
2023 жылғы 13-14 маусымда Самарқанд қаласында (Өзбекстан) Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қ.Ерғалиев бастаған қазақстандық делегациясы Түркі мемлекеттерінің ұйымы (ТМҰ) Білім министрлерінің VII отырысына қатысты.
Аталмыш шарада ТМҰ-на қатысушы елдердің білім министрліктерінің өкілдері дәстүрлі түрде бас қосып, білім саласына қатысты күн тәртібіндегі мәселелерді талқылады.
2022 жылдың қарашасында ТМҰ саммиті аясында Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Қ.Тоқаев ТМҰ желілік университетін құру бастамасын жариялады.
Вице-министр Қ.Ерғалиев Мемлекет басшысының бұл бастамасын ілгерілету мақсатында ТМҰ-на қатысушы елдерге ТМҰ-на мүше елдердің Желілік университеті тұжырымдамасының жобасын таныстырды. Тараптар қазақстандық тараптың ұсынысын талқылап, ТМҰ білім министрлерінің келесі отырысына дейін Тұжырымдама жобасына ұсыныстар енгізуге келісті.
«Мемлекет басшысының ТМҰ желілік университетін құру туралы бастамасы Шанхай ынтымақтастық ұйымы университеті және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының желілік университетіне ұқсас әріптес елдердің жетекші университеттерінің өзара әрекеттесуінің икемді тетіктерін құруды көздейді, сондай-ақ академиялық ұтқырлықты, бірлескен және қос дипломдық академиялық бағдарламаларды, бірлескен ғылыми жобаларды және барлық түркітілдес елдердің студенттері арасындағы мәдениетаралық диалогты нығайтуды дамыту үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз ету», - деді вице-министр.
Сонымен қатар, вице-министр Қ.Ерғалиев Түркия Республикасы Жоғары білім кеңесінің Басқарма мүшесі Наджи Гюндоган мырзамен жоғары білім саласындағы ынтымақтастық және Қазақстан Республикасында жетекші түрік университеттерінің филиалдарын ашу жөніндегі бірлескен жобаларды жүзеге асыру бойынша екіжақты келіссөздер жүргізді.