Қазақстан Республкикасының Грузиядағы Елшісі Талғат Адуов Түркия Республикасының Грузиядағы Елшісі Түркер Арымен кездесу өткізді.
Мұстафа Түркер Ары жаңадан тағайындалған Қазақстан Елшісін құттықтап, жауапты дипломатиялық миссиясын абыроймен атқаруына тілектестік білдірді.
Кездесуде Қазақстан мен Түркияны байланыстыратын тарихи және мәдени сабақтастыққа, сондай-ақ бауырлас халықтар арасындағы берік достыққа назар аударылды. Әңгімелесушілер осы негізде қалыптасқан әріптестікті одан әрі тереңдетудің маңызын атап өтті.
Дипломаттар қабылдаушы елмен қарым-қатынастарды дамыту тәжірибесімен бөлісіп, Грузиямен өзара тиімді байланыстарды кеңейту жөнінде ой-пікірлерін ортаға салды.
Жүздесу соңында тараптар елшіліктер арасындағы сындарлы диалогты жалғастыруға және өзара ықпалдастықты нығайтуға дайын екендіктерін білдірді.
Тбилисиде Қазақстан Республикасының Грузиядағы Елшісі Талғат Адуов ӘзербайжанРеспубликасының Грузиядағы Елшісі Фаиг Гулиевпен кездесті.
Фаиг Гулиев қазақстандық әріптесін қызметіне кірісуімен құттықтап, жаңа лауазымдағы жұмысына табыс тіледі.
Дипломаттар Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы дәстүрлі достық пен өзара сенімге негізделген қарым-қатынастардың маңызын атап өтіп, екіжақты серіктестікті одан әрі нығайту жөнінде пікір алмасты.
Сонымен қатар, тараптар өз елдерінің Грузиямен байланыстарына тоқталып, ортақ мүдделер аясындағы ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін талқылады.
Кездесу қорытындысында елшілер тұрақты жұмыс байланыстарын қолдауға және өзара қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша пікір алмасуды жалғастыруға уағдаласты.
Тбилисиде Қазақстанның Грузиядағы Елшісі Талғат Адуов Назарбаев Университетінің Есептеу техникасы және жасанды интеллект мектебінің қауымдастырылған профессоры Майкл Льюиспен және Студенттерді қабылдауды басқару департаментінің бас менеджері Айсұлу Тұқтұбаевамен кездесті.
Кездесу барысында білім беру саласындағы қазақстандық-грузин ынтымақтастығын дамыту, студенттік ұтқырлық бағдарламасы (Student Mobility Program) аясында алмасуларды ұйымдастыру және алдағы бірлескен жобаларды іске асыру перспективалары талқыланды.
Тараптар Назарбаев Университеті мен Грузияның жоғары оқу орындары арасында байланыстар орнатудың маңызын атап өтті. Академиялық ұтқырлықты кеңейтуге және білім мен тәжірибе алмасуға қолайлы жағдай жасау мәселелеріне назар аударылды.
Сондай-ақ университеттің білім беру мүмкіндіктерін Грузияда таныстыру және жастардың Қазақстанда жоғары білім алуға қызығушылығын арттыру жөнінде пікір алмасу өтті.
Кездесу қорытындысында қатысушылар талқыланған бастамаларды одан әрі пысықтау және білім беру саласындағы әріптестікті нығайту мақсатында жұмыс байланыстарын жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.
16 қазанда Тбилисиде Қазақстан Республикасының Грузиядағы Елшісі Талғат Адуовтың Грузия Сыртқы істер министрінің орынбасары Александр Хвтисиашвилимен екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға арналған кездесуі өтті.
Сыртқы саяси ведомство басшысының орынбасары Талғат Адуовты тағайындалуымен құттықтап, Қазақстан мен Грузия байланыстарын нығайту жолындағы қызметіне табыс тіледі.
Әңгімелесу барысында тараптар алдағы бірлескен іс-шараларды және оларға дайындық мәселелерін талқылады. Стратегиялық әріптестікті нақты практикалық мазмұнмен толықтыру мақсатында тұрақты диалог пен тығыз үйлестірудің маңыздылығы атап өтілді.
Көлік-транзит саласындағы өзара іс-қимылға, оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағытын — Орта дәлізді дамытуға ерекше назар аударылды. Сұхбаттасушылар өңірлік өзара байланыстылықты арттыру және сауда-экономикалық қатынастарды нығайту үшін Қазақстан мен Грузияның транзиттік әлеуетін пайдалану перспективаларын қарастырды.
Тараптар өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге және екі ел арасындағы дәстүрлі достық қатынастардың негізін құрайтын жоғары деңгейдегі сенімді сақтауға мүдделі екенін растады.
16 қазанда Тбилисиде Қазақстан Республикасының Грузиядағы жаңадан тағайындалған Елшісі Талғат Адуов Грузия Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық хаттама директоратының директоры Зураб Дарчиашвилиге сенім грамоталарының көшірмелерін табыс етіп, өз міндеттерін атқаруға кірісті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан-Грузия қатынастарының өзекті мәселелері бойынша пікір алмасып, алдағы іс-шараларды талқылады. Оларды дайындаудың ұйымдастырушылық және хаттамалық аспектілеріне, сондай-ақ Елшілік пен Грузияның сыртқы саяси ведомствосы арасындағы тығыз өзара іс-қимылды жалғастыруға ерекше назар аударылды.
Сұхбаттасушылар Қазақстан мен Грузия арасындағы дәстүрлі достық байланыстарды нығайтуға, стратегиялық әріптестікті тереңдетуге және саяси, сауда-экономикалық әрі мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге екіжақты дайындықтарын растады.
Air Astana Жапония, Малайзия және Таиланд бағыттары бойынша жаңа рейстерді іске қосып, Грузиядан Қазақстан арқылы ұшатын жолаушыларға Азия елдеріне саяхаттаудың қосымша мүмкіндіктерін ұсынады.
2026 жылғы 30 қарашадан бастап әуе компаниясы Алматы – Токио (Жапония) бағыты бойынша аптасына екі рет тұрақты тікелей рейстерді орындай бастайды. 11 желтоқсаннан бастап Астана – Бангкок (Таиланд) бағыты бойынша аптасына екі рет рейстер іске қосылады. Ал 25 желтоқсаннан бастап Алматы – Лангкави (Малайзия) бағыты бойынша аптасына үш рет маусымдық рейстер орындалады.
Токиоға тікелей рейстер Жапонияға туристік және іскерлік сапарлар жасауға қолайлы мүмкіндік береді. Тбилисиден Токиоға дейінгі барлық алымдар мен салықтарды қоса есептегендегі ең төменгі әуе билетінің бағасы эконом-класта 2 516 GEL-ден, ал бизнес-класта 9 369 GEL-ден басталады.
Астанадан Бангкокқа ашылатын жаңа рейстер Алматы мен Таиланд астанасы арасындағы қолданыстағы әуе қатынасын толықтырады. Лангкави — Малайзияның әсем жағажайларымен, тропикалық ормандарымен және көркем табиғи ландшафтарымен танымал арал-курорты. Осы қыста бұл бағыт туристер арасында сұранысқа ие бағыттардың біріне айналады деп күтілуде. Тбилисиден Лангкави аралына дейінгі барлық алымдар мен салықтарды қоса есептегендегі ең төменгі әуе билетінің бағасы эконом-класта 2 645 GEL-ден, ал бизнес-класта 7 397 GEL-ден басталады.
Жыл басынан бері Air Astana компаниялар тобы 22 жаңа бағытты іске қосты. Әуе компаниясының кең маршруттық желісінің арқасында Тбилисиден ұшатын жолаушылар Азия елдеріндегі демалыс пен іскерлік сапарларға арналған бағыттардың кең таңдауына, соның ішінде қысқы маусымда да қол жеткізе алады.
Air Astana жолаушыларға қызмет көрсету сапасы үшін бірнеше рет халықаралық марапаттарға ие болды. 2026 жылғы қыркүйекте өткен World Airline Awards марапаттау рәсімінде Skytrax нұсқасы бойынша қатарынан 15-ші рет «Орталық Азия мен ТМД-дағы үздік әуе компаниясы» атанды. Сонымен қатар, «Орталық Азия мен ТМД-дағы борттағы қызмет көрсетудің үздігі» марапатын оныншы рет иеленді.
2-3 қыркүйекте Илья Чавчавадзе атындағы Батуми мемлекеттік драма театрында Түркістан музыкалық драма театрының гастрольдік сапары өтіп, грузин көрермендеріне «Абай. Қара сөз» пластикалық спектаклі ұсынылды.
Ұлы қазақ ақыны және ойшылы Абай Құнанбайұлының философиялық және әдеби мұрасына негізделген қойылымда оның адамгершілік, білім, рухани даму және жалпыадамзаттық құндылықтар туралы ой-толғамдары көрініс тапты.
Пластика, музыка және сахналық бейнелер арқылы спектакль авторлары Абайдың философиялық идеяларын заманауи көркемдік үлгіде ұсынды. Қойылым Батуми қаласының тұрғындары мен қонақтарының үлкен қызығушылығын тудырып, грузин көрермендерінің ыстық ықыласына бөленді.
Сонымен қатар, гастрольдік сапар аясында келушілерді Қазақстанның мәдени мұрасымен таныстыруға арналған көрме ұйымдастырылды. Экспозицияда қазақтың дәстүрлі киімдері мен ұлттық әшекей бұйымдары, тұрмыстық заттар мен ыдыс-аяқ, халық музыкалық аспаптары, сондай-ақ қазақстандық суретшілердің туындылары ұсынылды. Көрме қонақтарға қазақ халқының төл мәдениетімен, дәстүрлері және өнерімен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді.
Іс-шараға жергілікті билік органдарының, Грузияның қоғамдық және мәдени ортасының өкілдері, қазақ диаспорасының мүшелері, сондай-ақ Аджария тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Гастрольдік сапар Қазақстан мен Грузия арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың кезекті маңызды оқиғасына айналды. Осындай бастамалар қазақ мәдениетін шетелде кеңінен танытуға, екі елдің мәдениет мекемелері арасындағы тікелей байланыстарды кеңейтуге және қазақ пен грузин халықтары арасындағы дәстүрлі достық қатынастарды нығайтуға ықпал етеді.
Гастрольдік сапар Түркістан облысы әкімдігінің, Қазақстан Республикасының Грузиядағы Елшілігінің, Қазақстан Республикасының Батуми қаласындағы Құрметті консулының және Art Fest Group қолдауымен ұйымдастырылды.
Қазақстан мен Грузия мәдениет және өнер саласындағы өзара іс-қимылды дәйекті түрде дамытып келеді. Қазақстандық шығармашылық ұжымдардың гастрольдік сапарларын өткізу және бірлескен мәдени жобаларды іске асыру екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайтудың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.
2026 жылғы 10 тамызда Абай күніне орай Тбилисидегі ұлы қазақ ақыны, ойшыл әрі ағартушы Абай Құнанбайұлының ескерткіші жанында дәстүрлі Абай оқулары өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Грузиядағы Елшілігінің қызметкерлері, сондай-ақ осы елде тұратын қазақстандықтар қатысты. Қатысушылар Абайдың өлеңдерін және білім, еңбек, адамгершілік, халық бірлігі мен рухани кемелденуге арналған «Қара сөздерінен» үзінділер оқыды.
Кездесу барысында Абай Құнанбайұлының Қазақстан тарихы мен мәдениетіндегі айрықша орны атап өтілді. Оның әдеби-философиялық мұрасы ұлттық сана-сезімнің ажырамас бөлігіне айналып, ағартушылық, әділеттілік, жауапкершілік және білімге ұмтылу жөніндегі идеялары бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Абай шығармаларының жас ұрпақты тәрбиелеудегі маңызына ерекше назар аударылды. Ойшылдың шығармашылығы адамды үнемі дамуға, адал еңбек етуге, адамды құрметтеуге және рухани құндылықтарды сақтауға үндейді.
Тбилисиде дәстүрлі Абай оқуларын өткізу қазақ әдебиеті мен мәдениетін шетелде кеңінен насихаттауға, отандастардың тарихи Отанымен байланысын сақтауға, сондай-ақ Қазақстан мен Грузия арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ықпал етеді.
Жақында Air Astana әуекомпаниясы Қазақстан мен Грузия арасындағы тікелей рейстердің 15 жылдығына орай Тбилисиде жетекші грузиялық БАҚ өкілдері қатысуымен арнайы іс-шара өткізді.
Іс шара барысында жолаушылар және жүк тасымалы бойынша сату директоры Серік Рыс-Ұлы мен Кавказ өңірі бойынша бас менеджер Қарлығаш Өмірбаева екі ел арасындағы әуе қатынасының қарқынды дамуы туралы айтып берді. 2011 жылы Алматы мен Тбилиси арасында аптасына үш рейспен басталған бағыт Орталық Азия мен Кавказды байланыстыратын ең ауқымды әуе желілерінің біріне айналды. 2026 жылдың жазғы маусымында Air Astana тобы Қазақстан мен Грузия арасында аптасына 44 рейске дейін орындайды.
Соңғы 15 жылда Air Astana тобы сұраныстың артуына сәйкес бағыттар желісі мен рейстер жиілігін тұрақты түрде кеңейте отырып, Қазақстан мен Грузия арасында 1,5 миллионнан астам жолаушы тасымалдады. 2025 жылы Air Astana тобы екі ел арасында 270 000-нан астам жолаушы тасымалдап, жаңа рекорд орнатты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 17%-ға артық. Топ Алматы, Астана, Ақтау және Атырау қалаларынан Тбилиси, Батуми және Кутаисиге тікелей рейстер орындайды. Сонымен қатар Алматы мен Астанадағы хабтары арқылы Қазақстан, Орталық Азия, Қытай, Үндістан және басқа да аймақтарға ыңғайлы түйісулер ұсынады.
Грузия мен Қазақстан арасындағы саяхатқа сұраныс артып келе жатқандықтан, Air Astana екі ел арасындағы туризм, бизнес және мәдени алмасу мүмкіндіктерін одан әрі кеңейтуге ниетті. Кеңейтілген өңірлік желісі, марапаттарға ие болған қызметі және ыңғайлы түйісулері арқылы Air Astana тобы Қазақстан мен одан тыс елдерге саяхаттайтын грузиндік жолаушылар үшін сенімді әуе серіктесі болуға толық дайын.
Қазақстанның Премьер-министрі Олжас Бектенов Қазақстанға ресми сапармен келген Грузия Премьер-министрі Ираклий Кобахидземен кездесу өткізді.
Онда сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық, энергетикалық ынтымақтастық, сондай-ақ цифрландыру саласындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Грузия Премьер-министрі Ираклий Кобахидзенің арасында қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыруға назар аударылды.
«Сіздің ресми сапарыңыз екі ел арасындағы саяси диалогтің, өзара сенім мен берік әріптестіктің жоғары деңгейін айғақтай отырып, Қазақстан-Грузия қатынастарының серпінді дамуын көрсетеді. Кеше Сіз Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен мазмұнды келіссөздер жүргіздіңіз. Қазақстан Грузияны Оңтүстік Кавказдағы, Қара теңіз аймағындағы сенімді дос әрі маңызды стратегиялық серіктес ретінде қарастырады. Қазақстан Үкіметі Грузия Үкіметімен диалог пен практикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайын», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Грузия Премьер-министрі Ираклий Кобахидзе Қазақстан Грузия үшін негізгі серіктес болып саналатынын айтып, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейту үшін зор әлеуеттің бар екенін атап өтті.
«Елдерімізді тарихи тұрғыдан достық қарым-қатынастар байланыстырады. Бұл – саяси және экономикалық байланыстарды нығайтудың берік негізі. Қазақстан Грузия үшін өте маңызды серіктес және біздің қарым-қатынасымыз біз үшін ерекше маңызға ие. Екі ел арасында стратегиялық серіктестік орнатылғанына қуаныштымыз. Біз Қазақстандағы жаңғырту үдерістерін мұқият бақылап отырмыз және барлық бағыт бойынша екіжақты ынтымақтастықтың одан әрі кеңейе түсетініне сенімдіміз», — деді Ираклий Кобахидзе.
Жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды дамыту мақсатында тараптар экономиканың басым салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру жөніндегі шараларды талқылады. Технологиялық әріптестікті талқылау барысында жасанды интеллект саласындағы жобаларға ерекше назар аударылды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан мен Грузия үкіметтерінің стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға және барлық келешегі зор бағыттар бойынша практикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге әзірлігі расталды.
Анықтама: 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Грузия арасындағы өзара сауда көлемі $184,5 млн-ды құрады, ал осы жылдың қаңтар-сәуір айларында – $53 млн. Бүгінгі таңда қазақстандық нарықта грузин тарапының қатысуымен 600-ден астам компания жұмыс істейді, 14 ұйым «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңында тіркелген.