Жалпы ақпарат
1992 жылғы 27 мамырда Қазақстан Республикасы мен Эстония арасында дипломатиялық қатынастар орнатылды.
1995 жылдың шілдесінде Қазақстан Республикасының Литва Республикасындағы Елшілігі, Латвия Республикасында және Эстония Республикаларында (қоса қызмет атқару) ашылды.
2011 жылғы шілдеде Қазақстан Республикасындағы Эстония Республикасының Елшілігі ашылды.
2012 жылдың шілдесінде Финляндия мен Эстония (қоса қызмет атқару) Республикаларында Қазақстан Республикасының Елшілігі ашылды.
2013 жылғы наурызда Таллинн қаласында Қазақстан Республикасының Консулдығы ашылды.
2019 жылдың 18 шілдесінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Таллинндегі консулдығы Қазақстанның Эстониядағы Елшілігі болып қайта құрылды.
2019 жылғы 21 желтоқсаннан бастап Н.Сейтімов Қазақстан Республикасының Эстония Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып табылады.
2021 жылғы 1 тамыздан бастап Эстония Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі - Т.Тирс.
2020 жылдан бастап Эстонияда Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығы (Палдиски қ.) жұмыс істейді.
Саяси қатынастар
Екі ел арасындағы саяси қатынастар өзара түсіністік жағдайында дамуда. Халықаралық мәселелердің негізгі аспектілері бойынша тараптардың ұстанымдары жақын.
2022 жылғы 27 мамырда Қазақстан мен Эстонияның Сыртқы істер министрліктері екі мемлекет арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнатылғанына 30 жыл толуына байланысты Бірлескен коммюникені қабылдады.
2023 жылғы 31 қаңтарда Астанада Қазақстан Республикасы мен Эстония Республикасының Cыртқы істер министрліктері арасында саяси консультациялар өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Еуропа департаментінің директоры Олжас Сулейменов пен Эстония Республикасы Сыртқы істер министрлігі Шығыс Еуропа және Орталық Азия департаментінің бас директоры Марге Мардисалу-Кахар тең төрағалық етті. Тараптар Қазақстан мен Эстонияның екіжақты және көпжақты форматтағы өзара іс-қимылын егжей-тегжейлі талқылады, шарттық-құқықтық базаны одан әрі кеңейту, парламентаралық ынтымақтастықты жандандыру және халықаралық ұйымдар аясында өзара іс-қимыл жасау мәселелері бойынша пікір алмасты.
2023 жылғы 18-19 мамырда Эстония Республикасы Сыртқы істер министрлігінің вице-канцлері Мярт Вольмер Алматыда өткен «Еуропалық Одақ – Орталық Азия» екінші экономикалық форумының жұмысына қатысты, ол саммит алаңында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенкомен кездесу барысында Қазақстан-Эстония ынтымақтастығының күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады.
2023 жылдың қараша айында Қазақстанға Эстония СІМ Канцлері Йонатан Всевиов бастаған эстондық делегация келді. Олар бірқатар екіжақты кездесулер өткізді және екіжақты ынтымақтастықтың өзекті жай-күйін талқылады.
2024 жылғы 28 ақпанда Таллиннде Қазақстан Республикасы мен Эстония Республикасының сыртқы саяси ведомстволары арасында консулдық мәселелер бойынша консультациялар өтті. Іс-шараның тең төрағалары ҚР СІМ Консулдық қызмет департаментінің директоры Б. Акатаев және ЭР СІМ Консулдық департаментінің бас директоры Тийна Нирк болды. Консультациялар барысында тараптар Қазақстан азаматтары үшін Еуропалық Одақтың визалық режимін жеңілдету мәселелерін, оның ішінде Қазақстанның осы бағыттағы келесі қажетті қадамдарын егжей-тегжейлі талқылады.
Өте жоғары деңгейдегі байланыстар
1994 жылы маусымда Эстония Республикасының Президенті Л.Мери Қазақстанға ресми сапармен келді. Сапар барысында өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы келісімге, сондай-ақ Сыртқы істер министрліктері арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
1994 жылы тамызда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев Эстонияға ресми сапармен келді, одан кейін екі ел арасындағы қатынастардың негізгі бағыттары бойынша бірлескен мәлімдемеге қол қойылды.
2011 жылғы 20-21 сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев Эстонияға мемлекеттік сапармен барды. Іс-шараның қорытындысы бойынша мемлекетаралық әріптестікті тереңдетуге бағытталған бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды.
2015 жылғы 26-27 ақпанда Эстонияның экс-президенті А.Рюйтелдің басшылығымен өкілдік бизнес делегациясының Қазақстан Республикасына жұмыс сапары болды. Транзиттік және көлік саласындағы өзара іс-қимыл, сондай-ақ бірлескен өндірістер құру үшін алдыңғы қатарлы эстондық агроөнеркәсіптік технологияларды енгізу ұсынылды.
2015 жылғы 30 мамыр - 1 маусым аралығында Эстонияның экс-президенті А.Рюйтель Қарағанды облысы, Спасский ауылында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мемориалының ашылу салтанатына қатысу үшін Қазақстан Республикасына келді.
2023 жылғы 18 қыркүйекте ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясы аясында Эстония Президенті Алар Кариспен екіжақты келіссөз жүргізді. Кездесу барысында екі мемлекеттің түрлі саладағы ынтымақтастығын нығайту перспективалары талқыланды.
Жоғары деңгейдегі байланыстар
2009 жылғы 7-9 қыркүйекте Эстония Премьер-министрі А.Ансиптің Астанаға ресми сапары барысында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевпен, Премьер-министрі К.Мәсімовпен және Парламент Сенатының Төрағасы Қ.Ж.Тоқаевпен келіссөздер өтті.
2012 жылғы 4-5 мамырда Эстония Сыртқы істер министрі У.Паэттің Астанаға ресми сапары барысында Эстония Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің ресми ашылу рәсімі болды.
2012 жылғы 6 қыркүйекте Эстония Республикасының Премьер-министрі А.Ансиптің Астанаға жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевпен келіссөздер өтті. Сапар барысында Қазақстан Республикасының Премьер-министрі К.Мәсімовтің қатысуымен қазақстан-эстон бизнес-форумы өтті.
2018 жылғы 28-29 наурызда Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары А. Жұмағалиев бастаған қазақстандық делегация екіжақты келіссөздер жүргізу және ақпараттық технологиялар мен экономика салаларын цифрландыру саласындағы Эстония тәжірибесін зерделеу мақсатында ресми сапармен Эстонияға келді.
2018 жылғы 17-19 мамырда Эстонияның экс-президенті Тоомас Хенрик Ильвес Астана экономикалық форумына қатысты.
2018 жылғы 5-6 қарашада Эстония Премьер-министрі Ю.Ратас Астанаға ресми сапармен келді, оның барысында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевпен, Премьер-министр Б.Сағынтаевпен, Парламент Сенатының Төрағасы Қ.Тоқаевпен және Парламент Мәжілісінің Төрағасы Н.Нығматулинмен келіссөздер өтті.
2022 жылғы 10 наурызда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі М.Тілеуберді мен Эстония Республикасының Сыртқы істер министрі Э.-М.Лийметс телефон арқылы сөйлесті, оның барысында Тараптар екіжақты ынтымақтастық пен көпжақты платформалардағы өзара іс-қимылды талқылады.
2022 жылғы 2 желтоқсанда Лодзь қаласындағы (Польша) өткен ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесі аясында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі М.Тілеуберді Эстония Республикасының Сыртқы істер министрі У.Рейнсалумен кездесу өткізді.
2023 жылдың қазан айында Люксембургтегі ЕО-ОА министрлер кездесулері алаңында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-Сыртқы істер министрі М.Нұртілеу ЭР Сыртқы істер министрі М. Цахкнамен кездесті.
2024 жылдың ақпан айында Женевадағы қарусыздану жөніндегі конференция алаңында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары -Сыртқы істер министрі М.Нұртілеу ЭР Сыртқы істер министрі М.Цахкнамен кездесті.
Парламентаралық ынтымақтастық
2014 жылғы 19-21 мамырда Эстония Республикасының Рийгикогу (Парламент) Қазақстан Республикасымен ынтымақтастық жөніндегі парламенттік тобының жетекшісі Д.Бородич Қазақстанға ресми сапармен келді. Келіссөздер барысында тараптар парламентаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
2014 жылғы 13-16 қарашада Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Эстония Республикасымен ынтымақтастық жөніндегі парламенттік топтың жетекшісі Б.Ертаев Таллиннге жұмыс сапарымен келді.
2018 жылғы 2-3 шілдеде Қазақстан Республикасымен ынтымақтастық жөніндегі Эстония Республикасы Рийгикогу (Парламент) тобының мүшесі М.Корб елордамыз Астананың 20 жылдығына және Жібек жолы елдерінің қалалары мэрлерінің форумына қатысты.
2018 жылғы 8-9 қарашада Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты С.Плотников бастаған делегация заң шығару және құқықтық көмек көрсету, сот жүйесін цифрландыру және тіркеу ісін жүргізу саласындағы Эстония тәжірибесін зерделеу мақсатында іссапармен келді, сондай-ақ Эстония Парламенті мен Әділет министрлігінде жұмыс кездесулерін өткізді.
2018 және 2019 жылдары Эстония Республикасының Рийгикогу (Парламент) депутаттары М.Корб және Р.Сиккут Астанада сапармен болып, қазақстандық әріптестерімен бірқатар кездесулер өткізді.
2021 жылғы қаңтарда өткен Қазақстандағы кезекті парламенттік сайлауына мониторинг жасау үшін Эстония Парламентінің депутаттары, Эстониядағы Центристік партиясының өкілдері М.Корб пен И.Кравченко Қазақстанға тәуелсіз бақылаушылар ретінде келді.
2021 жылғы 4 маусымда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен Эстония Рийгикогу парламентаралық ынтымақтастық топтары мүшелерінің онлайн отырысы өтті.
ҚР Парламенті Мәжілісіндегі Эстониямен ынтымақтастық жөніндегі топтың жетекшісі - Қаржы және бюджет комитетінің Төрағасы Мәди Такиев. Эстондық Рийгикогудағы (Парламент) Қазақстанмен достық жөніндегі парламенттік топтың жетекшісі - Вадим Белобровцев (Центристік партия).
Құқық қорғау саласындағы ынтымақтастық
2017 жылғы 24-26 мамырда Эстонияда Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Т.Донаков бастаған құқық қорғау органдарының жұмыс сапары өтті. Іссапардың басты мақсаты сотқа дейінгі тергеудегі прокурордың рөлі мен функциялары, бұл функциялардың полициямен және сотпен байланысы, сондай-ақ, Қылмыстық іс жүргізу кодексін реформалау туралы Эстония тәжірибесін зерделеу болды.
2022 жылғы 21 қазанда құрамында Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшылығы бар Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының делегациясы Таллинн қаласында болып, Эстония Республикасының әділет органдарының өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді. Келіссөздер барысында тараптар сот ісін жүргізуді жетілдіру, іс жүргізуді цифрландыру және сот жүйесі жұмысының тиімділігін жалпы арттыру бойынша тәжірибе алмасты.
2023 жылғы 5-8 шілде аралығында Судьялар одағының төрағасы Сәкен Абдолла бастаған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының делегациясы Таллинн қаласында болып, Эстония Республикасының сот органдарының өкілдерімен кездесулер өткізді. Келіссөздер барысында тараптар сот әкімшілігін жетілдіру және сот жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша тәжірибе алмасты.
2024 жылғы 19 ақпанда Қазақстан Президенті Қазақстан мен Эстония арасындағы адамдардың реадмиссиясы туралы келісімді ратификациялады.
Мемлекеттік басқару саласындағы ынтымақтастық
2017 жылғы 5-10 тамызда Астана қаласындағы Мемлекеттік қызмет саласындағы Өңірлік хаб комитетінің басқарушысы Ә.Байменов бастаған қазақстандық делегация Эстонияға электронды үкіметті дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы озық тәжірибемен алмасу мақсатында жұмыс сапарымен келді. Делегация мүшелері Эстония үкіметінің ақпараттық-коммуникациялық технологияларды күнделікті өмірде қолданудағы қызметімен, электрондық құжат айналымы жүйесін құру тәжірибесімен және мемлекеттік қызметтерді көрсетумен танысты. Эстонияның X-Road жүйесін енгізу тәжірибесі ерекше қызығушылық тудырды, ол ЭР-де өзара әрекеттесу мен деректер алмасудың ортақ интерфейсі мен хаттамаларын айқындайды.
Сапардың қорытындысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорацясымен Эстонияның Электрондық басқару академиясы (eGA) арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Эстония тәжірибесі Қазақстанда Smart Bridge интеграциялық платформасын құру кезінде де ескерілді. Осы платформаның арқасында, 2020 жылдың ақпан айынан бастап, Қазақстан Республикасының мемлекеттік мекемелері өздерінің деректерін ғаламтор арқылы өтіп, қауіпсіз пайдалана алды және халық пен кәсіпкерлер үшін электрондық қызметтерді дамыта алды, бұл бюрократиялық ауыртпалықты едәуір төмендетіп, мемлекеттік құрылымдар мен халық арасындағы өзара іс-қимылдың тиімділігін арттырды.
2018 жылғы және 2020 жылғы қазан айларында Эстонияның мемлекеттік басқаруда цифрлық инновацияларды енгізу тәжірибесін зерделеу үшін мемлекеттік органдар мен Қазақстанның облыстық әкімдіктерінің өкілдері үшін оқыту семинары ұйымдастырылды.
2021 жылғы 22-26 қарашада Эстония тәжірибесін зерделеу аясында қазақстандық мемлекеттік құрылымдардың (ҚР ЦДИАӨМ, Астана және Ақтөбе қалаларының әкімдіктері, «Атамекен» ҰКП, «Зерде» АҚ) өкілдерінен құралған делегациясы Таллиннге келіп, заманауи цифрлық шешімдермен танысты.
2022 жылғы сәуір айында Эстонияның цифрлық тәжірибесін зерделеу аясында қазақстандық делегация (ҚР ЦДИАӨМ, «НЗМ» АҚ және IT-кәсіпорындары) мемлекеттік қызметтерді цифрландыру тәжірибесімен танысу үшін Эстонияда болды.
2022 жылғы мамыр айында Таллиннде өткен Электрондық басқару жөніндегі конференцияға ҚР ЦДИАӨМ Вице-министрі А.Тұрысов пен «Зерде» АҚ Басқарма төрағасы А.Абдрасилов қатысты.
2022 ж. 28-30 маусымда Таллиннде Су ресурстарын кешенді басқару жөніндегі жұмыс тобының 17-ші отырысы, Мониторинг және бағалау жөніндегі жұмыс тобының 4-ші бірлескен отырысы, сондай-ақ Шекарааралық су арналары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану туралы конвенцияның (Су конвенциясы) 30-жылдық мерейтойын мерекелеуге арналған арнайы іс-шара өтіп, оларға Халықаралық Аралды құтқару Қорының Атқарушы комитетіндегі Қазақстан Республикасының уәкілетті өкілі, ҚР Сыртқы істер министрлігінің және ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері қатысты.
2022 жылғы 31 тамыз – 1 қыркүйек аралығында Эстонияның архивтерді цифрландыру саласындағы тәжірибесін зерделеу және ынтымақтастық орнату мақсатында ҚР Президенті Архиві мен Алматы Мемлекеттік архиві басшылығының Таллинн және Тарту қалаларына сапары өтті.
2022 жылғы 8-10 қыркүйек аралығында Эстонияда ҚР Сауда және интеграция министрлігі, ҚР Кіріс комитеті, АҚ «Атамекен» ҰКП, «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ және «KazLogistics» көлік саласы кәсіпкерлері бірлестігі өкілдерінен құралған қазақстандық делегация жұмыс сапарымен болып, мемлекеттік қызметтерді цифрландырудың жергілікті тәжірибесімен танысты (шекарада электрондық жүйені енгізу).
2023 жылғы 9-13 сәуір аралығында цифрлық деректерді басқару, электрондық үкіметті дамыту және мемлекеттік қызмет көрсету құрылымына цифрлық платформаларды енгізу саласындағы эстониялық тәжірибені зерделеу мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппаратының, Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ құрылымдық бөлімшелерінің басшылары кірген делегация Эстонияға келді. Сонымен қатар, эстон тарапына қазақстандық «Smart Data Ukimet» жобасы және Қазақстанда әлеуметтік саланы дамытуға арналған аналитикалық шешімдерді енгізу тәжірибесі ұсынылды.
2023 жылғы 30-31 мамырда Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асқар Жамбакин Таллинн қаласында өткен «e-Governance Conference» халықаралық форумының жұмысына қатысты. Форум аясында қазақстандық делегация Эстонияның мемлекеттік органдарының өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізіп, оның барысында электронды үкіметті дамытудың соңғы үрдістері туралы пікір алмасты. Сонымен қатар конференцияға қатысушыларға мемлекеттік басқару, деректерді жинау және әлеуметтік көмек салаларында цифрлық шешімдерді енгізу бойынша қазақстандық тәжірибе ұсынылды.
Денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық
2020 жылғы 1 шілдеде Эстония мен Сингапур Сыртқы істер министрліктері COVID-19-ға жауап ретінде цифрландыру бойынша бірлесіп ұйымдастырған ғаламдық бейнеконференцияға 60-тан астам елдің өкілдері қатысты. Қазақстан атынан ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш индустриясы вице-министрі Абылайхан Оспанов қатысты.
2020 жылғы 23 шілдеде Қазақстанның Эстониядағы Елшілігі Эстонияның денсаулық сақтау саласын цифрлық дамытуын ұйымдастырушыларының, медициналық компаниялардың, IT саласының өкілдерінің және ҚР Эстониядағы Елшісі Н.Сейтімовтің, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі А.Оспановтың, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Денсаулық сақтауды цифрландыру департаментінің директоры Б.Есенбаевтың және Құзыреттілік орталығының басшысы Е.Макулбековтің қатысуымен бейнеконференция ұйымдастырды.
Бейнеконференция барысында Эстониядағы денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің Эстония тәжірибесін COVID-19 пандемия кезінде қолдану мүмкіндігі, қашықтықтан медициналық консультация беру тәжірибесін енгізу, медициналық мекемелердегі барлық жұмыс процестерін цифрландыру және басқа да қызығушылық тудыратын мәселелер талқыланды. Эстондық тараптан бейнеконференцияға «TNP Konsultatsioonid» компанисының басшысы Е.Томасова, «EstMedica» клиникалық желісінің жетекшісі А.Деточенко, Рийгикогу депутаты, Әлеуметтік мәселелер жөніндегі парламенттік комиссияның мүшесі В.Васильев және «IDIK» компаниясының басшысы С.Мозаев қатысты.
2022 жылғы желтоқсан айында қазақстандық дәрігерлер Таллиндегі Эстония аймақтық ауруханасында (VATS Clinical Immerse тренингі) оқу курсын аяқтады, онда олар практикалық жаттығуларға қатысты.