Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Елшілігінің бастамасымен «Билим каравони» мемлекеттік емес ғылыми мекемесінде «Қазақстан мен Өзбекстан: Тәуелсіздікке 30 жыл және жас мемлекеттердің қалыптасуы» атты ғылыми-практикалық халықаралық конференциясы болып өтті.
Іс-шараға екі елдің белгілі саясаттанушылары, қоғам қайраткерлері, ғалымдар, дипломаттар, БАҚ өкілдері мен студент жастар қатысты.
Халықаралық конференция барысында белгілі өзбек саясаттанушысы Ф.Толипов өңірдегі қарқынды дамып келе жатқан тәуелсіз мемлекеттер алдындағы заманауи сын-қатерлер туралы баяндама жасады. Аталған тақырыпты, Қазақстанның беделді сарапшысы А.Нұрша жалғастырып, екі елдің өңіраралық байланыстарына кеңінен тоқталып өтті. Өз кезегінде, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, белгілі ғалым Ф.Кукеева Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы сыртқы саяси қызметінде жеткен жетістектерін баяндады. Сондай ақ, өзбек ғалымы З.Усмановтың баяндамасы Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында жеткен экономикалық дамуы жөнінде болды.
Аталған шараға қатысушылар, деңгейі жыл сайын нығайып, дамып келе жатқан Қазақстан-Өзбекстан қатынастарының жай-күйі туралы мәселелерді талқылап, мемлекеттік институттар мен қоғамды одан әрі жаңғыртуға бағытталған стратегиялық бағдарламалық құжаттармен танысты.