
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йоркке жұмыс сапары жалғасуда.
Сапардың бірінші күні Мемлекет басшысы Wabtec компаниясының президенті және бас атқарушы директоры Рафаэль Сантананы қабылдады.
Р.Сантана Мемлекет басшысын Қазақстанда сутегі технологияларын пайдаланатын локомотивтер өндірісін және олардың құрамдас бөліктерін іске қосу, инжинирингтік орталық құру және технологиялар трансферті бойынша пысықталып жатқан инвестициялық жобалар туралы хабардар етті.
Қ.Қ.Тоқаев компанияның көлік-логистика саласына шамамен 1 миллиард доллар инвестициялау жоспарларын құптап, бұл Транскаспий Халықаралық көлік бағытын дамытуға ықпал ететінін және басқа да инфрақұрылымдық жобалар үшін негіз болатынын атап өтті.
Кездесуде Қазақстанның теміржол саласын қайта құру аясында Wabtec компаниясымен ынтымақтастық перспективалары талқыланды.
«Қазақстан Темір Жолы «ҰК» акционерлік қоғамы мен Wabtec арасында стратегиялық ынтымақтастық туралы негіздемелік келісімге қол қойылды. Wabtec (Westinghouse Air Brake Technologies Corporation) Fortune 500 тізімінде және көлік пен логистика саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі болып табылады. Компанияда әлемнің 50-ден астам елінде 27000-нан астам қызметкер жұмыс істейді.
Сондай-ақ, Президент Citigroup компаниясының бас атқарушы директоры Джейн Фрейзермен кездесті. Кездесу барысында еліміздегі американдық қаржы холдингінің қызметін кеңейту перспективалары қарастырылды.
Қазақстанда ұсынылған жалғыз американдық банк болып табылатын Citibank Kazakhstan халықаралық инвесторлар, мемлекеттік сектор және ірі кәсіпорындар үшін жетекші серіктестердің бірі болып табылады.
Мемлекет басшысы жақында Қазақстан халқына Жолдауы аясында Үкіметке осы саладағы бәсекелестікті арттыру үшін елге үш сенімді шетелдік банкті тарту міндеті қойылғанын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев АХҚО-ның жаһандық инвесторлармен байланысын қамтамасыз етудегі және қаржы секторының цифрлық трансформациясына жәрдемдесудегі Citigroup-тың маңызды рөлін оң бағалады.
Мемлекет басшысы Citigroup-тың Қазақстанның көліктік-логистикалық әлеуетін дамытуға бағытталған бірқатар маңызды жобаларды қаржыландыру жөніндегі жоспарларын құптады.
Кездесу аясында «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ мен Citibank арасында Wabtec локомотивтерін сатып алу үшін қаржыландыруды ұйымдастырудың негізгі шарттары туралы келісімге қол қойылды.
Жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-ші сессиясының жалпы пікірталастарында сөз сөйлейді, сондай – ақ «Орталық Азия-АҚШ» саммитіне қатысады.