Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған БАҚ өкілдеріне брифинг өткізді

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған БАҚ өкілдеріне брифинг өткізді
Мемлекет басшысы ең алдымен өзін қасиетті Анадолы жеріне мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны үшін Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанға зор ризашылығын білдірді.
– Түрік халқына және Президент мырзаға қонақжайлығы үшін алғыс айтамын. Біз бүгін бірқатар аса маңызды мәселелер туралы кең ауқымды келіссөздер өткіздік. Пікір алмасу мазмұнды, мағыналы болды. Президент Режеп Тайип Ердоған білімді, аса беделді саясаткер. Оның көзқарасы кең, сондықтан бұл кісінің пікірлері өте құнды. Түркия – біздің тәуелсіздігімізді алғашқы болып мойындаған ел. Оны қазақ халқы ешқашан ұмытпайды. Қазақстан –Түркиядан ешқашан да, ешқандай да зиян шекпеген ел. Әлі де солай жалғасып келеді. Қазақстан мен Түркия – тамырлас, бауырлас, достас мемлекеттер. Біздің шетелдегі алғашқы елшілігіміз Анкарада ашылған. Мұның символдық мәні зор. Қазақстан мен Түркия арасында дипломатиялық қатынас орнағанына биыл 30 жыл толды. Осы кезеңде біздің ынтымақтастығымыз нығайып, стратегиялық серіктестікке айналды. Ауқымды шарттық-құқықтық негіз қалыптасты. Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыс, жаһандық және өңірлік құрылымдар аясындағы ықпалдастық ойдағыдай дамып келе жатыр, – деді Қазақстан Президенті.