлекеттік қайраткердің нақыл сөзлері», «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» секілді еңбектерінде осы мәселеге тереңдей барып, күні бүгінге дейін өзінің құнын жоймаған бағалы пікірлер айтты. Керек десеңіз, Батыстық озық даму үлгісі ретінде ұсынылған жаһанданудың салдарынан әлем дағдарысқа, тоқырауға ұшырап отырған мына заманда Әл-Фарабидың гуманистік идеяларға негізделген ғылыми ой-пікірлерінің өміршеңдігі көрініп тұр.

       Әл-Фараби өмірге келген әрбір адам бақытты болу үшін өмір сүреді дейді:    «Бақыт - әрбір адам ұмтылатын мақсат...» (Әл-Фараби. Әлеуметтік-этикалық трактаттар. Алматы,  «Ғылым», 1975, 3-бет), «Жан біткеннің бәрі ең биік кәмелеттікке жету үшін жаралған, ол бұған өзіне тән болмыс сатысына сәйкес жете алады» (Әл-Фараби. Философиялық трактаттар. Алматы, 1973, 347-бет).

    Адамның бақытқа жету жолындағы күресінде үш түрлі жағдайды басынан өткереді. Олар: «1. Бұл - әрекеттер, адам өзінің дене мүшелерін пайдалану үшін керекті әрекеттер, мысалы, орнынан тұру, отыру, көлікке мініп жүру, көру, есту үшін керекті әрекеттер. 2. Жан эффектілері. Мысалы, құштарлық, рахат, қуаныш, ашу, қорқыныш, жабырқау, күйіну, қызғаныш және сол сияқтылар. 3. Ақыл-парасат. Бұл үшіншісі адамның бүкіл өмір бойында болады немесе кейде болып, кейде болмайды» (Әл-Фараби. Әлеуметтік-этикалық трактаттар. Алматы,  «Ғылым», 1975, 6-бет).  Адамның бақытқа жету жолындағы өмірінде тек қана  адам баласына ғана тән ақыл-парасаттың маңызы зор. Осы мәселе кітапта біршама талданылған.

    Осы үшеудің ішіндегі ақыл-парасат - адамдардың бақытты болуы үшін Алланың сыйлаған сыйы.  «Адам нақ осы ақыл арқылы адам болған...»;  «Ақыл-парасат күші - адамның ойлауына, пайымдауына ғылым мен өнерді ұғынуына және жақсы қылық пен жаман қылықты айыруына көмектесетін күш» (сонда, 194-бет).

   Ақылды, парасатты болу үшін адам өмір бойы оқумен, оқығандарын бойына тоқумен, жақсылардан үйренумен  өтеді: «Үйрету дегеніміз - халықтар мен қалаларға теориялық ізгіліктерді дарыту деген сөз» (сонда, 343-бет);   «Пайымдағыштық дегеніміз, адамның шын мәніндегі ұлы игілікке ие болуы үшін неғұрлым қолайлы да дұрыс заттарды мінсіз ұғыну және ашу қабілеті, ал оның бұл жолдағы ардақты, тамаша мақсаты - бақытқа немесе соған апаратын ең қажетті белеске жетуі»  (сонда, 224-бет); «Ойшылдық ізгілік дегеніміз - әлденендей бір ізгі мақсатта барынша көп пайда келтіретін нәрсені анықтауға жұмсалатын ізгілік» (сонда, 329-бет); «Тәрбиелеу дегеніміз - халықтардың бойына білімге негізделген этикалық ізгіліктер мен өнерлерді дарыту деген сөз» (сонда, 343-бет).

   Жақсы тәрбиемен дұрыс бағытта берілген білім адамды кемелдікке, даналыққа қарай бастайды. «Даналықтың ерекшелігі - әрбір түпкі нәрсенің шекті себептерінің оған мәлімділігі болса және адам өмірінің мақсаты бақыт болса, ал мақсат сол себептердің бірі болса, онда, даналық дегеніміз, шын бақыт болып табылатын зат туралы білімнің бізге беретіні болып шығады. Даналық дегеніміз - шын бақыт туралы білім беретін нәрсе, ал пайымдағыштық - бақытқа жету үшін орындау керек болатын әрекеттер туралы білімнің беретін дүниесі» (Әбу Насыр Әл-Фараби. Бақыт туралы кітап. Алматы, 2015, 16-бет).

    Бақыт дегеннің не нәрсе екендігін жан-жақты білімдарлығының, ойшылдығының арқасында жан-жақты  түсіндіреді; әр түрлі қырынан сыпаттайды:

      «Кейбіреулер ләззат алуды ең жоғары бақыт деп, есептейді. Енді біреулер байлықты бақыт деп, санайды. Үшінші біреулер бақытты сол екеуінің ұштасуы деп біледі» (сонда, 311-312 беттер);

      «Бақыт дегеніміз -  игіліктердің ішіндегі ең қадірлісі, ең үлкені  және ең жетілгені...» (сонда, 5-бет);

      «...біз философияның арқасында бақытқа жетеміз. Ал оны біз жақсы ақыл-парасат арқылы меңгереміз» (сонда, 36-бет);

     «Ең дұрысы, бақыт - оқығанда, сабақ алғанда, білімді игеру, әртүрлі өнерлерді үйренгенде, оларды игеру, (оларға сәйкес) жұмыстарды орындау сияқты игілікті істер арқылы қол жететін мақсат» (сонда, 258-бет);

   «Бақыт - өз басың үшін көксейтін игілік; бұған ешбір жағдайда және ешқашанда басқа нәрсеге бола талпынбайды, өйткені (бақыттың) аржағында адамның қолы жете алмайтын бұдан артық нәрсе жоқ. Бақытқа жетуге көмектесетін еркін әрекет - тамаша әреекет. Мұны туғызатын әдет-ғұрып - қайырымдылық. Қайырымдылық дегеніміз, оның өзі белгілеген, бірақ бақытқа жету мақсатынан туған жақсылық. Бақытқа (жетуге) бөгет жасайтын әрекет жаман немесе сұмпайы әрекет болмақ. Бұл әрекетті туғызатын әдет-ғұрып - кемшілік, кесепат, пасықтық» (Әбу Насыр әл-Фараби. Бақыт туралы кітап. Алматы, 2015, 179-бет).

      Әл-Фарабидің пікірінше,      адам өмірінің мәні мен сәні, ең жоғарғы шыңы болып саналатын бақыт жанның байлығына, адамгершілікке негізделеді. «Жақсы мінез-құлық пен ақыл күші болып, екеуі біріккенде - бұлар адамшылық қасиеттер болып табылады» (сонда). Жаны жайсаң, адамгершілігі мол адамдардың мінез-құлқы да жақсы келеді. Жақсы мінез-құлық білім алу, үйрену барысында көбіне тәрбиемен қалыптасады.      

     «Практикалық ізгіліктер мен практикалық өнерлерді алатын болсақ, бұлар (адамдардың ) өздеріне тән әрекет жасау дағдысы арқылы  (ұғынылады). Бұған екі түрлі әдіспен жетеді:

1) иландырғыш нақыл сөз және басқа нақыл сөздер әдісі арқылы жетеді, бұл әрекеттер мен қасиеттердің көңілге толық ұялайтыны соншалық, (адамдарды) осы қасиеттерге байланысты әрекеттерді өз еркімен жасауға жігерлендіреді, ал бұлардың (көңілге ұялауы) шешендік өнерін пайдалану қабілеті мен дағдысына байланысты;

2) өз еркімен, өз қалауы бойынша жөнге келмейтін және сөзге (құлақ аспайтын) бүлікшіл, көнімсіз қала тұрғындары мен халықтарға қолданылатын күштеу әдісі арқылы жетеді, сонымен бірге (бұл әдіс) өздері үйрене бастаған теориялық білімдерді ұғынуға қарсылық білдіруші адамдарға да қолданылады» (Әл-Фараби. Философиялық трактаттар. Алматы, 1973, 347-бет).

    «Адамның бойына дарыған, халықтар мен қала тұрғындарына тән және бұл дүниеде тиесілі бақытқа жетуіне, о дүниеде асқан рахатқа кенелуіне септігін тигізетін төрт түрлі нәрсе бар, бұлар: теориялық ізгіліктер, ойшылдық ізгіліктер, этикалық ізгіліктер және практикалық өнерлер» (сонда, 297-бет).

   «Адамның игі қылықтары мен жақсы әрекеттерін жасауға көмектесетін жан қасиеттері - ізгілікті қасиеттер, ал адамның пасық істер мен оңбаған әрекеттер жасауына себепші болатындары - сұрқиялық, кемшілік немесе опасыздық болып табылады» (сонда, 188-бет).

       Адамның саналы өмірін қамтамасыз ететін - денінің  саулығы мен жан саулығы. Осы екеуі бір-біріне сай, үйлесім тапқанда ғана адам бақытты бола алады. Денсаулықты дәрігер қадағаласа, жан саулығы - аса күрделі; ол адамның өзінің дүниеге көқарасынан бастап, алған біліміне, тәрбиесіне, өмірлік мақсатына, мамандығына, қоршаған әлеуметтік ортасына сияқты көптеген факторларға байланысты. 

     «Дене сияқты жанда да өзіне тән денсаулығы және науқасы болады. Жанның саулығы сол, оның өзінің және бөлшектерінің жайы жақсы болуының әсерінен әрдәйім ізгі қылықтар көрсетіледі, игілікті істер істеледі және тамаша әрекеттер жасалады. Ал жанның науқастығы сол, оның өзінің және оның бөлшектерінің жайы нашар халде болуының әсерінен әрдәйім жаман қылықтар көрсетіледі, азғындық істер істеледі және сорақы әрекеттер жасалады» (сонда, 188-бет).  «Жаман мінез-құлық - рухани кесел» (сонда, 21-бет).  Жан сұлулығы, жақсы мінез адамды қайырымды етеді.  «Қайырымдылық адамдар жанынан берік орын алғанда, не адамдар ұстамды болғанда, қалаларда теріс қылықтар жойылады» (сонда, 201-бет).

  Әл-Фараби өмірдің небір қиын-қыстау сәттерінде біржақтылықтан, ұшқарылықтан сақтандырып, тең орта шамасын ұстауды ұсынады. Ортадан ауытқаушылық жақсылыққа апара бермейді деп, ескертеді.  «Біз қандай әрекет, қандай іс істесек те содан рахат табу, соның рахатын көру біздің мақсатымыз болады» (сонда, 25-бет) дей келіп, «Сезімдік рахат бізді жақсы (әрекеттер) жасауға итеретінін көрсек, біз соны істеуге бейім тұрамыз. Адам осы рахаттардан бас тартуға немесе белгілі бір мөлшерде соларды азайтуға қабілеті болса, мұның өзі оны мадақтайтын мінез-құлықтарға бір табан жақындатады» (сонда, 27-бет).

     Өмірде ненің жақсы, ненің жаман екенін айырудың өзі қиын. Байқамаса, жақсы деп, істеген ісіңнің жаманға, жақсылық жасадым дегеніңнің жаманшылыққа айналып кетуі әбден мүмкін. «Артынша жан азабына соқтыратын абзал істер белгілі бір уақыттан кейін рахатқа жеткізбей қоймайды. Және (керісінше) артынша рахатқа бөлейтін жаман істер белгілі бір уақыттан кейін қайткенде де азапқа апарып соқтыруға тиісті» (сонда, 28-бет).

   Өмірдегі адамдардың білім деңгейі  оқыған, оқымаған, жоғары білімді дегендей, түрліше болуы - заңды. Осындай адамдар туралы   «Ақыл-естің тілегенін (жасауға) парасаты және батылдығы жететін есті адамдар болады. Мұндай (адамдарды) біз әдетте, өзінің лайығынша, ерікті адам деп атаймыз, ал енді өз бойында осы екі (қасиет) жоқ адамдарды хайуан тәріздес адамдар деп атаймыз, ал тек ақыл-есі ғана жетіп, батылы бармайтындарды жаратылысынан құл адамдар дейміз» (сонда, 29-бет)-деген сыпаттамалар беріліпті.  Ары қарай ойын «Бұлардың ішінде батыл бола тұрса да, ақыл-есі кем түсетіндер бар. Бұлар үшін басқалар ақылға салып, пайымдайтын болады. Бұл жағдайда мұның өзінің қамын жеуші басқа адамдарға бұл не бағынып, не бағынбайды. Егер бағынбаса, онда бұл да хайуан тәріздес, ал егер бағынса, ол көп істерінде табысқа жетеді және осының арқасында құлдар (қатарынан)  шығып, еріктілер қатарына қосылады» (сонда, 30-бет)-деп, жалғастырған.

     «Сөз - ғылымдардың классификациясы туралы» еңбегінде «Азаматтық ғылым» туралы айта келіп, «Бұл ғылым осылардың қандайы шын бақыт болып табылады, ал қандайы шындығында осындай болмаса да, қиялдағы бақыт болып табылады. Шын бақыттың бұл өмірде болуы мүмкін емес, осы өмірден соң келетін басқа өмірде ғана болады, ал бұл айтып отырғанымыз - о дүние. Қиялдағы бақытқа келсек - бұл мысалы, байлық, дәреже, рахат - бұлардың барлығы да осы өмірдегі мақсат» (сонда, 191-бет)-деп, мәселеге діни тұрғыдан келеді.

     Бақытты болу кез келген адамның қолынан келе берер оңай шаруа емес. Оған өмірді сүре білуге қажетті жан-жақты білімі бар, жаны бай, адамгершілігі, рухы жоғары, мақсатына жету үшін қиындықтарға шыдап, күресе білетін адамдар ғана қол жеткізе алады.  «Егер адамның өмір сүруінің мақсаты - ең жоғары кәмелетке жету болса, онда адамның осы бақытқа жетуін көрсету үшін оны меңгеруге қабілетті нәрселердің бәрін алу керек» (Абу Насыр әл-Фараби. Таңдамалы трактаттары. Алматы, «Арыс», 2009, 406-бет). «Адамның өмір сүру мақсаты ең жоғары бақытқа жету болатын болса, ол адам бақыт дегеннің не екенін білуі қажет және оны өзінің мақсаты етіп қойып, соған ұмтылуы қажет. Сонан кейін ол бақытқа жету үшін не істеуге тиіс екенін біліп, соған әрекет жасауы керек» (сонда, 409-бет).

    Әл-Фарабидің адам концепциясында жүрек аса маңызды орынға ие. Өйткені, адамның бақытты болу жолындағы өмірінің барлығы осы жүрек арқылы басқарылады. Жүрегі таза, жылы адамдар ғана бақытты өмір сүре алады. Оған себеп, жүрек - адамның денесіндегі ең басты орган; адам ананың құрсағында жаратыла бастағанда, ең алдымен жүрек жаратылады; адамның басқа дене мүшелерінің барлығы  ми арқылы жүрекке қызмет етеді:

     «Жүрек - басты мүше, мұны тәннің ешқандай басқа мүшесі билемейді. Бұдан кейін ми келеді. Бұл да - басты мүше; бірақ мұның үстемдігі бірінші емес, екінші, өйткені ол барлық басқа мүшелерді билейтін болса, оның өзін жүрек билейді. Бірақ бұл тек жүрекке қызмет етеді және жүректің табиғи ниетіне қарай, бұған басқа мүшелер қызмет етеді..

     (Ми жүректен кейінгі) мүше ретінде (әрекет етеді), басты (мүше) бейімделе алмаған жерде оның орнын басады, оның өкілі болады, әр іске бейімделіп отырады; жүректің ізгі ниеттерін жүзеге асыру ісіне қызмет ету тек қана миға тән қабілет.

      Мәселен, жүрек -  ішкі табиғи  жылылықтың көзі...

      Ми (мұнда) жүрекке қызмет етеді,  сезімдік жүйке тамырларға өз күшін бойында сақтайтын қуат бітіреді, бұл қуат коректендіруші (күштердің) сезімтал болуына  мүмкіндік береді...

      Мидан кейін бауыр, бұдан соң көкбауыр, содан соң жыныс мүшелері...

     Мүшелердің ішінде тұңғыш рет жүрек пайда болады, бұдан кейін ми, одан соң бауыр, одан кейін көбауыр, сонсоң басқалары пайда болады. Бәрінен соң барып, қимылға келетіні - жыныс мүшелері...

     Үстем күштің мекені - жүректе»  (Әл-Фараби. Философиялық трактаттар. Алматы, 1973, 289-295  беттер).

   Халқын өнер-білімге, ой ойлауға, сөйтіп, ой бірлігіне  шақырған ұлы Абай да адамның өміріндегі жүректің атқарар қызметіне ерекше мән берген. Мида қорытылған ой жүректің сарабынан өтіп барып, сөзге айналып, сыртқа шығады. Ақынның айтуынша,  сөз «жүректен шықпаса, жүрекке жетпейді»;  «бойда қуат, ойда көз болмаса, ондайларға айтпа сөз»; жүрексіз айтылған сөз - жалған сөз; ондайларға сенбе.

  «Жүрек - теңіз, қызықтың бәрі - асыл тас,

Сол қызықсыз өмірде жүрек қалмас.

 Жүректен қызу-қызба кете қалса,

Өзге тәннен еш қызық іс табылмас.

Достық, қызық, бар қызық - жүрек ісі,

Ар, ұяттың бір ақыл - күзетшісі.

Ар мен ұят сынбаса, өзге қылық, 

Арын, алқын - бұл күннің мәртебесі»

-деп жырлаған ақын жүректің адамның рухани  өміріндегі шешуші рөлін дәл айтып отыр.

       Өмірдің әділетсіздіктерін қайнаған ішінде жүріп көп көрген, барынша сезінген халқының көзі, сезімі, жыршысы атанған ақынның жүрегі - «қырық жамау»:

    «Жүрегім менің - қырық жамау,

Қиянатшыл дүниеден.

Қайтып аман қалсын сау,

 Қайтқаннан соң әр неден...

 Қан жүректі қайғылы-ау,

Қайрыла кет сен маған.

Қасиетін ойлан-ау,

Қам көңілдің тынбаған».

      Бұл жерде қазақ топырағынан шыққан екі ұлы айтқан ой-пікірлерінің  арада мыңнан астам жыл уақыт өтсе де бір арнадан шығып жатқаны көрінеді. Ұлы философ Әл-Фараби адам бақытты болуы үшін ол ақыл-парасаттың иесі, жүрегі таза, жылы болуы керек десе, ақын Абай ең алдына оның ойының дұрыс болуын,  яғни мидың қызметін қояды. Екі ұлы да адам өміріндегі сандаған ойларды қорытып, ой ойлап, даналыққа, парасаттылыққа жетелейтін, дұрыс жолды табатын мидың, сол мидың қорытып ұсынған «ақылдарының» ішінен дұрысын қабыл алып, «жылылыққа орап», сөз арқылы сыртқа шығаратын жүректің қызметтерін аса жоғары бағалағандықтары, бірін бірі толықтыра түскендіктері көрініп тұр. Ұлылардың ұлылығы, ұлылардың үндестіктері  осылай болса керек.

    «Әбден жетілген адамдардың ғана жандары мәңгі өлмейді» (Әл-Фараби). «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, // Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» (Абай). Иә, ақыл-парасаттың шыңына шығып, оны ой елегінен өткізіп, артта келе жатқан ұрпақтардың бақытты өмір сүруіне көмектесетін «өлмейтұғын сөз» қалдырған ұлылардың рухтары мәңгі жасай береді.

Дата публикации
06 августа 2020
Дата обновления
06 августа 2020
Тип
Ақпарат

Сейчас читают

Ақпарат
26 мая 2025
Қазақстан Республикасынан құжаттарды талап ету
Ақпарат
15 марта 2024
Шет ел азаматтарына арналған қызметтер
Ақпарат
15 марта 2024
Қазақстан Республикасына кіруге және Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттік өтуге визалар беру, олардың мерзімін ұзарту

Социальные медиа

• Facebook

Меню подвал

ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары