
Ташкентте Өзбекстан Республикасы Цифрлық технологиялар министрлігіннің жанындағы Ғарыштық зерттеулер және технологиялар агенттігінің ұйымдастыруымен өткізілген «Орталық Еуразия – STC 2023 ғарыштық технологиялар» халықаралық конференциясына Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Олжабеков Мәлік Серікұлы басқарған қазақстандық делегациясы құрамындағы «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Айымбетов Айдын Ақанұлы, «GHALAM» ЖШС, «РЦКС» АҚ, және «Ионосфера институты» ЖШС қазақстандық кәсіпорындарының басшылары қатысты.
STC-2023 – ұлттық және аймақтық ғарыш агенттіктерін, сондай-ақ Орталық Еуразияның түкпір-түкпірінен бизнес өкілдерін біріктіретін бизнеске бағытталған іс-шара.
Конференцияның бірінші күні аясында Түркі мемлекеттері ұйымының ғарыш агенттіктері басшыларының екінші кездесуі өтті.
Оған ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев, Түркия ғарыш агенттігінің басшысы Сердар Хусейн Йылдырым, Әзірбайжан Ұлттық ғарыш агенттігінің (Азеркосмос) басқарма төрағасы Самеддин Асадов, Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Малик Олжабеков, Қырғызстан Мемлекеттік байланыс агенттігі басшысының орынбасары Тимур Токолдошов, сондай-ақ Венгрия, Түркіменстан - ТМҰ бақылаушы елдерінің тиісті мекемелерінің жоғары лауазымды өкілдері қатысты. Конференция барысында қазақстандық делегацияның басшысы М.Олжабеков Қазақстандағы ғарыш саласының дамуы және оның жетістіктері туралы баяндама жасады. Сондай-ақ күн тәртібінде аймақтағы ғарыш саласын дамытудың басымдықтары мен біртұтас ғарыш агенттіктерінің бірлескен жерсерігін ұшыру мүмкіндігі мәселелері талқыланды.
Пленарлық отырыстар, панельдік пікірталастар, семинарлар, G2B және B2B кездесулері де өтті.
Айта кету керек, қазіргі уақытта Қазақстанның ғарыш саласы жоғары қарқынмен дамып келеді. Біздің мемлекетімізде Жер орбитасында 5 спутник бар, оның 2-і телекоммуникациялық, 3-еуі Жерді қашықтықтан зондтауға арналған. Спутниктерден берілетін ақпараттың арқасында мемлекеттік органдар құрылыс, жер бөлу, жер қойнауын пайдалану кезінде бұзушылықтарды анықтап, салдарын барынша азайтады.
Конференцияның қорытындысында қазақстандық делегациясы Өзбекстанның Цифрлық технологиялар министрінің орынбасары Ж.Мақсудовпен, Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Қ.Юлдашевпен және бірқатар шетелдік ғарыш компанияларымен кездесулер өткізіп, Қазақстанның ғарыштық мониторинг саласындағы жетістіктері туралы хабардар етіп ынтымақтастыққа дайын екендігін білдірді.