
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Өзбекстан Президенттерінің екіжақты ынтымақтастықты арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындау барысын қарастырды. Талқылау тақырыбы өзара іс-қимылдың кең ауқымын, атап айтқанда, өзара саудада импортты алмастыруды кеңейту, ынтымақтастық пен инвестициялық жобаларды ілгерілету мәселелерін қозғады. Тараптар транзит-көлік және су-энергетикалық серіктестік, ауыл шаруашылығы және геология саласындағы, сондай-ақ білім беру саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Сапар аясында С.Жұманғарин мен Ж.Ходжаев «Атамекен» және «Сырдария» бақылау-өткізу бекеттері маңындағы «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік ынтымақтастығы орталығының ықтимал құрылысы жүргізілетін шекаралас аймақтарды аралап көрді. Сапар нәтижесінде тараптар халықаралық орталықтың құрылысын жүргізу орнының координаттарын уағдаласты. Тараптар екі елдің жауапты органдарына халықаралық орталық аумағында орналастыру үшін әлеуетті жобалардың тізбесін жылдам алмасу, жеңілдіктер мен преференцияларды анықтау, «жасыл дәлізді» ұзарту мәселелеріне тиісті тапсырма берді.