
Мерейтойды атап өтуге жазушының туған жері – Ташкент облысының Бостанлық және Жоғары Шыршық аудандарында Р.Райымқұловтың жерлестері мен шығармашылығына табынушылар жиналып, «Көрнекті жазушы Рахметолла Райымқұлов – ел ардағы» атты әдеби-танымдық кездесу кеші, сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстан жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концерт өтті.
Ташкент қаласындағы Өзбекстан Жазушылар одағының ғимаратында Р.Райымқұловтың өмірбаяны мен шығармашылығына арналған көрме қойылып, одан кейін «Қос елдің қыран тұлғасы» атты ғылыми-практикалық конференция өтті.
Конференцияны Өзбекстан Жазушылар одағының төрағасы Сирожиддин Сайид ашты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын Қазақстан Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев оқып берді.
Сондай-ақ, Қазақстанның Өзбекстандағы Елшісі Бейбіт Атамқұлов, жазушылар Сауытбек Әбдірахманов, Ғалым Жайлыбай, Құлбек Ергөбек, Қалдыбек Сейданов, Өзбекстан қазақ мәдени орталығының төрағасы Серікбай Үсенов, «Отандастар» қорының президенті Абзал Сапарбекұлы сөз сөйледі.
Рахметолла Райымқұлов 1913 жылы 11 мамырда Өзбекстан Республикасының қазіргі Ташкент облысы, Бостандық ауданы, Қараманас ауылында дүниеге келген. Көптеген еңбектердің («Уәде», «Жасыл белес», «Түйелі адам», «Көкжал» т.б.) авторы, драматургия аудармашысы, журналист, Ұлы Отан соғысының ардагері.