Бүгінде Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы экономикалық ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Тараптар арасында экономикалық өзара іс-қимылдың барлық дерлік салаларын қамтитын, 100-ден астам мемлекетаралық, үкіметаралық және ведомствоаралық құжаттарды біріктіретін берік шарттық-құқықтық база қалыптастырылған.
Екіжақты ынтымақтастықтың маңызды бағыты — өзара сауда. Сауда қатынастарының жалпы шарттары 2011 жылғы 18 қазанда ТМД Еркін сауда аймағы туралы шартты қолдану тәртібі жөніндегі хаттаманың ережелерімен айқындалады. Аталған хаттама оның қатысушылары мен Өзбекстан Республикасы арасында 2013 жылғы 31 мамырда Минск қаласында қол қойылған.
Қазақстан Өзбекстанның үш ірі сыртқы сауда серіктесінің қатарына кіреді, оның республикадағы жалпы тауар айналымындағы үлесі 6,5%-ды құрайды.
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 4,1 млрд АҚШ долларын құрады, оның ішінде Қазақстанның Өзбекстанға экспорты – 2,8 млрд АҚШ доллары, ал Өзбекстаннан Қазақстанға импорты – 1,3 млрд АҚШ доллары.
Қазақстан экспортының негізгі бөлігін бидай, ұн, күнбағыс майы, сондай-ақ қара металлургия өнімдері, оның ішінде болат прокаты мен жартылай фабрикаттар құрайды. Бұған қоса, сиыр еті, мыс кені және мұнай өнімдері экспортталады.
2024 жылы қосымша 30 қазақстандық мал шаруашылығы өнімдерін өндіруші өзбек нарығына қол жеткізді. Бұған дейін Өзбекстанның Ветеринариялық қызметі тізіліміне 59 қазақстандық кәсіпорын енгізілген болатын. Осылайша, бүгінде 89 қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші Өзбекстан нарығына сертификатталған қолжетімділікке ие.
Өзбекстан экспортының негізгі бөлігін Қазақстанға жеміс-көкөніс өнімдері, тоқыма бұйымдары, қара және түсті металдар, машиналар, химия өнімдері, пластмасса және құрылыс материалдары құрайды.
Қазақстандық компаниялардың Өзбекстандағы қызметі кеңеюде. Өзбекстанның Мемлекеттік статистика комитетінің деректеріне сәйкес, 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша республикада қазақстандық қатысумен 1041 кәсіпорын тіркелген.
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияның отырыстары тұрақты түрде өткізіледі. Кезекті, 21-ші отырыс, екі елдің Премьер-Министрлерінің төрағалығымен 2024 жылғы 12 шілдеде Алматы қаласында өтті.
Өңіраралық ынтымақтастықты кеңейту аясында 2024 жылғы 21–22 қазанда Самарқанд қаласында Қазақстан мен Өзбекстанның Өңіраралық форумы өтті, оған Премьер-Министрлер қатысты. Форум жұмысына Түркістан және Маңғыстау облыстарының әкімдері, сондай-ақ Қазақстанның 14 облысы мен Өзбекстанның 12 өңірінің әкім орынбасарлары қатысты.
Іс-шара аясында 76 түрлі форматтағы құжат (меморандумдар, келісімдер, экспорттық келісімшарттар, жеткізу шарттары) жалпы сомасы 352,1 млн АҚШ долларына қол қойылды.
Сонымен қатар, екі ел өңірлері арасында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық жөнінде 33 келісім жасалды.
Көлік саласындағы ынтымақтастық қарқынды дамып, бұл өз кезегінде туристік алмасудың жаңа мүмкіндіктерін ашуда. Air Astana және Uzbekistan Airways әуе компаниялары Астана, Алматы және Ташкент бағыттары бойынша аптасына 36 тұрақты рейске дейін көбейтті. Қазақстан мен Өзбекстан арасында 4 жолаушылар пойызы қатынайды: «Алматы – Ташкент»; «Алматы – Самарқанд»; «Астана – Самарқанд»; «Астана – Ташкент». Сонымен қатар, Ташкентті Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан және Қызылорда қалаларымен байланыстыратын 10 тұрақты автобус бағыты жұмыс істейді.
Жалпы, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың одан әрі дамуына кең мүмкіндіктер бар.
Ынтымақтастықтың басым бағыттарының бірі – өнеркәсіптік кооперацияны тереңдету және бірлескен өндірістер құру, әсіресе тоқыма өнеркәсібі, жеміс-көкөніс өнімдерін өңдеу, мал шаруашылығы және құрылыс салаларында.