Меню

Страницы

Статья

Қазақ ақыны Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойы

Жамбыл Жабайұлы (26 ақпан 1846 - 22 маусым 1945) – қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, өлең сөздің дүлдүлі, жырау, жыршы. Туған жері – Жамбыл облысындағы Жамбыл тауының етегі. Топырақ бұйырған жері – Алматы облысының Ұзынағаш елді мекені.

 

Жамбылдың өсіп-өнген топырағында ән-күй, ақындық –жыраулық өнер айрықша биікке көтерілген. М. Әуезовтың «қазақ халқында ерекше дамыған айтыс өнері ХІХ ғасырдан бергі жерде өзге жерлерде саябырсып, Жетісу, оңтүстік өлкелерінде шоғырлана бастайды» деуінде үлкен тарихи себеп бар. Біріншіден, Қазақстанның өзге өңірлерін ертерек шарпыған отаршылдық ел ішінің дәстүрлі қалпына өктемдігін жүргізіп, шырқын бұзып үлгергенде, Жетісу алабы әзірше қағаберісте еді.

 

Екіншіден, бұл өңірдің ертеден тамырын тереңге жайған өнерпаздық дәстүрі шын мәнінде ХІХ ғасырдан бергі жерде айрықша биік өреге көтеріліп еді. Осы кезеңде Жетісуға сонау Арқадан ұлы Абайдың келуі, Біржан, Шашубай, балуан Шолақ сияқты дауылпаз әнші-ақындардың келуі, Таластан – Жалайыр Түбектің келуі, оңтүстіктен – Майкөт пен Майлықожаның келуі, Атыраудан – Құрманғазының келуі, сөз жоқ, ең алдымен олардың алыстан жаңғырығы жеткен ұлы өнер мектебіне деген ұмтылыстарына байланысты еді. 

 

Осындай өнер бесігінде тербеліп өскен Жамбылдың ақындық дарыны жас кезінен ақ таныла бастаған. Ол бозбала шағының өзінде ақ өскен ортасын ән мен жырға кенелтіп, тіптен көршілес қырғыз еліне де даңқы жайылып үлгерген. Осы кезде өрттей жалындап, жұрт аузына іліккен жас Жамбыл Жетісудың дүлдүл ақыны Сүйінбайға жолығып, оның арқалы өнеріне құныға ден қойып батасын алады. Мұнан әрі жал –құйрығы сүзілген жүйріктей арындап, сол кездегі Айкүміс, Бақтыбай, Сары, Сарбас, Досмағанбет, Шашубай, Құланаян Құлманбет сияқты ақындықтың жылжыған жорға, жылмиған жүйріктерімен айтысқа түскен Жамбыл ұдайы шоқтығын асырып отырған. Бұлар ғана емес қырғыздың Балық, Тыныбек, Қалығұл, Найманбай, Қатаған, Арыстанбек, Сағымбек сияқты ақын-жырау, манасшылармен өнер өрелестіріп, қырғыздың көл-көсір поязиясынан тағылым алады, ақындық өнерін одан әрі шыңдай түседі. Жамбыл енді ақындық суырыпсалмалық өнеріне қоса «Көрғұлы», «Шаһмардан» сияқты жыр-дастандарды апталап-айлап жырлап, ақындық жыраулық өнерін соны қырымен таныта бастайды. 

 

Жамбылдың ақын-жырау ретінде қалыптаса бастаған кезі Ресей отаршылдары – бір жағынан, Қоқан хандығы – екінші жағынан, жергілікті жандайшаптар- үшінші жағынан қазақ халқын әлеуметтік саяси қыспаққа алған шақ еді. Жаны сергек, санасы өрелі Жамбыл өзінің «Шағым», «Жылқышы», «Шәбденге», «Сәт сайланарда», «Өстепкеде», «Патша әмәрә тарылды», «Зілді бұйрық» сияқты өлеңдерінде елдің әлеуметтік саяси өмірін ақындық шыншылдықпен азаматтық жауапкершілікпен бедерлейді. Жамбыл Қазан төңкерісінен кейінгі елдің саяси-әлеуметтік өміріндегі тарихи өзгерістерге үлкен үмітпен ден қояды. Оның «Туған елім» атты толғауы 1936 жылы жарық көріп, онан соң орыс тіліне аударылған нұсқасы «Правда» газетінде жарияланып, қарт ақынның даңқы бүкіл әлемге жайылды. Халқына қадірі артып, даңқы өрлеген Жамбыл, шабыт тұғырына қонған Алатаудың ақ иық қыранындай, жыр нөсерін селдетеді. Оның 1936-1945 жылдар аралығында шығарған жырлары 13 мың тармақтан асады екен. Ол ел өміріндегі табыс пен жаңғыруларды, жеңіс пен ерлік істерді ерекше шабытпен жырлайды. Шағын жыр-толғаулар ғана емес, оның қарт көкірегінен «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр» сияқты эпикалық туындылар қайта жаңғырып ақтарылады. 

 

Жамбыл - әрі эпик, әрі айтыс ақыны; абыз жырау әрі жауынгер жыршы. Ол шын мағынасындағы биік парасатты өнерпаз, азаматтық саяси поэзияны қалыптастырушы. Жамбылдың ұлылығы оның тек ақындық шеберлігімен ғана емес, сонымен бірге халық поэзиясының бұтақ жайған жаңа бір бәйтерегі болуымен, басқаша айтқанда , халық ақындарының жасампаздық рухтағы жаңа ұлы көшін бастаған даралығымен де өлшенеді. Оның сөздері ұранға айналып, өзі халық поэзиясының атасы аталды. Ол жыраулардың байтақ эпикалық дәстүрін, қазақ сөз өнеріндегі ғажайып импровизациялық үрдісті бүтіндей жаңа арнаға бұрып, оған жаңа мазмұн дарытты. Жамбыл – ізгілік жолындағы азатшыл азаматты нәсіліне, ұлтына бөлмеген шын мәніндегі интернационалист ақын. «Жамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржан секілді. Оны жинап алып халқының қолына беру – біздің әрқайсымыздың азаматтық борышымыз» - деген еді Сәкен Сейфуллин. Жамбыл - жырдың толассыз бұлағы, өшпес өнегесі, тозбайтын асылы. Ол жасампаз ұрпақпен сырласындай, қимасындай мәңгі бірге жасай береді. 

 

Жамбылдың қанатты шабытпен дүниеге келген шығармалары әлемнің ондаған тіліне аударылып дүние жүзіне тарады. Жамбыл көзінің тірісінде ақ КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағын алып, өзінің де, халқының да даңқын дүйім дүниеге паш етті. Жамбыл бейнесі қазақ өнерінің барлық түрінде, барша жанрында шабытпен бедерленіп, ұлттың рухы биік ұлы тұлғасы екенін әйгіледі. 1945 жылы 22 маусымда Жамбыл дүние салды. 

 

1946 жылы ақпанда Қазақстан жұртшылығы даңқты ақынның жүз жылдығын салтанатпен атап өтті. Мерейтойына қарай ақынның таңдамалы шығармаларының академиялык жинағы орыс және қазақ тілінде басылып шықты. Жамбыл Жабаев Ленин орденімен, Еңбек Қызыл Ту және «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.

 

Жамбыл Жабаевтың шығармашылығына арналған мақалалар:

 

ЖЫРДАРИЯ ЖҰЛДЫЗЫ

 

https://anatili.kazgazeta.kz/news/59127

 

Ұлы Даламызда ұлттық сөздің туын көтерген тұлғалар аз болған жоқ. Арғы кезеңнен жеткен жыраулық сарын мен ақындық айдынды екі қоғамдық формацияның кезеңінде ара жігін білдірмей, сөз жүйесін бүлдірмей, түгел сөздің түбі бір қасиетін барынша көрсеткен ұлы жырау-ақын Жамбылдың даңқы қазақ халқының мерейі мен мәртебесі болды. Сыналар жерге келгенде санадан сөз суырып, елдің еңсесін, тыңдаушының танымын биікке көтерген Жамбылдың әр кезеңдегі мерейтойлары халықтық қазына ретінде аталып келеді. Ұрпақтар сабақтастығын ұлы өнерімен жалғаған жыраудың соңында қалдырған мол мұрасы қай кезде де ұлтымыздың рухани қазынасы екені даусыз. Сондықтан Жамбыл туралы сөз – қазақ сөзінің қасиеті туралы сөз.
Тәуелсіздігіміздің салтанатты 30 жылдық мерекесі қарсаңында аталып өтер үлкен игі-шараның бірі – жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойы. Жыр дүлдүлі Жамбыл Жабаевқа деген қазақ халқының шексіз құрметін, ыстық ықыласы мен ілтипатын тәуелсіздік идеясы тұрғысынан қайта сараптап, зерделеудің уақыты келді. Ақын қалдырған атақты әдеби мұралардың алтын арқауын саралағанда олардың өн бойынан азаттық ойдың ұшқыны айқын көрінеді.

Жамбыл ақындығының танымдық-тағы­лымдық жоғарғы мәні сол – ол бүгін де бізбен бірге. Ол біз үшін өнерге, жалпы ұлтқа талмай қызмет етудің мәңгі жасайтын үлгісі болып қала береді. Тұңғыш Президент – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұлы жырау жайлы былай деген еді: «Егер біз Жамбыл даналығын тәу етіп, ұлылығын ұлағат тұтып жатсақ, оның себебі, Жамбыл арманының адамзаттық арман-аңсарымен ұласып жатқандығында. Сондықтан да, қазақтың Жамбылына адамзаттың ­Жамбылы ретінде құрмет көрсетіп, өлмес рухының алдында басымызды иеміз. Қазақ халқы барда, оның тілі мен діні аман тұрғанда, адалдық пен адамдықтың, әділеттілік пен ізгіліктің жаршысы – Жамбыл да мәңгі жасай бермек». Осынау парасатты пайымның халықтық тұжырым болып қабылдануына толық негіз бар.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2021 жылы 5 қаңтарда жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында айтылған ұлттық құндылықтарды таным мен тағылым тұрғысынан бағамдап, келешек ұрпаққа сақтап жеткізу туралы ойларымен де тұспа-тұс келіп отыр. Жырау шығармашылығындағы көтерілген негізгі идея ел бірлігі мен тұтастығын жырлау екендігі айқын. Осы тұрғыдан алып қарағанда қуатты, тегеурінді жыр алыбы Жамбылдың шығармалары тәуелсіз Қазақстанның жасампаз істерімен үндесіп жатыр.

Ақынның мерейтойларында әр бес жыл ­сайын жамбылтану саласындағы жетістігіміз бен кемшілігімізді сараптап, бағыт-бағдарымызды анықтап алу дәстүрімізге айналып келеді. Сондай атаулы күндердің әрқайсысында Жамбылдың аты асқақтап, халқымыздың мәртебе-мерейі жаңа бір биікке көтерілгендей болады. Ұлы ақынымыздың асыл мұрасы өткен ғасырда кеңестік идеология құрсауында қараусыз қалмай, тәуелсіз ұрпақпен бірге жасайтын мәңгілік қазынаға айналғанына уақыт куә болуда. Сондай-ақ ақын туындыларының қадір-қасиеті өз елімізбен шектеліп қалмай, дүниежүзінің елуге тарта халқының тіліне аударылып, әлем әдебиетінің алтын қорына қосылуы жұртымыздың жақсы атын жер-жаһанға таныта түсуде.

Жамбыл Жабаев – суырып салма өлеңнің де, толғау өлең, қысқа эпиграмма, экспромт, эпикалық дастан шығарудың да шебері. Ол халқымыздың рухани дүниесіне қуатты да өміршең жырлары арқылы мәңгі өшпес үлес қосты. Ақын шығармаларына ден қойсақ, оның кер замандағы теңсіздікті күйіне сөз еткенін байқаймыз. Жыр алыбы қарапайым халықтың ауыр тұрмысына аяныш білдірді, ел тағдырына алаңдады. Әділдікті, адалдықты, адамдықты, оған қоса ерлікті, бірлікті уағыздады. Жалғандық пен опасыздықты, жалпы халық мүддесіне жат нәрсенің қандайын болса да ащы әжуа, алмастай кесіп түсетін мысқылмен аяусыз шенеп отырды. Сөйтіп, ол тәуелсіздік идеясын, адамгершілік, ар-ождан мәселелерін ту ғып көтерді.

Жамбыл Жабаев шығармашылығының басты тақырыптық өзегі – адам мен заман. Сол дәуірде өмір сүрген замандастарының жақ­сылығы мен жамандығын, адамдығы мен надан­дығын, адалдығы мен арамдығын сарапқа салып, үлкен философиялық ой түйіндеулер жасай білген. Уақыт өлшеміне салып адам баласының әрбір жасаған ісіне түптің түбінде бір жауаптың бар екендігін ақын тебірене отырып толғайды. Сондықтан да жырау болмысына терең бойлап бағамдағанда, дүниенің өзіндік өлшемі оның ұрпағына қалдырған адами істері екндігіне кәміл сенесіз. Мазмұнды толғау, халықтық асыл мұра Жамбылдың шығармашылық өнері мен өнегесіне сапалы үлес қосты.

Жамбыл Жабаев – қазақ поэзиясының қай жанрында жырласа да, өзінің дария диапозонды тынысымен тереңнен тербеп, шалқар шабытымен шымырлап ағатын дария сынды талант иесі. Ақын шығармашылығы парасатқа, философиялық терең ұлттық құндылық­тарға өте бай. Халық поэзиясы қандай құнарлы болса, сол қайнардан қанып ішкен оның өлеңдері де сондай нәрлі де нақышты. Оның жырларында замананың телегей-теңіз тынысы, дәуірдің дидары бар. Ақиқаттың ақ алмасындай сөздері елдің ойы мен арманына тұтас үндеседі.

Өлең кірген түсіне

Жөргегінде мен болам, – деп өзі айтқандай, Жамбыл өмірге өлең болып өрілген далалық мәдениеттің қайталанбас жыршысы. Далалық ой ағысы мен сөз қағысы бағзыдан тартып, баянын айтып, қазақ поэзиясының бастау қайнарларына қайыра назар аудартады.

Сүйінбайды пір тұтып:

Менің пірім – Сүйінбай,

Сөз сөйлемен сыйынбай, – дейді. Бұл – ұстаз бен шәкірт арасындағы ғана ынтымақшыл көзқарас емес, ұрпақтар сабақтастығындағы ұлағатты дәстүр. Ақындық-жыраулық мектептің сындарлы сыйластығы. Не болмаса, өзінің ақындық құдіретін «Жолбарыс киесімен» байланыстырады. Бір сөзбен айтқанда, Жамбыл – мифпен астасқан жұмбақ та киелі тұлға.

Жамбыл Жабаев әлемге бармақ (дактиль) өлең өлшеміндегі мифпен өрімделген дидактикалық-символикалық әдеби әдісінің өзіндік айшығын таныта білді. Әлемге қазақ өлеңінің барша асылын жарқырата танытқан «халық поэзиясының алыбы», «ХХ ғасырдың Гомері атанған жырау» тар ауқымды кеңестік әдебиеттанушылық зерттеулер аясынан әлі де болса ұзай алмай келеді. Бұлай айтатынымыз, кеңестік кезеңде кемел дарынымен көрінген ақынды одашыл деген одағай ойдың сұлбасы бүгінгі жас ұрпақты жамбылтану процесіне шамшыл сақтықпен қарауға итермелеп келеді. Тіпті сөз қадірін білетін, заман тынысын бағамдай алатын, қоғамдық-саяси, мәдени-әлеуметтік мәселелерді өзі бастан кеше отырып түсінетін тұлғалар да оның ақындық болмысына болымсыз пікірлер білдіріп қалып жүр. Қандай ақын болса да, ол – өз заманының өкілі, бірақ оның шығармашылығындағы уақыттық көрініске тән жағдайларды ескере отырып, баға беруде әділдік ауқымынан шығуға болмайды. Жамбылдың ақындық сөз қуатына үстірт баға беру қоғамдық-саяси болмысты жан-жақты бағамдай алмаушылықты көрсетеді.

Бұлай дейтініміз, Жамбыл тек Кеңес үкіметі арқасында әдеби бағы ашылып, әлемге танылған шығармашылық тұлға деген ғылыми-қоғамдық тұжырым үстемдігі. Әлемге танылған Жамбылдың мұрасындағы тақырыптық-танымдық, мифологиялық және неомифологиялық әдеби бағыттардың, ақын мәтіндеріндегі көнеден тамыр тартқан архетиптердің, мифтемелер мен мифтік сарындардың зерделі түрде қарастырылмауы ақын шығармашылығын зерттеуде біржақты фольклорлық сарындар мен ауыз әдебиеті әуендері төңірегін ғана сөз етуге әкеліп соқтырады. Бұдан бөлек, ақынның стилисти­калық фигураларды қолдануындағы мифтік айшықтардың өзіндік ерекшеліктері де назардан мүлдем тыс қалуда. Жамбыл мәтіндеріндегі ауызша процесс үстінде туған басты мәтін мен кейінгі әдеби хатшылар тарапынан сол кездегі саясатқа бейімделіп өңделген мифтік түсініктердің өзгеріске түскендігін жоққа шығаруға болмайды. Белгілі бір шығармашылық тұлғаға қатысты ұлттық әдебиеттанудағы әр дәуірдегі филологиялық ой-пікірлердің жиынтығын зерделеп, жаңа талаптар негізінде зерттеулер жасаудан Жамбыл Жабаев мұрасы да тысқары тұра алмайтыны белгілі құбылыс.

Осы орайда жамбылтануға байланысты қолға алынып, атқарылып жатқан шараларға тоқталып өткен жөн сияқты. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі Жамбыл атындағы Қазақ фольклоры мен әдебиетін ғылыми-зерттеу орталығы негізінен, алғаш рет «Қазақ фольклористикасы» оқу-зерттеу лабораториясы деген атпен 2001 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Ғылыми Кеңесінің шешімімен филология және әлем тілдері факультетінде ашылды. Ал 2016 жылдың 25 ақпанында қазақ халқының ұлы ақыны ­Жамбыл Жабаевтың 170 жылдық мерейтойына орай «Жамбыл ақындық мұрасы және жамбылтанудың өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. Аталған конференцияда филология және әлем тілдері факультетіндегі «Қазақ ­фольклористикасы» оқу-зерттеу лабораториясының атын өзгертіп, ­Жамбыл атындағы Қазақ фольклоры мен әдебиетін ғылыми-зерттеу орталығы деп атау жөнінде шешім қабылданды.

Осы қабылданған шешімге орай, Жамбыл атындағы Қазақ фольклоры мен әдебиетін ғылыми-зерттеу орталығы университет қабыл­даған ережеге сәйкес, қазақ халық ауыз әдебиеті мен көркем жазба әдебиетінің келелі мәселелерін қазіргі ұлттық методология, әдістеме тұрғысынан жан-жақты зерделеу, таразылау жұмыстарымен шұғылданады. Орталық, сонымен қатар өзге де түркі тілді этностардың фольклорлық мұраларындағы ортақ сюжеттік ерекшеліктер мен айырмашылықтарын бағамдап, салыстыра қарап, оларға тән ортақ заңдылықтарды ашу, дәлелдеу бағытын ұстанады. Әсіресе, ең алдымен, қазақ халық ауыз әдебиетінің барлық жанрларын: мифтер, ертегілер, аңыз-әпсаналар, шешендік сөздер, мақал-мәтелдер, айтыстар, эпостық жырлар (батырлық және лиро-эпостық), тарихи жырлар, т.б. тұтастай қамтылады. Бұл бағытта қазір жүйелі жұмыстар жалғасуда. Жұмыс жүрген сайын оның ауқымы мен мазмұны тереңдеуде.

Сонымен бірге орталық алыс-жақын шет елдердегі қазақ ұлты диаспоралары ортасында ауызша-жазбаша туған көркем әдебиет үлгілеріне де баса назар аударып, ондағы әдеби мәтіндердің пайда болу себептері мен тарихи негіздері, оқиғалық сюжеттері туралы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді де негізгі мақсат-мұрат деп танып отыр. Сондай-ақ отандық қазақ көркем жазба әдебиетінің бұрынғы және бүгінгі поэзиялық, прозалық, драматургиялық шығармаларын тәуелсіздік кезеңіндегі жаңаша ұлттық, мемлекеттік көзқарас тұрғысынан бағалап, сараптайды. Бұл жамбылтану арқылы қазақ әдебиетінің көркемдік-ғылыми деңгейінің өсу процесі мен зерттелу бағытын одан әрі ғылыми-сараптамалық жағынан дамытуға негіз қалайды. Өйткені Жамбыл мұраларын қазақ әде­бие­тінің тарихи кезеңдерінен бөліп қарауға болмайды.

Осы бағытта республикамыздағы әдебиетші ғалымдарды және шет елдердегі қазақ фольклоры мен жазбаша көркем сөз өнері бойынша ғылыми жұмыстармен айналысып жүрген ғалымдарды да әдеби ғылыми-зерттеу жұмыстарына тартып, олармен бірлесе еңбек етіп, дайындалған монографиялар мен әдеби әдістемелік оқу құралдарын оқу орнының «Қазақ университеті» баспасынан шығаруды жолға қоямыз. Сонда бұл жамбылтанудағы кешенді жұмыстардың нақты көрінісі болмақ.

Осындай ғылыми-зерттеу жобалары бар Жамбыл атындағы «Қазақ фольклоры мен әдебиетін ғылыми-зерттеу орталығы» алдағы уақыттарда Қазақстан Республикасындағы және шет елдердегі әдебиеттанушы ғалымдарды қазақ фольклоры мен көркем жазба әдебиеті шығармаларын ғылыми-зерттеу жұмыстарына тартып, жоғары оқу орындарының бакалавр­лары, магистранттары мен докторанттарына арналған монографиялар мен оқу құралдарын жазу, даярлау ісіне және оларды жариялап, насихаттау жұмыстарына жұмылдырып, атқарылған жұмыстың ауқымын кеңейтеді.

Сондай-ақ шетелдік және қазақстандық студенттер арасында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтарын насихаттау мақсатында Алматы облысының Жамбыл ауданындағы «Жамбыл музейі» ауылында орналасқан Жамбыл, Сүйінбай мұражайларына және Шамалған ауылындағы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы «Атамекен» мұражайына ҚазҰУ студенттерімен танымдық-тағылымдық экскурсиялар ұйымдастырылып, көшпелі оқу-семинар сабақтары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Ақпараттық хабарлар ел БАҚ-тарында, «Қазақ университеті» газеттерінде жарияланып, танымдық бағытын арттыра түседі.

Жамбыл орталығы келешекте мынандай әдеби ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асыруды жобалап отыр және бұл жұмыстардың дені қазір жоспар бойынша жасалып жатыр:

- қазақ фольклоры мен әдебиетін жаңаша зерттеу ісін жүзеге асыру;

- қазақ фольклоры жанрларын ғылыми-инновациялық арнада саралау;

- Абайтану, сүйінбайтану, жамбылтану, т.б. еңбектерін жаңа ізденіс бағытында жариялау;

- халық ақындарының жыраулық-жыр­шылық дәстүрін зерделеу;

- қазақ, қырғыз, өзбек, т.б. халық ақындары жырларын салыстыра отырып талдау;

- түркі текті халықтар фольклорының ұқсастықтары мен өзгешеліктерін айқындау;

- қазақ халық ақындары айтыс өнерінің ерекшеліктері мен әлеуметтік сипатын саралау;

- қазақ тарихи жырлары, оның өмір шын­дығына қатысын, әлеуметтік мәнін айқындау;

- шет ел қазақтары ортасында туған фольклор жанрларының сипаты мен өзіндік ерекшеліктерін бағамдау;

- шет елдегі қазақ жазушылары шығарма­ларының бүгінгі тәуелсіз қазақ әдебиетімен байланысын ұлғайту.

2021 жылдың 24 ақпанында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толуына орай «Жамбыл Жабаев мұрасының қазіргі әдебиеттанудағы орны мен маңызы» атты халықаралық онлайн ғылыми-әдістемелік конференция өткізіліп, алыс-жақын шетел ғалымдары қазақ фольклористикасы мен жамбылтануға байланысты құнды ой-пікірлерін ортаға салды.

Жамбылдың жыраулық дәстүрге сай үздік суырып салма төкпе ақындығы, философиялық толғаулары мен тарихи дастандары, Шығыс халықтарына кеңінен таралған дастандар сюжеттерін нәзирагөйлік дәстүрдегі өзіндік нұсқамен жаңғырта жырлауы, мақамды-сазды композиторлық шығармашылығы, жыршы орындаушылық, күйшілік өнері, барлық туындыларының да халықтық сипаты – бәрі де оның адамзат өркениетінің мыңжылдықтар белестеріндегі көрнекті тұлғалармен тектес болмысын айғақтайды.

Фольклортану, әдебиеттану, өнертану салаларындағы зерттеулерде Жамбыл поэзия­сындағы лирикалық толғаулар, дастандар жанрлық, көркемдік-стильдік тұрғысында саралана талдануда. Сонымен бірге қазақтың дәстүрлі ауызша авторлық поэзиясындағы жыраулық-ақындық дәстүрді Жамбылдың жаңғырта дамытқан жаңашылдығын, ұлттық және жалпыадамзаттық адамгершілік деңгейін­дегі көркем ойлау дүниетанымының фило­софиялық-психологиялық сарындарын бүгінгі күн тұрғысынан бағамдай алуымыз керек. Жамбылдың жыршылық, композиторлық өнері өлеңсөз бен әуез тұтастығындағы ұлттық және әлемдік өнертану заңдылық­тары аясында қарастыра түсу – Жамбылтануды жаңа белестерге көтермек.

Жамбылдың жырлары түркі тілдеріне аударылып, туысқан түркі жұртына кеңінен таралғаны мәлім. 1996 жылы ақынның өлеңдері түрік тіліне аударылып, Түркиядағы «Қожа Ахмет Ясауи» қорының қолдауымен жарық көрген болатын. Анадолының жер-жерінде жыл ­сайын ұлы ақынға арналған еске алу кештері өтіп тұрады. Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып қызмет жасаған кезімде, Жамбыл Жабаевтың ардақты есімін Түркі әлеміне кеңінен таныту тұрғысында жыр алыбының ұстазы Сүйінбай Аронұлының 200 жылдығы Түркияның төрінде тойланып, Сүйінбай Аронұлы атындағы саябақ ашылып, ескерткіші бой көтерді. Кейін тастұғыр жанындағы көшеге Жамбыл есімі берілді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситетінде бүгінгі бәсекеге қабілетті ұрпа­ғымызды тәрбиелеуде үлкен жауапты міндеттер қолға алынып отыр. Бұл орайда бабаларымыздың қалдырып кеткен асыл мұраларын сақтау, егемен еліміздің еңсесін нығайту және өркениетті әлемдік қоғамдастықтың талаптарына сапалық жағынан жаңа деңгейге сай келетін жауапкершіліктер орнықтыру – кезек күтпейтін жұмыс. Жырдария жұлдызының әз есімі туған халқына рухани сәулесін түсіре бермек.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіз­дігінің 30 жылдық салтанатты мерекесімен тұспа-тұс келіп жатқан жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың мерейтойы – мемлекеттік деңгейдегі айтулы шара. Ұлы даламыздың аса көрнекті тарихи тұлғасы Жамбыл Жабаевтың жарқын істері болашақ ұрпақтарымен бірге «Мәңгілік Елдің» рухани үндестігі мен дамуы жолында болашаққа жол тарта береді.

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры

 

*                 *                           *

Жыр алыбының әдеби хатшысы

https://egemen.kz/article/276941-zhyr-alybynynh-adebi-khatshysy

 

Халқымыздың ардақты ақындары­ның бірі, талантты лирик, ғажап аудармашы, білікті әдебиетші, қала­мы жүйрік журналист, қазақ поэ­зиясының көрнекті көркемсөз шебер­лерінің бірі – Ғали Орманов. Ол – жан сырларын, табиғат сипаттарын суреттеген, лирикалық жырларын азаматтық әуендермен тоғыстыра білген толымды ақын. Көптеген өлең­дер жинағының, бірнеше поэма, әңгіме және очерктердің авторы атанған ол Жер жаннаты Жетісу өлкесінде, қазіргі Алматы облысының Қапал ауданына қарасты Ешкіөлмес тауының бауырында дүниеге келген.

 

Ақын бастауыш мектепте білім алып, сауатын ашып, кейін Ал­маты­дағы халық ағарту институ­ты­ның дайындық курсында оқиды. Абай атындағы Қазақ педагогика институтын бітірген соң, біраз жыл мұғалім болып, одан кейін «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің редакциясында қызмет атқарады.

 

1939-1945 жылдары Жам­былдың әдеби хатшысы болды. Ұлы Отан соғысы жылдары «Май­дан» альманахының редакторы, соғыс­тан кейін «Әдебиет және ис­­кусство» журналының жа­уап­ты редакторы болып бірнеше жыл жұмыс істеді. Қазақтың мем­лекеттік көркем әдебиет баспа­сын­да бас редактор, Қазақстан Жазу­­шылар одағында хатшы қыз­мет­­терін атқарды. Ол кісінің 70 жыл­дық өміріне көз жүгіртсек, қа­зақ әдебиеті саласының майталманы, озған жүйрігі болғандығын көреміз.

 

Ғали Ормановтың осындай жо­ғары деңгейдегі танымал ақын болуына Жамбылдың қосқан үлесі зор. Жоғарыда атап өткендей, Ғали Жамбыл Жа­баевқа 1939-1945 жылдар ара­лығында әдеби хатшылық қызмет атқарған. Тек қана әдеби хатшысы болған жоқ, әрі хатшысы, әрі сырласы, әрі досы, тіпті баласындай болды десе де артық емес. Жамбылға өмірінің соңғы жылдарында, яғни 1938 жылы 92 жасында ақындық өмірінің 75 жылдығы тойланған уақытында Қазақстан үкіметі 12 бөлмеден тұратын үлкен үй салып беріп, толықтай Үкіметтің қамқорына алады. Қарт Жамбылға жеке дәрігер, медбике, аспаз, көлік жүргізуші, сондай-ақ бірнеше әдеби хатшы тағайындаған. Әдеби хатшылары Әбділда Тәжі­баев, Қапан Сатыбалдин, Қал­мұқан Әбдіқадыров, Ғали Орманов, Тайыр Жароковтар кезекпен келіп, ақын өлеңдерін қағаз бетіне түсірген. Бұл жө­нінде әдеби хатшыларының бірі Әбділда Тәжібаев 1957 жылы «Қазақ әде­биеті» газетіне жариялаған «Жам­был мен Ғали» атты ма­қа­ласында былай дейді: «Заманы бір, өнері бір қазақ ақындарының бірсыпырасы ұлы қарияның жас құрбы, жас достарындай еді. Біз Жамбылдан үйренсек, Жамбыл бізден үйренетін. Жыр ұясындай, тіл қазынасындай ақын аузын ашса сөз алтыны төгілетін. Өзі ағытып айтатын, нөсерлете құйылып айтатын толғау-термелерден басқа, жатқа білер дастандары қанша еді?! Талай ырғақтар, талай ұй­қастар, отты, өрелі сөздер оның аузынан ұшып, біздің кеудемізге, зердемізге қонатын. Ол айтатын шешен әңгімелер, хикаялар, ертектер, мақал-мәтелдер де таусылмастай кен еді. Сүйсіне тыңдап, сүйе жаттайтынбыз бәрін де. Ал сол сияқты мол ақын, кен ақын кітап, газетті, жазатын ақын­дардың өлең-жырларын, жазушылардың шығармаларын да біз арқылы танып, біз арқылы қанығатын... Сөйтіп, біз сүйікті қарттың көзі де, құлағы да болатынбыз. Сол көмекшілерінің ішінде Жамбыл қарттың ең жақыны – еңкек тарта бастағанша Жамбылға құлындай қызмет қылған Ғали Орманов болатын. Ғали әзиз атаның басшылық та, қосшылық қызметін қоса атқарды. Көп жыл бірге жасасып, бастасына да, тұстасына да айналған жас досын Жәкең баласындай көріп кеткен. Ол қуанышын да Ғалиға айтатын, ауырса мұң-сырын да Ғалиға айтатын. Әрі сақ, әрі жасқа қаталдығын ұстана білген атаның сеніміне енбей, көңілін таппай, оны қажетті кезінде отандық мәні бар, үлкен тақырыптарға жырлата беру де оңай емес-тін. Көрінген кісінің көлденеңнен кірісіп, «Жәке, жырлаңызшы» дегеніне ол жырлай салмайтын. Домбырадай бұрап, күйіне келтірмей, үлкен кеудесіне толғақ түсірмей, жүре­гін еліктірмей Жәкең жағын ашпайтын. Есітпеген, ұқпаған «аңқау» боп қоя салатын. Ал Ғали өзі дарынды ақын болғандықтан қарт ақынның жүрек кілтін шерте білді. Оған қозғау салу үшін ең алдымен еріксіз тебіренуіне ақылды әңгіме айтатын, содан соң бірте-бірте жыр жолына жетектеп түсіретін. Міне, сол кезде кәрі тарлан домбырасына жабысатын да, қос ішектен үн табатын да қосылатын. Ал Ғали дүниеге жаңа туған ғажайып жырларды қағазға түсіретін. Кезінде бүкіл кеңес халқы сүйген Жамбыл өлеңдерінің көбін Ғали осылай жазып алған».

Ә.Тәжібаевтың бұл сөзінен Ғалекеңнің қарт ақын тілін таба білген, ішкі сырын сезіне білген бірегей хатшысы болғандығын байқауға болады. Ақынның қызы Жамиға Орманова да Ә.Тәжі­баевтың ойын сабақтай түседі. «Жас Алаш» газетіне берген сұхбатында Жамиға Ор­манова: «Әкем өте балажан кісі еді. Балаларының білімді бол­ға­нын жақсы көретін. Жамбыл ата келгенде, үнемі біздің үйге тү­сетін. Шешем болса асын даярлап, жағдайын жасайды. Мазасын алмасын деп олар отырған бөлмеге бізді жібермейтін. Үйде үш бала болатынбыз. Сонда Жамбыл ата «Осы үйдің балалары қайда, бала бар екендігі тіпті білінбейді ғой» деп балалық шағындағы әкесі мен Жамбыл қарттың достығын есіне алады.

 

Ақынның 110 жыл­дық мерейтойы қарсаңында ұйым­дас­тырылған Жетісу өңірінде өткен «Ғали Орманов – майталман лирик ақын» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда ақынның қызы Жамиға Орманова: «Адамгершіліктің бар асыл қа­сиет­терін бойына жинақ­таған әкем 1939-1945 жылдары жыр алыбы Жамбылдың әдеби хатшысы, поэзиядағы Ілиястың ізбасары болған. 4-5 жасар кезімде 96 жас­тағы Жамбыл атамыз Көк базар­дың жанындағы үйімізге жиі ке­ліп тұратыны есімде. Жан сарайы қазынаға толы болған Жам­был бабамыздың көңілінің кілтін та­бу оңай шаруа болмаған. Биік бәй­терегіміз болған әкем бізге кітап оқыңдар деп жиі айтатын. Асыл­­дығынан айнымаған ол өмір­де өте қарапайым, мейірімді, ақ көңілді, адал, жомарт, жанашыр жан болған еді. Дәл осы қасиеттерімен ол айналасына сый­лы адам болған. Жүре­гімен жаз­ған жырларын жас ұрпақ жаңа ғасырларға жеткізеді деп үміт­тенемін» деді.

 

Жамбыл қарт­­тың көзін көрген Жамиға Орманованың есте­лік­терінен Ғали мен Жамбыл ара­сындағы ішкі сыйластықты, адал дос­тық­ты, шығармашылық жаңа толқынды көреміз. Жамбылға әде­би хатшылық қызме­тін атқар­ған жылдар аралығында Ғали Ор­манов қарт ақынның көптеген өлеңдері мен жырларын, айтыстары мен арнауларын қағаз бетіне түсірген. Ақыннан жазып алған аталмыш туындылардың барлығы қағаз бетіне бірден оңай түсе қоймаған. Жам­был шабыты келген кезде ғана өлең-жыр­ларын шығарған. Ғали сол кезде өлеңдерін бірден қалт­қысыз жазып алып, оны ке­йіннен ақынның өзіне қайтадан оқып беріп, өлеңнің шашау кеткен жерлерін жұп-жұмыр бол­ғанша мақамына салып өң­деу­ден өткізген. Осылайша, Ғали әр кез қарт ақынның ойынан шы­ға білген. Жамбыл мен Ғали ара­сындағы достық пен сый­лас­тықтың болғандығын қарт ақын­ның Ғалиға арнап шы­ғар­ған бір­неше өлеңінен де байқауға болады. Жамбыл «Қалжың», «Жетіппін жүре-жүре қыр ба­сына»,­ «Жамбыл өлең айтпайды жантайған соң», «Кекілік ұшып дүр етті», «Кәрілік», «Иісті майға» өлеңдерін тікелей Ғали­ға арнаған. 1939 жылдың күзінде Қазақстан Жазушылар одағы Ғали Ормановты қарт Жам­былдың әдеби хатшысы етіп та­ғайындаған кезінде, Алматыдан Жамбылдың ауылына бара сала Ғали: «Ассалаумағалейкүм, ден­саулығыңыз қалай?» деп сұра­ғанда, Жамбыл бірден өлеңдетіп жауап қайырған екен. Содан бері бұл өлең тарихта «Кәрілік» деп аталып, Жамбылдың Ғалиға арнаған ең ал­ғашқы өлеңі болып есептеледі. «Көкірегің кірілдеп, Көздің алды іріңдеп. Қаз-қаз басқан баладай, Буындарың дірілдеп. Қартайған соң, немене, Қауіп ойлайтын күнің көп. Айлашы екен кәрілік, Бірге түнеп, бір жүріп. Сыр білдірмей сұрамай, Не көрсетіп тонамай, Мүшеңді алған біріндеп».

 

1939 жылдың 9 қарашасы кү­ні Алматыда шындықты жаны қа­лай­тын қазақ ақындарының респуб­ликалық слеті өтеді. Слет­ке жүргелі жатқанында Ғалекең қарт ақынның киіміне әтір сеуіп, киі­мінің жаға-жеңін реттей бастайды. Сол кезде Жамбыл Ғалекеңе қа­рап тұрып әзілдеп «Иісті майға» деп аталатын өлеңін шығарған екен: «Иісің жақсы нәр­сесің жас адам­ға, Жараспайсың тоқсанды жасағанға. Жас күнімде жанымнан шықпайтындар, Бәрі де ұқсап кетті ғой қашағанға. Жабы күйік бо­лар ма байлағанмен, Жасық – болат болар ма қайрағанмен? Жамбыл қай­та жасарып жігіт болмас, Жағасын неше қайта майлағанмен. Жабағыны жап­сырып иегіме, Жүргеніме, өзім де күлемін де. Короліндей картаның қаужиыппын, Қанша жылу бол­ғанмен жүрегімде».

Жамбыл мен Ғали таза ауада серуен құрып, әңгіме айтқанды жақ­сы көреді екен. Бірде қарт ақын Ғалимен құс атып алу мақ­сатында тауға барады. Өлең мен жырға келгенде алдына жан салдырмайтын Ғали саят­шылыққа келгенде орашолақтау бол­ған тәрізді. Таң сәріден күн батқан­ға дейін құс аңдумен отырған Ғали қанжығасындағы барлық оғын тауысып, үйіне олжасыз бос қайтқан екен. Ғалидың бұл әрекетін көрген қарт ақын өз ойын «Кекілік ұшып дүр етті» әзіл-өлеңімен жеткізеді: «Кекілік ұшып дүр етті, Ғали шошып дір етті, Қар­ны ашып қалжырап, Екі иығы салбырап, Кешке ауылға құр жетті. Атқаны бір сауысқан, Оқтың бәрін тауысқан. Ұялғанын байқаймын Бәсең шыққан дауыстан». Бұл өлеңді Ғали Орманов ақынның аузынан 1939 жылдың 15 желтоқсан күні жазып алған екен (Жамбыл Жабаев. Шығармалар. 1957 жыл). Жамбылдың Ғалиға арнаған келесі өлеңі «Қалжың» деп аталады. «Ғали менен Рахым­бай, Мені жемдеп жүрмісің. Егін­шінің атындай, Байлап ар­па, сұлысын. Мұнша бағып-бап­тауды, Жақтырмайды тым ішім... Қазылырақ тартқанға, Қысылыңқы тынысым. Ақпан менен қаңтарда, Соғым шүйгін бол­сын деп, Ырым етіп күл сеуіп, Соямысың кім білсін!..»

 

Қарт Жамбылдың әдеби хатшысы Ғали Орманов пен дәрігер Рахымбай Досымбековке айтқан бұл өлеңі ақынның 1946 жылғы жинағында жарияланған екен. Өлең мәтініне назар аударсақ, қартайған шағында «ақынның көмекшілері» Жамбылға барлық жағынан көмек көрсетіп сүйеу болғандығын, айтқанын екі етпей өз деңгейінен асырып орын­дағанын көруге болады. Мұндай көрсеткен ұлы көмекке іштей разы болған Жамбыл тіпті кейде көмек­шілерін өзімен теңдей көріп қалжыңдап қойғандығын да байқаймыз. Өйткені Ғали ақынның шығарған өлеңдерін бір сәтте қағаз бетіне түсіріп, оны мәнін келтіріп жүйелеп, өзіне қайтадан дауыстап оқып беріп отырған. Ал Рахымбай сағат сайын ақынның денсаулығын тексеріп, сырқаттанған сәтінде ем-дом жасап тұрған. 1941 жылдың қаңтар айында Жамбылдың ден­саулығы сыр бере бастаған кезінде Ғали: – Жәке, бүгін не туралы айтасыз? – деп қағаз, қала­мын алып Жамбылдың жанына келіп отырған сәтінде қарт ақын жантайып отырып: «Жамбыл өлең айтпайды жантайған соң, Жалқауырақ тартыппын қар­тайған соң. Көңілсіздеу секіл­ді көрінемін, Дос алыс­тап, қасымнан жар тайған соң. Тарыншақтау мінезім – ұрыс­қақтау, Еріншектеу болыппын – тырысқақтау. Айқайласа жүйрік­тей бүйірі қызған, Ақын-ақ ем бір күнде ұрыншақтау. Жас бала­дай лезде кетем қалғып, Қар­тайған соң, бір ұйқы алған аңдып, Жазуыңды Ғали-ау қоя тұршы, Шаршаңқырап отырмын, басым мәңгіп» деген екен. Осы сәттен бастап бұл өлеңнің тақырыбы «Жамбыл өлең айтпайды жантайған соң» деп аталып кеткен.

 

Жалпы Ғали Ормановтың өнімді еңбек етіп, үздіксіз шығар­ма­шы­лықпен айналысуына Жам­былдың да үлесі өте зор болды. Бү­гінгі таңда Ғали Орманов қырық жыл бойы көркем әдебиет саласында жемісті еңбек етіп, тарихта аты алтын әріппен жазылатын қазақтың атақты ақындарының бірі ретінде мәңгі-бақи халқының жүрегінде сақтаулы. Жамбыл мен Ғали достығы мен бауырластығы жылдар өткен сайын жаңарып, тарих жадында қала бермек.

 

Шырын ТОЙЫНБАЕВА,

Мемлекеттік орталық музейдің ғылыми қызметкері

 

 

*                           *                           *


Жыраулық өнердің жанашырлары

  

https://egemen.kz/article/272236-zhyraulyq-onerdinh-dganashyrlary

 

Ұлы жырау, жыршы, ақын Жамбылдың өнерін халыққа кең на­сихаттауда, танытуда, ба­­ғалауда әдебиетіміздің алып­тарының үлкен үлес қос­қа­нын байқаймыз. Сәкен Сей­фул­линнің, Мұхтар Әуезовтің, Сәбит Мұқановтың, Ғабит Мүсі­реповтің, Ғабиден Мұста­фин­нің, Әбділда Тәжібаевтың және басқа да қазақ жазба әдебиеті өкіл­де­рінің Жамбыл туралы ой-тол­ғаныстары, мақалалары, есте­лік­тері суырып-салма ақындық дәстүрге, айтыс өнерінің тарланына, жыршылық, жыраулық өнердің майталманына деген ерекше құрметті байқатады.

 

Сәкен Сейфуллин 1927 жылдан бастап Жамбылмен бірнеше рет кездескен. Өз үйіне шақырып алып та жыр­ларын тыңдаған. «Жабай батыр»­ дастанын, Құлмамбетпен айтысын жазып алып, әдебиет оқулығына қос­қан. С.Сейфуллиннің «Көптомдық шы­ғармалар жинағының» 6-томына жаз­ған алғы сөзінде профессор Тұр­сын­бек Кәкішев Сәкенге қатыс­ты: «Ақан сері, Біржан сал, Майкөт, Қара­қожа, Мұсайып, т.б. өнер қайрат­кер­лерінің мұраларын ел аралап жү­ріп жа­зып алса, Жамбыл, Кенен сынды халық ақындарымен жүзбе-жүз кез­десіп, Жетісуға аты мәшћүр өзге жыр­шы­лардың сөздеріне назар аудар­ған» – дейді. «Жамбылдың жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан мар­жан сықылды. Оны жинап алып, халқының қо­лына беру – біздің әрқай­сымыздың аза­маттық борышымыз» – деген Сәкен Сей­фуллиннің ба­ғалауынан өз замандастарына үлкен міндет жүктеушілік аң­ғарылады. Өйткені, Жамбылдың тоқсан жасына дейін ауызша шығарған өлеңдері, айтыстары, толғаулары қағаз бетіне түспеген, тек өмірінің соңғы он жылында ғана жадындағы жырларын жаңғырта жырлап, жаңадан шы­ғарғаны бар, заманға үн қосқаны бар мол рухани мұра қал­дырған. Жам­былдың жыр селі ХХ ғасыр­дың 30-40-жылдарындағы қазақ зиялыла­рына «өшкен жанып, өлген тіріл­ген­дей» әсер еткені байқалады. Темір­бек­ Жүргенов, Ораз Исаевтар 1934 жылы қазақ халық таланттарының сле­тінен кейін Жамбылдың жарқыраған жұл­дызына айрықша назар аудара бастаған.

 

Әбділда Тәжібаев 1936 жылы Жам­былды Ұзынағаштан Алматыға алып ке­ліп, өз үйінде бірнеше күн қонақ қы­­лады. Сол жолы Мұхтар Әуезовті, Сәбит Мұқановты Жамбылмен үйінде жүз­дестіріп, таныстырады. «Осындай еді аға­лар» атты естелігінде ол былай деп жазады:

«– Е, Құнанбай елінен екенсің ғой, – деп Жәкең Мұхтарға бір қарап қойды.

– Абай еліненмін.

– Абайды да білемін. Ол оның өлең­ші баласы емес пе?.. Біздің жақ дуан басы әжі Құнанбайды жақсы білген. Өзі қырғыздың Шәбдені секілді болса керек қой...

– Ал мен Сарыарқаданмын. Бір­жан, Ақан, Балуан Шолақтардың жері­ненмін, – деп Сәбит дауыстады.

– Болсаң боларсың, – деді Жәкең Сәбитке кеудесімен бұрылып, – өзің де Балуан Шолаққа келеді екенсің...

Бәріміз де қарқылдап сүйсіне күліп қалдық».

 

Осы жолығысуда Мұхтар Әуезов өзі бастап Жамбылдың бірнеше сағатқа созылған жыр нөсеріндегі жылт-жылт ой, образ маржандарын қағазға түсіріп алып отырады. Сәбит Мұқанов та Әб­діл­­­даға «жаз, жазып ал!» деумен болады.

Мұхтар, Сәбит, Ғабиттердің халық ақы­нын, ұлы жырауды танып, бағалауы өз алдына, Қалмақан Әбдіқадыров, Тайыр Жароков, Ғали Орманов, Қасым Тоғызақов, Қапан Сатыбалдиндер кезекпе-кезек Жамбыл үйінде хатшылық қызмет атқарған екен. Жәкеңнің шабыт қысқанда шашып тастайтын жыр шумақтарын қалтқысыз қағазға түсіріп отырған.

 

Ә.Тәжібаев өзінің естелігінде Мұх­тар да, Сәбит те Жамбылдың суырып-салма айтқыштық өнеріне тәнті бола түскісі келіп, тақырыптар ұсынып, тарихқа, өткенге баға бергізіп, біраз сынап та көргендерін жазады.

 

Жамбылдың тоқтаусыз төккен жыр жаң­бырын тыңдай отырып: «Жәкең осын­дай екен-ау... Ақын емес, топан ғой ша­лың!», – деп мұндай тұста Сәбит қи­қуға басып-басып жібереді. – Мінеки, – деді Мұхаң Сәбеңе қарап, екі қолын бірдей жайып, – импровизатордың ше­берлігі деген осы. Эпостағы бұрын қолданылып жүрген образдарды қалай пай­даланады! Мүдірмей ағытып, өзінің биік идеялы тамаша жырын табанда тудырып отырғанда, халық байлығы оған алтындай құйылып, жарқылдап жатқан жоқ па?! Бұрынғы ұлы ақындар осылай сөйлеген... – Бұл – жүз жылдарда бір-ақ көрінетін құбылыс. Гомер деуімізге осы Жәкең ғана сыятын болу керек...».

 

Бұл – Жамбылды Мәскеудегі Қазақ көркем-өнерінің онкүндігіне апарар алдындағы сынақта берілген баға! Кейін Сәбит Мұқанов өзінің «Өмір мектебі» романында: «Онкүндік зор абыроймен аяқталды. Күләш Байсейітоваға «СССР халық артисткасы» деген атақ берілді. Қазақтың бірнеше артистері мен ар­тист­каларының кеуделеріне ордендер тағылды. Қазақ көркем әдебиетінің өкіл­­дерінен екі адамға Еңбек Қызыл Ту ор­дені берілді: ауыз әдебиетінің биігі – Жам­­был Жабаевқа, жазба әдебиетінің биігі – Сәкен Сейфуллинге» – деп жазды.

 

Жамбыл жырының Қарақастектен қалықтап шығып, Алатаудың мұзарт шыңдарын айнала ұшып, Мәскеу асып, одан әрі әлем халықтарының игілігіне айналуы осылай басталған еді. Сонда Жамбыл жырының жанашырлары болып алдыңғы лекте қазақ әдебиетінің классиктері жүргені қандай ғанибет!

1938 жылы Мұхтар Әуезовтің «Жам­­­был және халық ақындары» атты мақа­ласы әуелі орыс тілінде «Казах­станс­кая правда» газетінде жарық кө­ре­ді, кейін қазақ тіліне аударылып басыла­ды. Жалпы, қазақ халқының ұшан-теңіз­ фольклорлық бай мұрасынан сусын­дап өскен, кейін еуропалық білім дең­гейінен көрінген М.Әуезов Жам­был­ды қазақ халық поэзиясының, ға­сыр­лар­ бойы інжу-маржандарын бойына жинаған фольклорлық әдебиеттің теңдессіз өкілі деп таниды. Ұлы Абайды зерттеп, қазақ жазба поэзиясының ХІХ ғасырдағы ғұлама ақынын сан қырынан ашқан Әуезов, енді ұлы Жамбылдың эпостық тұлға-жаратылысын тануда, ХХ ғасырдағы қазақтың соңғы жырауын жұртшылыққа таныстыруда да көрегендік байқатады. Ол: «Жамбыл творчествосының негізгі мотивтері мен идеялық, тарихи тамырлары тіке­лей оның алдында өткен Махамбет, Сүйінбай, т.б. поэзиясында ғана жатқан жоқ, әлдеқайда тереңде – сан халықтың әрі сан ғасырлық көне заманғы эпосында, тарихи жырларында, аңыздары мен әңгіме, хикая-мұраларында жатыр» – деп тұжырымдайды. Әлем ха­лықтарының фольклорындағы сияқ­ты халықтың арман-аңсарын арқалау, болашаққа үміт-сенімін ояту – Жамбыл жырларының да негізгі тіні, өзегі бол­ғандығын, сонымен бірге ол өзі өмір сүр­ген ортада, қоғамда да халықтың сө­зін сөйлеп, елдің мұңын жоқтағанын, озбыр­лық, қиянат атаулыға өлең сөзбен қырғидай тигенін, елдің қамын ойлаған ерлерін, батырларын әспеттеп жырға қосқанын, дастандар жазғанын айтады. «Мынау тұрған Абайдың суреті ме, Өлең сөздің ұқсаған құдіретіне. Ақыл, қай­­рат,білімді тең ұстаған, Қарсы келер Абай­­дың кім бетіне!» – деп ұлылықты та­­нып, тағзым жасағанына да куә боламыз.

 

Сәбит Мұқанов 1946 жылы Жам­былдың 100 жылдығына арнап шы­ға­рылған толық жинағына алғысөз жа­зып, мақаласын «Ұлылық сыры» деп атайды. Кейін бұл мақала толық­тыры­лып «Жамбыл Жабаев» деген атпен әдеби портреттер жүйесінде жазу­шы­ның он алты томдық таңдамалы шы­ғар­малар жинағында жарияланды. Жам­был Жабаевтың өмірбаяндық әрі шығарма­шылық жолын неғұрлым мол қамты­ған бұл мақала өзінің құндылығын жой­майтынына уақыт төреші көз жет­кізе түсуде. Осыдан он жыл бұрын ұлы жыраудың туғанына 165 жыл толуына орай мерейтойлық іс-шаралар Жам­былдың Ұзынағаштағы музей-үйінен бастау алған болатын. Мәдениет үйінде мерекелік жиын болды. Оған бір топ қаламгер қатыстық. Осы мерейтой қонақтарына Жамбылдың 2 томдық таңдамалы шығармалар жинағы сыйға таратылды. Алғы сөзіне «Кемеңгер ақын» деген атпен С.Мұқановтың жоғарыда аталған мақаласы берілген. Қос томдықтың құрастырушысы профессор Сұлтанғали Садырбаев еді.

 

С.Мұқанов өзінің портреттік мақала­сында Жамбылды қазақ жыршылық, жыраулық мектебінің ХХ ғасырдағы ірі өкілі деп танып, осы ойын былай да аң­ғартады: «Жәкең әлеуметтік және­ жеке өміріндегі сөзінің көбін өлең­мен сөйлеген кісі. Бірақ оқушы көп­­шілікке ескерте кететін нәрсе: Жәкең­ де, сөзді өлеңмен сөйлей­тін өзге ақын­дар да ешуақытта өлең­дерін жинау не­месе сақтау мақсатымен айт­пай­ды, олар кезегі келген жерде өлең­­мен сөйлеп қалады да, сол өлең сөзді тың­дау­шылардан ұғып тарататындар болмаса, ақынның өзі айтқан өлең-сөзін есіне сақ­тауға тырыспайды, қайталап айтпайды. Сон­дықтан да қазақтың я болмаса басқа елдердің халық ақындарының бір зор тарихи оқиғаға арналған ұзақ желілі жырлары, я ұзақ көлемді айтыс­тары болмаса, қысқа тақырыпқа арнаған жырларының жүзден тоқсан тоғызы ұмытылып отырады. Арғы ғасырлардың ұмытылған қазақ ақындарын айтпағанда, ХІХ ға­сырда аттары мәлім қазақ ақындарының көбін айтыс жанры арқылы ғана біле­тіндігіміз осыдан».

 

1846 жылы туып, 1945 жылы дү­ниеден озған Жамбылдың ғасырлық ғұмырының 85 жылы ақындықпен өтке­ніне назар аударта отырып, С.Мұқанов оның өмірінің соңғы он жылында ғана жырларын қағазға түсіріп алу ісі жедел қолға алынғанын, осының нәти­жесінде қыруар жыр-дастандары халық игілігіне жаратылғанын тілге тиек етеді. С.Мұқанов Жамбыл туралы мақалаларындағы ой-пікірлерін «ауыз әдебиетінің биігі», «халық ақыны», «сөзді өлеңмен сөйлейтін адам» деген анықтама атаумен айқындап оты­ратынын байқаймыз. Жамбыл мен С.Мұқанов арасындағы қарым-қаты­насты жазып отырғанда мына бір дерек ойға орала берді. Негізі, С.Мұқановқа қатысты бұл деректі келтіруші – Есен­келді Жақыпов, оны жазып алған – Герольд Бельгер. Біз енді соған назар аудартайық: «...Әбден қартайып, тозған Жамбыл бір күні қатты ауырып қалады. Шалды үйтіп-бүйтіп емханаға жет­кізеді. Есі кіресілі-шығасылы. Кө­­ңілін сұрап Сәбең барады. Барса, шалдың жағдайы өте нашар. Әзер сөйлейді. «Сәбит, – дейді шал, – кетіп барам. Демім таусылды. Сен менің жаназамды шығар». Не істеу керек? Совет заманы. Сәбит болса қызылдың қызылы. Бірақ шал кетіп бара жатыр. Жүзге келген шал Кеңес өкіметін қайт­сын?! Сәбең дереу дәрігер мен медбикені шығарып жіберіп, есікті жауып, Жәкеңнің қасына отыра қалып, аят оқи бастайды ғой. Жәкең тыңдап жатып, жүріп кетіпті...

 

Міне, ерлік, азаматтық, адамгершілік деп осыны айт. Мұндай Сәбеңді кім білген, кім көрген?! Естелік жазсаң, осын­дай жұрт естімеген мәліметтерді көр­сетіп, тізіп, адамның рухын көте­рер дерек келтір. Солай емес пе? Әлде, ме­нікі дұрыс емес пе?» – депті Есен­келді Жақыпов.

 

1941-1945 жылдардағы сұрапыл со­ғыс жылдарында қысқа мерзімдік сапармен туған жеріне келіп қайтқан қазақтың қос батыры Мәлік Ғабдуллин мен Бауыржан Момышұлын «Жәкеңнің батасын алыңдар!» – деп Сәбең кезекпе-кезек Жамбылға ертіп барады. Бұл жөнінде Сәбең де жазды, Мәлік пен Бауыржан да өз естеліктерінде тартымды тоқталған. Жәкең қазақтың атақты ақындарын, жазушыларын, батырларын бір көргенде сынай қарап, дәл баға беріп отырғаны да қайран қалдырады.

 

«Ұлы Абайдың құрдасы, көзі ті­рісінде Гомер атанған алып ақын ата­мыз Жамбыл дүниеге екі рет туып келген адам: тоғыз ай, тоғыз күнде ана құрсағынан туды, тоқсан жасқа келгенде заман құрсағынан тағы бір туды... Қазақтың Гомерін туғызу үшін заман тоқсан жыл толғатты...

 

Ақын Жамбылдың екі рет туғаны да, түрлі заманда жасағаны да, өмі­рі­нің ең соңғы он жылында бүкіл дү­ние таныған атақ алуы да – фено­мен. Сирек кездесетін, себебін осы күнге дейін ғылым таба алмай қойған сыр. Әсіре­се тоқсан жас пен жүздің ара­сындағы он жылда ақындық дарын­ның бұрынғысына қарағанда еселеп шарықтап кетуі дүниежүзілік дана­лар­дың­ өмірінен де кездескен емес». Бұл – қазақтың сөз зергері, классик жазушымыз Ғабит Мүсіреповтің Жамбыл туралы жазылған «Феномен – Феникс» атты мақаласынан алынған үзінді. Онда ұлы жы­раудың жүз жыл жасаған ұзақ ғұ­мырына таңғалудан гөрі, жүз жылдың соң­ғы он жылындағы бұрқырап көзі ашыл­ған жыр дариясына таңырқау басым. Бұл мақаласында Ғабең Жамбыл Жабаевтың ғұмырбаяндық қырына аз тоқталады, ішкі жан дүниесіндегі ғаламат буырқанудың сырын ашуға ұм­тылады: «Жамбыл өмірге жымия қарап, сынай өскен ақын еді. Оның ойлы көздерінің түбінде қашанда бір сықақ ұшқыны тұратын. Әлденені тү­сіндіре бастасаң «Мен бір алжуға айнал­ған шал деп отырсың-ау!» дегісі келген­дей, мұрт астынан миығы жымия бас­тағанын сезуші едің. Айта бас­та­ғаныңды іліп әкетіп, өлеңмен өзіңе қайта айтқанда ақын жүрегінің ыстық жалынына, ой-сезімінің тереңдігіне таңғалатынсың», – дейді ол.

 

Кейде ойлайсың, таңырқап отырып та талай сырды ашуға болады екен-ау деп. Ғабең жазады: «Таңғаларлық бір нәрсе­ – өзімен тұстас ақындардың бә­рінде азырақ торығу болса, Жәкеңде ол жоқ. Түн артында Күн барына шектенген емес...». Осының бәрін жаңа дәуірде қайта туған ақынның өзіндік ерек­ше болмысы деп ұғындырады. 1953 жылы Н.Погодин мен Ә.Тәжібаевтің сценарийі бойынша режиссер Ефим Дзиган «Жамбыл» кинокартинасын түсіреді. Басты рөлде – Шәкен Ай­манов. Осы фильм туралы Ғабит Мү­­сі­репов талдап рецензия жазады. Ки­но­­картинаның жетістіктерімен қоса, көп­теген кемшілік тұстарын ба­қай­­­шағына дейін шағып, талдайды. Ғабеңді толғандырған киноның тү­сірілуі ғана емес, Жамбыл образының қай деңгейде шыққандығы. Бұл ретте де Ғ.Мүсіреповті халықтық ақынның ға­жайып ғұмырнамасы бейжай қалдыр­мағанын байқаймыз.

 

«Жамбыл – менің жай атым, Халық – менің шын атым!» деп айту үшін адам­ның бойында қаншама қайрат пен күш, рух пен жігер, өрлік пен ерлік, ұлттық намыс буырқанып жатуы керек десеңізші! Жамбыл ұлы жырау ретінде тұстас замандастарына, әдеби қауымға қаншалықты ұғынықты болды десек те, болмыс-бітімі тұлғалана беретін, зерттеле беретін, жаңа қырларымен таныла беретін күрделі тұлға.

 

Әділғазы ҚАЙЫРБЕКОВ,

ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, филология ғылымдарының кандидаты, Алматыдағы С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің жетекшісі

 

 

*                           *                           *

«ШАҢ ЖҰҚПАС ШАШАСЫНА САҢЛАҚ ЕДІМ»

 

https://anatili.kazgazeta.kz/news/58975

 

Кейде осы әдебиет болмағанда «адам жаратылысының жұмбағы шешілмей, болмысының құпиясы ашылмай, әрі-беріден соң жанында тұнып тұрған тағдыры, азап-шері айтылмай кетер ме еді?..» деген ой келеді. Жұмыр басты пенде итшілеген тірлікке әуелде өзінің көзімен қарап үйренген. Бірақ оның жанында тұнған қалың қайғы, ауыр мұң толқытатын бір құбылыс болмаса ашылмаған жұмбақ арал сияқты қала береді ғой. Адамның жанары өзінің жүрегіне көп түсе бермейді. Адам-пенденің көзі жүрегіне түскен күнде де, өзінің жанынан көп ештеңені көре ­алмауы мүмкін. Содан да бәлкім адам дейтін күрделі жаратылыстың тағдыр-талайы жіті зерттеліп, тасқа көп басыла қойған жоқ.

Алпыс қасқыр аналы,

Жетпіс қасқыр балалы.

Ниеттері бәрінің,

Жиылып келіп қой қырмақ, – деген сөзді ел «жұмбақ» деп айтып жүруші еді. Алпыс аналы қасқыр да, жетпіс балалы қасқыр да адам еді. Хан, бек, датқа, билер болатын. Ел бейне бір көл бетінде толқыннан тұрған көбік тәрізді сырғып, жөңкіліп қашып жүретін. Қотыр үстіне шыққан шиқандай аш бүйірден орыс патшасы улы тырнағын салды. Онан бұрынғы қалмақ ханы, қыпшақ ханы, қоқан ханы Құдиярдың елге тиген ылаңы аз болмаған сияқты еді.

Мен жиырмаға жеткенде патша қазақты түгел қаратып алды. Елді руымен, малды қара, келе үйірімен есептеу қалды. Құдайдың көкте дейтін «Лауқыл Мақбозы» жерге түсті. Барлық мал-жан дәптерге жазылып, есеп алынды. Оны ел «қарақат» деп атады жинақтарда осы тәріздес бірталай мәтін бөлігі қысқартылып кеткен».

Осы бір дана, даңғыл адамның ел күйін күңірене сөйлеуі жаныңды күйдіреді. Сол тұста халықтан қауқар қашып, қаңбақтай қаңғалақтап қаңғырып кеткен замандарда оны сөзбен жұбатып, сөзінен дауа дарытқан, жан демеуі болған авторлық ауызша әдебиетті туғызушылардың рухани әлеуеті, тарихи маңызы жоталана түскен. Ұлттық тұғырдан түсірмей қазақты сақтаған қарулы күрес тактикасы да емес, ісшілдік (М.Әуезов) те емес, сөз өнерінің елдік, еркін бостандық рухымен ұласқан ұлы күші сияқты көрінеді.

Жамбыл сынды жыр жүйріктері кеңіс­тігі шексіз қазақ даласының бар аймағында сілкініп, ежелгі, ертегідей ерлік дәстүрлерді жырлады.

Оған көзі көрген өз уақытының аяусыз сұм­дықтарын қосты. Шамырқанды, ширықты.

Жамбылдың дәстүрлі эпикалық үрдісті жаңғырту өнегесі туралы айтылып келеді. Әлі де айтыла бермек. Зерттеушілер (Р.Әбдіғұлов) Жамбылдың «Өтеген батыр» жырының екінші, жарияланбаған нұсқасы туралы айтады. «Бұл нұсқасының ерекшелігі – басқа нұсқаларға қарағанда реалистік сипатының молдығында. Өтеген ерлігін суреттеуде эпикалық ұлғайта баяндаудан (поэмаға поэзияға болуы мүмкін – Қ.М.) тән асқақтықтан гөрі нақты суреттеу басым. Мұнда, сондай-ақ ғажайып батырдан гөрі қарапайым пендеден ерлігі мен қажыр-қайраты, кісілігі анағұрлым жоғары тұрған жанды, реалды образ жасаудың жақсы үлгісі бар. Жыр қара сөз кіріспемен басталып, оқтын-оқтын қара сөз үлгісіндегі қысқа баяндаулармен қайырылып отырады. Бұл өте көне әдебиетте кездесетін көркемдік әдіс болса да, жырдың реалдық сипатына нұқсан келтірмейді» (Р.Ә.).

Жырдағы орыс отаршылдығына қарсылық сарын, Жамбыл туындыла­рын­дағы «зарзамандық» желілер туралы зерттеуші кейінгі кезеңдегі жамбылтанудың өзекті мәселелері бағытында ой қозғаған. Жамбылдың эпикалық дастандарындағы түпмақсат сарындар, түбегейлі көркемдік ұстанымдар XIX ғасырдағы ел батырлары туралы тарихи жыр-дастандардың жанр­лық, даралық сипаттарын түзу актісіндегі жарқын поэтикалық негіздер есебінде танылған.

Жамбыл дастандарының жыр нұсқа­ларын тұтастықта зерттеу авторлық ауызша әдебиеттің ілгеріде Халел Досмұхамедұлы атап өтетін бір даралық сипатын танып, сіңдіруге деректік, дәйектік мәнде елеулі септігін тигізбек. «Халық поэзиясындағы авторлықтың үшінші түрі өз шығармасын автордың өзі хатқа түсірген немесе басқа біреу жазып алған өз шығармасын түзеткен сәтте пайда болады. Бұндай авторлықтың қазақ халық әдебиетінде кездесетіні күмәнсіз, бірақ дәл қазір ондай авторлар мен шығармаларды атап айтуға нақты деректер жоқ. Кейбір мәліметтерге қарағанда мұндай авторлық XIX ғасырдың бірінші жартысынан басталады деп жобалауға ­болады. Бұл қазақтың жазба әдебиетінің ­басталуы». Х.Досмұхамедұлы пікірінің Жамбыл шығармашылығымен «тоғысатын» тұсы, авторлықтың, шығарушының өзі хатқа түсіруі мәніндегі мәселесі емес, Жамбыл ауызша шығарды, ауызша түзеді. Жырау жанындағы хатшылар хатқа түсірді. Біз үшін маңыздысы – мәтінді шығарушының өз редакциясынан өткізу фактісі. Бұл тұрғыда ұлы жыршы Жамбыл ұзақ жылдар үзбей, үдете жырлаудың үздік бір өнегесін дамытты. Байытты. Байырғы нәзира дәстүрінде болған авторлық құқыққа ортақтасу тәртібін өз туындысына қолданудың дерегін, өкінішке қарай, әзірге бізге мұрасы дер кезінде жазылып алынып, хатқа түскен Жамбыл, немесе Жамбылмен тұстас халық ақындары шығармашылығының фактісінде ғана болжаумен шектелеміз.

Көзге ұрып, көңіл жаулаған ақпа-төкпе тіршілік толғауы да, дәл түсіп, төтесінен алған арнау өлең үлгілері де, таңды таңға ұластыра айтылатын ұзақ-ұзақ жырлар, жеке бас, бір рудың аумағынан озып шығып әлеумет жоғын іздеген айтулы суырыпсалма айтыс үлгілері, табиғаттан сурет ауысқан пейзаждық лирика, қилы сәттегі адам күйін аңлаған, айтпасын айтқан көңіл толқындары, дәстүр жалғап, жаңа дәуірдің бағытын түйіндей көктеп өтіп телегей-теңіз тарихты түгендеп, бүтіндеген эпикалық жыр өлеңдер – ұрпаққа өнеге шашқан ақыл-нақыл өсиет сөздер – ­Жамбыл ақындығының ұлт қазынасына сарқа төккен асылдары. Жамбыл поэзиясындағы сөз ұқсатудағы көркемдік тылсымдар, сөз құбылтудың озық, төлтума тәсілдері, ­баяндау жүйесіндегі құрылымдық әртектілік үлгілері, адам портреттерін айшықтау дәлдігі, дүние-болмыстың даналық тұғырларын тану, аңлау сұңғылалығы, дәстүрге жүгіну, дәстүрден оза шабу «мен-мендігі», т.б. көркемдеу қабаттарындағы қайырлы құнар таусылмай, сарқылмай айтылып келеді.

Екі ғасырдан енші алған Жамбылдың адамдық жаратылысы тұлғаланған өлең сөзі қысталаңда қысылмаған ақындық бол­мыс, шығармашылық өнер, кісілік ұстаным.

Жаманды ел қорғаған жамандадым,

Манапқа жақсы сөзді таба алмадым.

Аз сөзім бай, манапқа арналғанда,

Жалтақтап ел не дер деп алаңдадым.

Бала күннен сөз тапқыш, «тілі ащы» Жамбыл ауыспа сөзді анда-мұнда ғана болмаса, дағды етпеген. Біреудің айтқанын алмайды. Жан қайнарынан таза мінсіз асыл сөз ақ нөсердей төпеп, ағыл-тегіл жөңкілетін, жыр дария ұдайы шалқып жатты.

Шашасына шаң жұқпас жүйріктігі, тапқыштығы әр сәт таңырқатып, тамсандырып өтер еді. Қазақ поэзиясында шендестіру, салыстырулардың озық үлгілері мол. Жамбыл шабыт үстінде бірді-бірге соғып, сол өнегені оза шауып өрістетеді.

Жаманның көңілі көкте, жерде басы,

Алыс қой аңғарғанға екі арасы.

Жақсының өзі кішік, ойы биік,

Бірдей ме екеуінің мәртебесі?

Жамбыл тым байқампаз. Көрмейтіні, көңіл бөлмейтіні қалмайды. Көбіне өткінші сәттердегі көңілі сенген құбылыстарға қарайлап сөйлейді. Дүние – болмыстан сыр аулауға ынтық. Сергек. Айнала ортасын, адам пиғылдарын болжап, барлауында, тоқтам айтып, өткір сөйлеп өнеге түзуінде Жамбылдың мығым ізгілік, мұсыл­мандық ұстанымдары өріс ашады.

Біреулер малмен бәрін бөктеріп жүр,

Айтқанда ақыл, нұсқа жек көріп жүр.

Көтеріп дүниенің көң-қоқырын,

Апарып қай шұқырға төккелі жүр?

Жамбыл туындыларында ақындық «Мен» қазақ поэзиясындағы жаңа тұлға, дәстүрлі, «Меннің» (жаугершілік замандардағы жауынгер) жаңа типі еді. Бұл «Мен» – күнделікті күйбең өмірде күн сәулесіне қуанған сезімтал, дертті елінің мұңына шомылған секемшіл ақынның «Мені». Кейде тым ерке, еркін. Озық.

Шаң жұқпас шашасына саңлақ едім,

Сан жерде шаршы төске самғап едім.

Жұртындай жұрт торымай,

алысқа ұшып,

Алатын тоятымды таңдап едім.

Айдынның ақ шортанын жібермейтін,

Жасымнан жаза баспас қармақ едім.

Даңғыл ақын адамның дәуренінде асып-таситын, мезгілі жетіп жабығып, жаситын күндерін сабырмен салмақтайды.

Ақын қазақ өлеңінде көп айтылған кәрілікті етене досындай тым жақын тұстан, тосын келген қайырсыз қатты­лығын тізбелеп отырып барлайды, байқап-байқап сырын ұғуға ұмтылады.

Жетіппін жүре-жүре қыр басына,

Жол екен таусылмайтын бір ғасырға.

Елбіреп екі аяғым дірілдейді,

Көз жетпей тұрарыма, тұрмасыма.

 Тамырдың тілі қандай, дәрігерім,

Жамбылға турасын айт, сыр жасырма!

Жетелеп біраз күнге жүріңдерші,

Кез болдық, қайдан демей бұл масылға.

 Болыппын жыртық үйдей саңлауым көп,

Тұрғандай жан-жағымнан, жел-гуілдеп.

Өзіме – өз дәуренім жетер емес,

Болысып жібермесең біреуің кеп!

Ақын арнау өлеңдерінде өз дәуірінің бұлдыры жоқ заман күйін кейіптеп, сөз арнаған кісінің қарым-қауқарын тұлғалық деңгейде ашып, танытуға бейім.

«Мәңке туралы» сынды туындыларында нақты адам мінезі, пиғылын жасырмақтың психологиялық күйін, сыр берместің сырын шашып тастайды.

«Артықша туған азамат» терме өлеңінде Жамбыл ақын адам жақсысы қандай-ды дәстүрлі мақамында дүние шарттарын барлайды. Жырдың келесі тынысы (шумағы – Қ.М.) өз заманының жақсылары туралы толғау өлең болып ұласқан.

Жамбыл ауызша туған өлеңінде XIX ғасырдағы жер-су, мекен атауларын көптеп келтіріп отыратын деректілік мәнімен де танылған шығармалар шоғырында нақтылы жер атауларын – Жетісу, қырғыз жерінің тау, сулары, жайлау, жазықтары өнімді қолданылады.

