
Ташкент, 2023 жылғы 7 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Б.Атамқұловтың Өзбекстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі И.Абдурахмоновпен кездесуі өтті.
Тараптар Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Қ.Тоқаевтың 2022 жылғы желтоқсандағы Өзбекстанға мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша берілген тапсырмаларды орындау мақсатында екі мемлекеттің үкіметтері арасындағы Жол картасы тармақтарын іске асыру барысы туралы талқылады.
Талқылау барысында ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институттары арасында селекция, тұқым шаруашылығы, топырақтану және суды ұтымды пайдалану салаларындағы өзара іс-қимыл және ынтымақтастықты кеңейту қажеттігі айтылды.
Кездесу нәтижесінде талқыланып жатқан бастамаларды жүзеге асыру бойынша нақты шараларды әзірлеу үшін құзыретті мемлекеттік органдар мен ғылыми орталықтар делегацияларының өзара сапарларын пысықтау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.