
Қазақстан Республикасының Эстониядағы Елшілігінің жәрдемдесуімен Қазақстанның ұлттық спутниктік «QAZAQ TV» телеканалы Эстониядағы ең ірі телевизиялық операторлардың бірі - «STV» қолданушылары үшін қол жетімді болды. «QAZAQ TV» көрермендері қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі жаңалықтармен, ойын-сауық бағдарламаларымен және Қазақстанның мәдениеті, тарихы мен дәстүрлері туралы заманауи деректі фильмдермен таныса алады.
STV - кабельдік теледидар, телефония және жоғары жылдамдықты Интернет қызметтерін ұсынатын, көлемі жағынан Эстонияның ірі телекоммуникация операторларының бірі.
QAZAQ TV - Қазақстан, оның мәдениеті, тарихы мен дәстүрлері туралы имидждік арна. Арнаның халықаралық трансляциясы HotBird 13B, Galaxy 19 және AsiaSat 5 жерсеріктік платформалары арқылы үш тілде тәулік бойы ұсынылған. Арна өз сигналын әлемнің 118 мемлекетіне таратады, соның ішінде Солтүстік және Орталық Америка, Батыс және Шығыс Еуропа, Австралия және Океания, Солтүстік Африка, Таяу Шығыс, Азия және Оңтүстік Кавказ (Закавказье).