«Зілді бұйрық» оқиғалы жыр ақын Жамбылдың біртіндеп баяндау, қою суреттер дарыту бағытындағы, авторлық ауызша әдебиеттегі дастаншылдық сарындағы шығармаларының бірі.

Суында Қарғалының ауыз ашты,

Бір пәлекет халыққа душарласты.

Басшылары кеткен соң тағат алмай,

Жиылған жұрт дағдарып жанталасты.

...Аттандық ұлығының қонысына,

Елді сорған борсықтай болысына.

Көп ерлер қаза тапты жауға аттанып,

Көксеген азаттықтың соғысында.

Жамбыл ақындығы халық әдебие­тінде төкпе жыр, суырыпсалма өлеңде, ауызша туған өлеңде өлеңнің өзегіне өмір құюдың, өмір сәулесін өшірмей тапқыр айтудың жазба лирикалық ­туындылармен жарыса жөңкілген озық поэтикалық үлгілері жасағанын айғақтауда көл-көсір көркемдіктің үлгісі болып әдеби мұра, әдебиет тарихын дамытып, байытты.

Жамбылдың ақындық өнегесі сіңген сөз мұрасындағы құнарлы, шалғынды, өрісті үрдіс, сөз жоқ, дәстүр жалғаған, жаңамен әрлеген эпикалық дастандары мен айтыс үлгілерінде, және ұшан-теңіз жыр мұрасын асыл кеуде қоймасында ұстаған ұлы жыршылық-жыраулық өнерінде басым.

Кеңестік дәуірде ақынды қақпанда ұстағандай қақпайлау, тордағы құстай шы­ғармашылық қамауға алу сынды жойқын өнерпаздық даралыққа қиянат та жасалды. Жаңа заман, бақытты тұрмысты бұлбұлша сайратып жырлату зорлығын бастан кешкен ақын бақытсыздығын кеш сезіндік.

Ақ-қызылдың қырғынын көрген, адамы арыған ашаршылық опатын көрген, Алашының ұлдарын айдап-қуған­ды көрген, ел жақсысының жағасы жыртылғанын көргенде кешегі арғы замандардан бұзылмай сақталған кісілік, ізгілік, мұсылмандық ұстанымдармен тұлғаланған, Өтеген, Саурық, Сұран­шының ерлік дәстүрін елдік, отаншыл­дық, ұлтжандылық мұраттарға ұластыра дәріптеген Жамбыл ақынның, туралы­ғымен даңқы жайылған өнерпаздың «дым­білмес» бола қалмағаны даусыз. Уақыт көшінде кеткен сол бір тұстардағы ақын жанын не дегенде де оның ұрпаққа қалдырған сөз мұрасындағы ұлы мазмұннан ұғына түсетініміз анық.

Ұлы жыраудың Жетісу тарихы жоталанып жатқан эпикалық дастандарының өз редакциясынан өтіп отырғаны, бірнеше нұсқасының болуы еріккеннен, ермек іздегеннен бе?

Асыл сөздің миссиясын ауырламай алып өтіп келе жатқан ақындық өнердің тарихи белдерінде биігі көзге бірден түсетін Жамбыл, құлағы түрік, санасы саңлақ Жамбыл ұлы түйсікпен сезінген өнерінің қазақтың ендігі өмір бағдарына қаншалықты қажет екендігін сол XX ғасырдың алғашқы жартысындағы азаткер Алаш қайраткерлерінің айтқандарынан да сезіне түскен.

Арыдағы Абайды біліп отырған ­Жамбыл берідегі Байтұрсынұлының және басқалардың жан қосып шыққан дабылын естіген болар... Сергіп, серпіліп отырған.

Елдік, отаншылдық рухты түсірмеген «азамат ердің баласы» жауынгер жыраулар поэзиясының даңғыл дәстүрі Жамбыл ақындығында алабөтен шығармашылық бағыт ашқан (Кеңес тұсындағы қаумалап отырып айтылған саясат ығындағы үгіт-насихат өлеңнің қауқары ақындық өлшемде ауа райын туғыза алмайды – Қ.М.).

Алдындағы асқар биігі, ақындық мектебі Сүйінбай жырлаған «Өтеген батыр» жырын Жамбыл ақын да айтты. Бұл шығармашылық қостарапта нәзира дәстүрі ілгері оза ма? Басқа бір сипаттары бар ма?

Осындай мәселе XIX ғасырдың өн бойын­да кең таралып, «жүз ақын жүз түрлі» (шартты – Қ.М.) өрнектеп, әрлеп отырған дін тарату соғыстары, пайғамбарлардың ғұмыр-ғибраты айтылатын қисса өлеңдерге де, төл батырлық дастандарға да, ғашықтық эпосқа да қатысты кеңіте зерттеулермен нақтылана түскен.

Ақ көбікке оранып,

Толқыны тоқсан бұралып,

Арықтай аққан арнаны,

Жамбыл бір жыр жырласын.

 Жұрт хикая тыңдасын,

Өтеген батыр туралы.

Хикая емес бұл өзі,

Өз жанымнан шығарған,

 Есімде жоқ осы жыр –

Қайдан, қалай алынған.

Ызыңдап жел жеткізген, айнала дүниенің бәрі айтатын халық сөзі екен. Оны жыршы айтқан, ақын өлең еткен.

Өтегеннің қос мүйізді болып тууы, өмір тарихы баяндалып басталған «Жаздың жылы күні еді» деп жағымды күйде жалғасқан жырдың тіл көркемдігі, поэтикалық тазалығы тыңдаушыны тарта түседі.

Батырдың шапшаң өсуінен хабардар ете сала айтушы – Жамбыл жырау бірден ел тарихын толғауға ойысады. Тарих болғанда өзі айтқан бір кездегі қырғыз, қазақ, қалмақ ұрысынан бірден патшадан, хандардан көрген қорлыққа XIX ғасырдың оқиғаларына «өтіп» кеткен. Жырдың ­баяндалуында бұл екі арада ұзақ тарихтың сұлбасына түсіп, нақты айтып өтуі әбден мүмкін. Бірақ ендігі оқушыға жеткен тасқа басылған оқиға былайша өрбіген.

...Жетісу қазақтың ежелгі қонысы еді,

Мамығы майдай оралған.

Күндер болған бір кезде,

Сол жер қанға боялған.

Қазақ поэзиясындағы атамекеннен ­айырылу, жер кезіп, ел кезіп қоныс іздеу сарыны оқиғалы жырдың мазмұнын түзген. Өтеген батыр жұртын Жиделібайсын жұмақ мекенге көшіруді көксейді. Тынымсыз заманның кескекті ерінің, сөзі мен ісі бір жерден шығып отыратын ел бастар азаматтық тұлғасы кесімді, шешімді тұстарда танылып, ашыла түсіп отырады. Өтеген қол бастап Қытай барды. Көзі қуанбады. Көңілі толмады. Қабағын жапқан қара орманда қылмиған қыз болып, таусылмайтын, қашанда батырдың жолын тосатын, қарасы қалың қарсы күштің біреуі жезтырнақ жолыққан. Асу-асу белдерден өтіп Өтеген діттеген жеріне жеткенше талай оқиға бастан өткен, көрмеген, білмеген елдердің ерекше тұрмыс күйлері есте қалған. Жамбыл Өтеген сабылып іздеп, сарылып күткен арманды мекенді тапты дейді. Өтегеннің аузына сөз салады.

«Осы жерде Өтеген, деміңді ал, көзің сал,

Кезе бермей қияны,

Осы жерде деміңді ал!»

Ақын қазақ қазаннан кейін жарыл­қанды дегенді меңзей ме, жоқ, «қазақ әлі Жиделібайсынды таба алмады, Өтегендей ер қайда?» деуге ыңғай таныта ма? Қалай дегенде де халқының өксігі, арман-аңсары өлеңге көшіп, өмір жалғаған, қуат шашқан.

Классикалық ғылым өрісінде дара ізденіс машығымен, мұраны игерудің әдіс­намалық, ғылыми көкжиегі бір ғана түпкілікті тақырып – сүйінбайтану ауқы­мында ілгері оздыруға ден қойып, ұтымды еңбек жасап келе жатқан Мүбәрак Үмбетаевтың зерттеу тәжірибесі назар аударады.

 

Қанипаш Мәдібаева,

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Бас ғылыми қызметкері, филология ғылымының докторы, Профессор Құралай Мұхамади, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық  университетінің профессоры, филология ғылымының кандидаты.

 

 

*                      *                           *

 

ХАЛЫҚ – ОНЫҢ ШЫН АТЫ

https://anatili.kazgazeta.kz/news/58974

 

Жасы егдеріп қалған бір қарт кісі үнін баяу шығарып, өзінше күбірлеп отыр. Жамбастаған қалпында көзін жұмып аспанға үңілген ол сәлден соң әлденені қайта есіне түсіргендей тебірене өлең оқуға кіріскен. Бұл жолы дауысы екпінді. Арындап аққан өзен сыңғырындай тұнық естіледі: «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым». Ол – Жамбылдың өзі емес. Ауылдағы тоқсаннан асқан ешкімге белгісіздеу қария. Дәурені өтіп бара жатқанын білсе де, Жамбыл жырын оқыған соң мәңгі өмір сүрердей аруақтанып кетеді. Жамбылдың киесі ме, жырлаған сайын тұңғиыққа батып бара жатқандай басын шайқай береді. Оның өлеңдерінде не құдірет барын кім білсін. Әйтеуір өзіне тым жақын бір күйдің қан тамырларына өлең боп тарап жатқанын сезінеді. Бұл алыс ауылдағы өзіміз куә болған қарияның бейнесі. Ол Жамбыл жырларын жатқа айтып, оған жалғап ара-арасында өз ойынан да қосып жіберетін. Жамбыл мен халықтың қарым-қатынасын айтқанда, дәл сол қартты көрсетуге болар еді. Өйткені оның Жамбылға ешқандай «қатысы» жоқ болса да оны әулиедей пір тұтатын. Жамбыл жырларының халықпен етене байланғанынан шығар. 

Жамбылды халық ауыз әдебие­тінің соңғы өкілі дейді. Ол өзіне де­йінгі жыршы-жыраулар өнегесін ­бойына сіңіріп, жиырмасын­шы ғасырға саф күйінде жеткізіп, ­аманаттап кетті. Жамбыл – жыршы, Жамбыл – жырау, Жамбыл – ақын. Бұның әрқайсысын жеке-жеке ­зерделеуге болады. «Сұраншы» мен «Өтеген батыр» дастандарының өзі неге тұрады. Жамбылдың совет­тік билікті, партияны жырлағаны ­туралы да түрлі пікірлер бар. 1936 жылы Мәскеудегі декадаға барып келгеннен кейін Жамбылға арнайы хатшылар тағайындалып, шығармаларын жазып алу тапсырылады.  Әдебиеттанушы ­Рафат Әбдіғұловтың айтуынша, үйіне келген жазушылар ­Жамбылды қоршап алып, «Жәке, мынандай дейтін адам бар, ­коммунист бар соны айтыңыз» деп ортаға алатын көрінеді. Сонда ­Жамбыл: «Ей, сендер мені неге ­зор­лайсыңдар. Сендер онан да менің өзімнің айтқандарымды ­жазып алмай­сыңдар ма?» дейді екен. ­Жам­­былдың «өз айтқандарым» де­генінен-ақ, оның ішінде жатқан қаншама қазыналары өзімен бірге кеткен бе деген ойға келесің. Не болса да, ауыз әдебиетінің соңғы өкілі Жамбыл Жабаев жазба әдебиетке де өзінің «жыр алыбы» атағымен енді. Жамбыл мұралары әдебиетіміздің жауһар қазынасына айналды. Ауыз әдебиетіне, дәстүрлі халық қазынасына сусындаған жан Жамбыл бұлағына кеп мауқын баса алады.

Жамбыл Жабаевтың шығарма­шылығы мен тұлғасы жайлы бү­гінгі әдебиет саласында жүрген жас­тардың пікірін тыңдаған едік.  

– Жамбылдың есімі бала күнімізден әдебиет арқылы санамызға сіңді. Жыр алыбымен алғаш «танысқандағы» әсеріңіз қалай болды?

Елдос ТОҚТАРБАЙ, әдебиет сыншысы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты:

– Мен ата-әженің құшағында өскен, соларды «әке», «шеше» деп таныған баламын. Атам көненің көзі болатын. Естігені мен көргені, көңіліне түйгені мол еді. Әңгімеші, сөйлегенде сөздің түбін түсіретін нағыз шешен кісітұғын. Біз өскен жер – Ақсу-Қапал ықылым заманнан Жетісудың бір пұшпағы, ырысты да құтты атырабы саналатын. Жамбыл туралы ерте жасымнан естідім. Анық есте. Өйткені біздің әкейдің әкесі Аққұл бабам атақты Біржан мен Сараның айтысын өз көзімен көрген кісі болыпты. Жетісудың жүйріктері Сүйінбай, Толғанбай, Жамбыл, Бақтыбай, Қуат, Сара, Қалқа, Төребайлардың есімдері дастарқан басында үнемі айтылатын.

Кешқұрым ауыл ақсақалдары бір-бірінің үйіне жиылып, біз сияқты қара таныған балаларға «Бес ғасыр ­жырлайды», «Айтыс», «Алдаспан» сияқты жыр кітаптарын оқытып, өздері жастыққа қисайып, «Пәлі!» деп тамсанып жататын. Сондай рухани кештердің бірінде Жамбылдың кітабын оқытты. Алқақотан отырған ақсақалдарға сол ақшамның жыр сағатын мен «өткізіп» едім. «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр», «Көроғлы» дастандарын оқығаным есімде қалыпты. Жамбыл бабаның сөз тіркестері мен ұтымды ойларына қызығып, қазыналы қарттарым «Апыр-ай!» деп қайран қалысып еді.

Сол кеште Жамбыл туралы біраз ­дерекке қанықтым. Біздің үйдегі ­ақ­сақалдың немере әпкесі Тұрысбекқызы Зылиха, Жетісудағы атақты бай Маман-Тұрысбек әулеті­нің тұқымы болған апамыз 1938 жылы Жамбыл-Жәкеңмен кездескен екен. Екеуі бірге түскен сурет те сақталған. Екі жақсының кез­десуі, сөз қағысуы ­туралы тың дерек естігенім бар-ды. Бірақ осы естіген әңгімем қағаз бетіне түспеген сы­қылды. Жамбыл бабаға қатысты естелік­терден кездестірмеппін. Сіздің сұрағыңыз есіме ескі бір оқиғаны түсіріп, жаңғыртып кетті. Бұйырса, биылғы ақынның мерейтойы аясында үлкендерден естіген сол әңгімені қаз-қалпында жазып, оқырманға ұсынармын.

Батырхан СӘРСЕНХАН, ақын:

– Жамбыл есімі – бала күннің күміс қоңырауындай ыстық әрі жақын. Алғаш мектеп оқулығына енген, майданнан оралмаған ұлы Алғадайды жоқтау өлеңін оқыдым. Жүрегімді жіңішке сезімімен осып жібергені сонша, бірден санама жатталып қалды.

Түнеу күнгі кеткеннен,

Ғали жаңа келдің бе,

Алғадайдың мүрдесін,

Жол-жөнекей көрің бе?

Топырағың торқа боп,

Тыныш ұйықта дедің бе,

– Қалай қыйып қалдырдың,

Қарт әкеңді еліңде?

Елжірейді өзегім,

Ауырады белім де...

Қаза болып көзелім,

Халім қиын менің де.

...Темір өзек пенде жоқ,

Өлмес адам елде жоқ.

«Орынсыз деп өлімі»,

Ондай ойлау менде жоқ...

Міне, осы шумақтар әлі күнге өмірдің кей тұсында ойыма оралады.

Әлішер РАХАТ, жазушы:

– Қазақ пен қырғыз елінің бас ақыны атанған жыр жолбарысының шығар­машылығымен мектеп қабыр­ғасында танысқанмын. «Алғадай туралы әрбір ой» деген жырын оқығаным есімде. Ол кезде нақты не сезінгенімді ұмытып тұрмын, алайда қазір не сезінетінімді айта аламын. Қаншама ғасырды қамтитын ауыз әдебиетінің көрнекті, әрі соңғы өкілдерінің бірі – Жамбыл Жабаев. Яғни Жамбылмен танысу – көшпелі қазақпен, қазақтың салт-дәстүрімен, аңызға айналған батырлармен танысу еді. Оларды «қоршаған сөздермен» жүздесу... Жамбылдың арғы шетінде – ашаршылыққа дейінгі қазақтың тіршілігі бар деп айтар едім.

– Қазақ поэзиясына Жамбыл әкелген өрнек-айшықтар несімен ерекшеленеді?

Елдос ТОҚТАРБАЙ:

– Сөз жоқ, Жамбыл Жабаев – қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі. Ол – баяғы сал-серілер мен жырау­лар­дың жалғасы, «Могиканның соңғы тұяғы» дейтіндей-ақ ірі тұлға. Жамбылдың поэзиядағы қолтаңбасы – ерте заманнан өзіне дейінгі барлық кезеңді қамтыған поэзиялық өлшем-бірліктерді жаңартқан құбылыс. Оның дастандары мен өлеңдері, айтыстары – бәрі-бәрі тек жыраулық әдебиеттің профессионалды жетістігі, мәдениетіміздің ерен үлгісі деп ойлаймын. Жамбыл абыздың сөзі – ұрпақтан ұрпаққа жететін асыл сөз, тағылымды мұра.

Батырхан СӘРСЕНХАН:

– Жамбыл мұрасы ауыз әдебие­тімен біте қайнасып, жаңа заманның ай­шықтарымен әрленді. Ақынның сезіну түйсігі терең, тілі бай. Көп ақынның ішінен Жамбыл өрнегін лезде тануға болады.

Әлішер РАХАТ:

– Айтысқа тән тапқырлығымен, әрі дастанға тән эпикалық бояуларымен ерекшеленеді. «Патша әмірі тарылды», «Ленинградтық өренім», «Одақ», т.с.с. өлеңдері халыққа үндеу, жігерлендіру, арнау сияқты болып келеді. «Алғадай туралы әрбір ой», «Бұрымға», т.с.с. өлеңдерінде лирикалық сарын, ал «Батыр туы», «Сұраншы батыр», т.б. жырларында эпикалық реңк бар.

– Біз Бауыржан Момышұлын ­ата­ғанда дәстүрлі халық батырларының соңғы образын көргендей ­боламыз. Ал ­Жамбылды дәстүрлі халық поэзиясының соңғы өкілі деуге бола ма?

Елдос ТОҚТАРБАЙ:

– Жамбыл – халық азаматы. Ғасыр жасаған ақын саналы ғұмырын туған жұртының ортасында өткізген. Ол – «келін емес, кесір» боп келген 1916 жылғы ойранды, Бірінші, Екінші жаһан соғысын көрген, үш революцияны да басынан өткерген тарих куәгері. Алапат қырғын ашаршылық пен қуғын-сүргіннің ортасынан өткен-ді. Жамбыл мол мехнаттың да дәмін татып, Алғадайдай арысынан айырылып, жүрегі қан жылаған еді.

Жамбыл Николай заманында да, ­Сталин дәуірінде де халық сөзін сөйлеген кісі. Сондықтан Жамбылды қазақ өмірінен, мәдениеті мен тарихынан бөлек қарастыруға болмайды. Себебі Жамбылдың есімі халық деген ұғымның синониміне айналған. Жамбыл деген – халық, халық деген – Жамбыл.

Жамбыл Жабаев жырлары хатқа ­молынан түскен ақын. Суырып салма, төкпе ақын. Менің ұғымымдағы Жамбыл – табиғатынан ән-жырға құмар халық арасынан шыққан саф алтын, көмейіне Тәңір дарын мен талант сепкен біртуар бірегей.

Батырхан СӘРСЕНХАН:

– Ұлттың ішкі арманы мен аңсарын, мехнаты мен махаббатын ­Жамбылша жырлаған ұлт ақындары көп емес. ­Жамбылдан кейін де бұл сара жолды ұстанған дарабоздар бар. Бола да бермек.

Әлішер РАХАТ:

– Жамбыл – ауыз әдебиетінің соңғы өкілдерінің бірі. Сол үшін қазақ қаламгерлері Жамбылды «жыр алыбы» атады. Ол кісіден ауыз әдебиетіндегі бар қазынаны алып қалуға тырысты. Өйткені Жамбылдың шығармашылығы – ауыздан аузыға жеткен халықтың әдебиеті еді. Таным-түсінік, тарих-тағылым – бәрі соның ішінде. Өзіңіз білесіз, бірнеше жыр-дастанның Жамбыл айтқан нұсқасы бар. Айтысы – айтыс өнерінің «алтын қорына» жатады. Патша үкіметіне қарсылығын білдірген жырлары бар. Романовтардың 300 жылдығына арнау айтпаймын дегені үшін түрмеге жауып, бір топ ақындар мен халық Жамбылды босатуын талап еткен соң, босатқан делінеді. Ұлт-азаттық көтеріліс кезінде шығарған жырлары бар, мұның бәрі оның поэзиясына «азаттыққа ұмтылыс» бояуын қосады.

– Жаныңызға жақын Жамбылдың бір өлеңін талдап берсеңіз.

Елдос ТОҚТАРБАЙ:

– Жамбылдың өлеңі дегенде менің есіме бірден оның «Сырттанға» атты ­арнауы оралады. Сырттан – Найманның ­Матай деген атасынан тараған Жетісуға аты мәлім батыр, өз заманының белгілі кісісі. Сырттан – қазақтың алғашқы Конституциясын жазған заңгер, ­реформатор, Алаш қайраткері Барлыбек Сырттанұлының әкесі. Осы өлеңнің тарихы туралы аз-кем айта кетейін.

1881 жылы Алматыда үлкен жәр­меңке өткен-ді. Жәрмеңкеге Жеті­судың атақты бай­лары мен өнер­паздары жиылыпты. Ұлан-асыр ас беріліп, өнерпаздар өнер көр­сет­кен екен. Осы жиынға Сырттан Боқыұлы да қатысқан. Жәрмеңкенің ал­дын­да бірер жыл бұрын кейбір бай-бағ­лан­дар батырды кекетіп, мұқатқан екен. Бұл жайсыз әңгіме ақынның да құлағына жетіпті.

Алматыдағы ер балалар гимназиясында оқып жатқан екі баласын ертіп, базар аралап жүрген батырды көргенде Жамбыл ағасына арнайылап барып, сәлем беріпті.

Ертесінде Жетісу ұлықтары мен байлары ақындар айтысын тамашалапты. Жамбыл айтысқа шыққанда төрдегілерге қарап:

Қыдыралы, Құлшаннан

Құлаш ұрған Сырттаным!

Жерді болжап, күн шалған,

Жүргеніңді ұққанмын.

Қыдыралы, Есімбек

Эрентальды сабаған.

Ер туған ұл десін деп,

Бір кәдеге жараған!

Маманыңның өрені

Тиын-тебен санаған.

Құтылғалы кетіпсің,

Солар жапқан жаладан.

Енді ниет етіпсің,

Кім кірмеген қаладан.

Сеңдей қазақ аз шығар

Үміт қылған баладан.

Екі балаң жетілсе,

Құтыларсың табадан.

Дәметемін жетімше,

Сендей білгір ағадан, – деп батыр Сырттанды жырға қосыпты. Бұл арнау – батырдың кескін-келбетін, сол заманның оқиғасын шынайы суреттеген өлең. Осы өлеңнің мазмұнына қарап-ақ, Жамбыл-Жәкемнің момын­ның жақтасы, нақақ күйгеннің әділ төрешісі екенін байқауға болады.

Батырхан СӘРСЕНХАН:

– Жамбылдың жаныма ең жақын жыры жоғарыдағы Алғадай жайлы өлеңі. Әде­биетшілер талдай жатар, бірақ бұл өлеңді тек ақынның талдағаны жөн деп білемін.

Әлішер РАХАТ:

– «Сұраншы Батыр» дастанында:

«Сыя сауыт, қаламсыз,

Дәптер кітап қағазсыз,

Ой қозғаған домбыра

Сөз қозғаған домбыра» деп келеді де, «жасымда айтқан жырлардан, ес­керт­кіш еді батырға» дейді. Жамбыл жырменен ескерткіш қойды. Дәптер, қаламсыз ой қозғады, себебі сол замандағы әрбір адам, әр қазақтың санасында ауыз әдебиеті өмір сүрді, яғни әр адамның санасында том-том дастандар, аңыз-ертегілер болды деген сөз. Соншама ғасырлық әдебиеттің бір парасын Жамбыл ашып берді. Сол үшін де жыр алыбы саналады.

Әзірлеген

Нұрлайым БАТЫР

Дата публикации
07 сентября 2021
Дата обновления
07 сентября 2021
Тип

Сейчас читают

Ақпарат
28 марта 2024
Қазақстан Республикасына кіруге және Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттік өтуге визалар беру, олардың мерзімін ұзарту
28 марта 2024
Шет ел азаматтары үшін консулдық бөлім қызметтері
Ақпарат
28 марта 2024
Құжаттарды заңдастыру

Социальные медиа

Facebook

Меню подвал

ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары