Қазақстан Республикасының Елшісі Нұрлан Сейтімов Эстония Республикасының Президенті Керсти Кальюлайдқа сенім грамоталарын тапсырды

Қазақстан Республикасының Елшісі Нұрлан Сейтімов Эстония Республикасының Президенті Керсти Кальюлайдқа сенім грамоталарын тапсырды

2020 жылы 5 ақпанда «Кадриорг» президенттік сарайында Қазақстан Республикасының Эстония Республикасындағы Елшісі Нұрлан Сейтімов Эстония Республикасының Президенті Керсти Кальюлайдқа сенім грамоталарын тапсырды.

Кездесу барысында Президент К.Кальюлайд Қазақстан басшылығының Эстонияда Елшілік ашу туралы шешімін жоғары бағалап, мемлекетаралық қатынастардың одан әрі нығая беретініне сенім білдірді.

Өз кезегінде, Елші Н.Сейтімов екіжақты іс-қимылда тиімді ынтымақтастық үшін үлкен әлеует бар екенін және жаңадан ашылған Елшіліктің күш-жігері оны сөзсіз жүзеге асыруға бағытталатындығын атап өтті. Ынтымақтастықтың басым бағыттары болып цифрландыру, транзит және логистика, ауыл шаруашылығы, заңнамалық базаны нығайту және кеңейту болып табылады.

Елші Эстония Республикасының Президентін Қазақстанда жүргізіліп жатқан экономикалық және саяси реформалар туралы хабардар етті.

Сөз соңында Президент К.Кальюлайд Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевқа және Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевқа ізгі тілектерін жеткізді.