2024 жылғы 8-9 қазанда Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бейбіт Атамқұловтың Самарқанд облысына жұмыс сапары өтті.
Сапар аясында Б. Атамқұлов Самарқанд облысының басшысы (хокимі) Эркинжон Турдимовпен кездесу өткізіп, тараптар ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, туризм, өзара сауда, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды жандандыру саласындағы ынтымақтастықты талқылады.
Қазақстан елшісі Самарқанд қаласының даму қарқынына жоғары баға беріп, туристік инфрақұрылымның дамуын және туристерге қолайлы жағдайлардың жасалғанын ерекше атап өтті. Сонымен қатар, Б. Атамқұлов өңірдегі бірқатар өндірістік кәсіпорындарға барғаннан кейін, өнеркәсіптің жоғары деңгейде дамып келе жатқанын және олардың экспорттық әлеуетін зерттеу қажеттігін атап өтті.
Өз кезегінде хоким Э. Турдимов туризм саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігі туралы айтып, осы бағыттағы ынтымақтастықтың зор әлеуетін атап өтті.
Сондай-ақ тараптар 21-22 қазанда Самарқанд қаласында өтетін Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өңіраралық ынтымақтастық форумына дайындық мәселелерін талқылап, өңірлер деңгейінде екіжақты қатынастарды нығайтуға дайын екендіктерін растады.
Самарқанд облысының хокимімен кездесуден кейін Б. Атамқұлов Самарқанд мемлекеттік университетіне барып, университет ректоры Рустам Халмұрадовпен кездесті және студенттер мен профессор-оқытушылар құрамының алдында сөз сөйледі.
Өз сөзінде Б. Атамқұлов Қазақстанда бүгінгі таңда болып жатқан саяси және экономикалық реформалар, Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған соңғы Жолдауының негізгі аспектілері, сондай-ақ қазақстандық-өзбекстандық қатынастардың қазіргі жағдайы мен іске асырылып жатқан бірлескен жобалар туралы айтып берді.
Елші, әсіресе, 6 қазанда Қазақстанда өткен АЭС салу туралы референдумға ерекше назар аударып, бұл шешімді Қазақстан халқының қолдағанын тыңдаушыларға хабарлады.
Сөзінің соңында ректор Р. Халмұрадов Қазақстан Елшісіне алғысын білдіріп, тараптар бір-біріне табыс тіледі.