2024 жылғы 31 шілдеде Қазақстанның Өзбекстандағы Елшісі Бейбіт Атамқұлов Өзбекстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Асилбек Худаяровпен кездесті.
Тараптар денсаулық сақтау саласындағы екіжақты ынтымақтастықты талқылады, сондай-ақ екі елде де кардиология, амбулаториялық және бастауыш медициналық-санитарлық қызмет саласында жүргізіліп жатқан реформалар бойынша пікір алмасты.
Дипмиссия басшысы Қазақстанда медецина саласында қабылданып жатқан заңнамалық және нормативтік-құқықтық актілердегі жаңа нормалар туралы хабардар етті.
Министр екі елдің медициналық жоғары оқу орындарында оқу бағдарламаларын синхрондау және дипломдарды өзара тану, сондай-ақ елдердегі медициналық туризм инфрақұрылымын дамыту қажеттігін атап өтті.
Тараптар медицина қызметкерлері мен медициналық жоғары оқу орындарында оқитын студенттердің тәжірибе алмасуының маңыздылығына назар аударды.
Кездесу соңында тараптар екі ел арасындағы денсаулық сақтау саласындағы тығыз өзара ынтымақтастықты әрі қарай дамытуға ниет білдірді.