
2025 жылдың 15 қаңтарында Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Бейбіт Атамқұлов «Өзбекстан – 2030» стратегиясын жүзеге асыру бойынша 2025 жылдың Мемлекеттік бағдарлама жобасына арналған Даму стратегиясы орталығы ұйымдастырған конференцияға қатысты.
Іс-шараға көптеген мемлекеттік органдардың басшылары, Өзбекстан Республикасының Олий Мәжілісінің Заң шығару палатасы депутаттары мен сенаторлары, дипломатиялық өкілдіктердің басшылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Конференция барысында спикерлердің баяндамалары тыңдалып, қатысушылар мемлекеттік органдардың мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша жұмысы туралы хабардар етілді.
2025 жыл Өзбекстанда «Қоршаған ортаны қорғау және «жасыл экономика» жылы» деп жарияланды. Осыған байланысты, мемлекеттік бағдарламаның басым бағыттары ретінде экология саласындағы мақсаттар, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және «жасыл экономика» қағидаларын кеңінен енгізу белгіленген.
Қабылданған Мемлекеттік бағдарлама «Өзбекстан – 2030» стратегиясында қойылған негізгі міндеттерді тиімді жүзеге асыруды қамтамасыз етуге бағытталған, олардың ішінде – адами капиталды нығайту, халықты әлеуметтік қорғау, қолайлы экологиялық жағдай жасау, елдің егемендігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бар.