Меню

Страницы

Статья

Әл-Фараби - жаҺанның ұлы данышпаны

А. Айдашев

 ‎     Әбу Насыр Мұхаммад ибн Мұхамет Тархан ибн Узлағ әл-Фараби ат-Турки (أبو نصر محمد الفارابي ) 870 жылы қазіргі Қазақстан Республикасының Отырар қаласында дүниеге келген. Оның әкесі Мұхамет Тархан Қыпшақ руынан (қазақ ұлтының орта жүзінде) шыққан атақты әскери қолбасшылардың бірі болған.

    Фараби - әлемге әйгілі ойшыл, философ, социолог, математик, физик, астроном, ботаник, лингвист, логика, музыка зерттеушісі. Отырар Шаш, Самарқан, Бұхара медреселерінде білім алды. Ол Қорқыт Ата (б.э.д. мың жыл), Асан Қайғы (б.э. басы), Тоныкөк (646-741 жж.), Білге Қаған (683-734), Күлтегін (684-731) және басқа ұлылар қалдырған дүниетанымдардан, ілімдер мен философиялық пайымдардан нәр алып, оларды одан әрі дамыта әрі тереңдете білді. Кейін Харран, Мысыр, Халеб (Алеппо), Бағдат  шаһарларында білімін жетілдіріп, өз заманының атақты данышпаны атанды.

     Әбу Насыр Әл-Фараби - шығыс ойшылдарының ең атақтысы, ең мәшһүрі, «Әлемнің Екінші ұстазы» атанған ғұлама.

     Оның заманында Отырар экономикасы, әлеуметтік жүйесі дамыған, мәдениеті өркендеген өңір болған. Әбу Насыр Әл-Фараби Орта Азия, Парсы, Ирак, араб елдері қалаларына жиһанкездік сапарлар жасағанда білімін толықтырып, мол тәжірибе жинақтады. Ол жерлерде көптеген ғұламалармен, ойшыл-ақындармен, қайраткерлермен танысып, сұхбаттасты. Бағдаттағы «Баит әл-хакма» атты ғалымдар үйі мен әлемдегі ең бай кітапхананы сындарлы пайдаланды.

       Алғашқы кезде Әл-Фараби өзін ақын, әнші, күйші (домбырашы) ретінде танытып, одан соң ежелгі грек ғалымдарының қолжазбаларын оқу арқылы күрделі ғылыми зерттеулермен шұғылдануға кіріскен.

       Өздігінен көп оқып, көп ізденген ойшыл философия, логика, этика, метафизика, тіл білімі, жаратылыстану, география, математика, медицина, музыка салаларынан 150-ге тарта ғылыми трактат жазып қалдырды.

      Әл-Фараби бүкіл ислам ғалымдарына парыз болған иджтихад мәртебесіне жетіп, ұлы мұджтахид ретіне танылды. Алайда, кеңес өкіметі тұсында атеистік идеологияның ықпалымен әл-Фараби діннен тыс ғалым ретінде көрсетілді. Әйтсе де оның ислам бірлігін сақтауға қосқан зор үлесі туралы мынадай дерек сақталған.

    Тегі түркі болып табылатын баһадүр қолбасшы Мұхаммед Ихшид ибн Тұрғыт Әмір ислам жолын бұзған «қармат» елін талқандаған соң, Әл-Фараби онымен кездесіп, Меккеге барар жолды кесіп «қажылық» жасауға мұрша бермеген қарматтарды жеңгеніне зор ризашылық білдіреді. Көңілі орнына түсіп қуанған Әл-Фараби қажылықты ниет етіп, Меккеге аттанады. Жолда араб халифының саид-задаларымен әңгімелеседі. Осы әңгімеде ғалым ислам бірлігін сақтау үшін мазһабтар арасын жақындастыру керек деген ой айтып, өзінің араб, парсы және түркі нәсілдері арасындағы алауыздықтарды жоюға күш салып жүргенін мәлімдейді. «Бабалардан қалған өсиетте түркі халқы әділетшіл делінген еді. Сол сөздің ақиқаттығы мен әділеттілігіне сізді көріп, енді көз жеткізіп отырмыз», деп Саид-задалар Әл-Фарабиді құрметтеп,құшақ жайып, қошаметтейді.

    Адамның өзін танымақтық жөніндегі ілімнің алғашқы қадамы көне дүние философтарынан басталса да, оны өз заманында ғылыми жүйеге түсіріп, қалыптастырған - осы Әл-Фараби.

    Әл-Фараби ілімі, философиясы мен пайымдарын орта ғасырдан бастан жаңа заманға дейінгі қазақ данышпандары, соның ішінде Жүсіп Баласағын (1020 ж.), Қожа Ахмет Яссауи (1093-1166 жж.), Мұхамет Хайдар Дулати (1490 ж.), Қадырғали Жалайыри (1550 ж.), Қазтуған Сүйінішұлы (17 ғ.), Шортанбай Қанайұлы (1818 ж.) және басқалар өз еңбектерінде, өлеңдерінде, жырларында кеңінен пайдаланды.

     Жан қуаты жөнінде Фараби қолданған философиялық терминдер Абайдың (1845-1905 жж.) өлеңдері мен Жетінші, Он жетінші, Жиырма жетінші, Отыз сегізінші, Қырық үшінші қарасөздеріңде сол түпнұсқадағы қалпында немесе қазақы ұғымға сай балама сөздермен берілген.

   Әбу Насыр әл-Фараби мұраларының Қазақстанда түбегейлі зерттелуі 20 ғасырлардың 60-жылдарында ғана қолға алынды. Оған алғаш бастамашы болған қазақ ғалымдары Ақжан Машанов пен Қаныш Сәтбаев еді. ЮНЕСКО шешімі бойынша 1975 жылы Алматыда Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1100 жылдығына арналған халықаралық конференция өткізілді.

   Бұл күндері ҚР Ғылым Академиясының философия институтында шығыс философиясы және фарабитану бөлімі жұмыс істейді. Мұнда ғұламаның бірқатар еңбектері қазақ және орыс тілдеріне аударылып, ғылыми түсініктемелері мен алғысөздері жазылып басылды, 20-дан астам трактаттары жарық көрді. Бұл бөлім Әбу Насыр Әл-Фарабидің диалектикасы, гносеологиясы мен әлеуметтік философиясы мәселелері бойынша зерттеулер циклін жүргізіп келеді. Қаз МУ-да Фарабитану орталығы құрылған. Мұнда да Әбу Насыр Әл-Фараби мұраларын аудару, зерттеу, насихаттау жұмыстары маркстік көзқарастардан арылған жаңа, тың бағыттар бойынша жүргізілуде.

   Қазақстан Республикасының Ұлттық валютасы – теңгелік ақшалардың бірқатарында Әл-Фараби бейнесі басылып шығады.

     Биылғы жылы ұлы данышпан Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерей тойына орай Қазақстан оның еңбектері туралы түрлі мақалалар басылуда, ғылыми-практикалық конференциялар, кездесулер және іс-шаралар өткізілуде.

Дата публикации
05 августа 2020
Дата обновления
05 августа 2020
Тип
Ақпарат

Сейчас читают

Ақпарат
26 мая 2025
Қазақстан Республикасынан құжаттарды талап ету
Ақпарат
15 марта 2024
Шет ел азаматтарына арналған қызметтер
Ақпарат
15 марта 2024
Қазақстан Республикасына кіруге және Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттік өтуге визалар беру, олардың мерзімін ұзарту

Социальные медиа

• Facebook

Меню подвал

ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары