Аустралия Қазақстанмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыруға қызығушылығын білдіруде

Аустралия Қазақстанмен сауда-экономикалық  ынтымақтастықты арттыруға қызығушылығын білдіруде

Аустралия Қазақстанды стратегиялық өңірдегі маңызды және сенімді әріптес ретінде қарастырады және сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге дайын. ҚР СІМ Азия-Тынық мұхит аймағы департаментінің директоры Нұрғали Арыстановтың Аустралия СІМ Солтүстік және Оңтүстік Азия мәселелері жөніндегі хатшысының бірінші орынбасары Гэри Коуанмен кездесулерінің негізгі арқауы осындай.

Ү.ж. 14 сәуірде онлайн режимде Қазақстан мен Аустралия сыртқы саяси ведомстволары арасында консультациялардың кезекті раунды өтті. Тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы Қазақстан-Аустралия ынтымақтастығының қазіргі жай-күйі мен оны кеңейту перспективаларын талқылап, соңғы жылдары қалыптасқан өзара іс-қимылдың оң қарқынын атап өтті.

Сонымен қатар, дипломаттар екі мемлекеттің сыртқы саяси бастамаларын өзара қолдауда көрініс тапқан халықаралық және өңірлік ұйымдар аясындағы диалогтың сапасын атап өтті. Өзекті халықаралық проблемалар бойынша жан-жақты пікір алмасу Қазақстан мен Аустралия ұстанымдарының ұқсастығын анықтады. Атап айтқанда, Ауғанстанды тұрақтандыруға жәрдемдесу және жанжалды жағдайларды реттеу жөніндегі күш-жігерді үйлестіру туралы сөз болды.

Г.Коуан Канберраның еліміздің халықаралық аренадағы бастамаларына одан әрі қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.

Келіссөздердің маңызды тақырыбы экономикалық дипломатия шеңберіндегі өзара іс-қимылды жандандыру болды. Делегация басшылары тау-кен өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, баламалы энергетика, ақпараттық технологиялар, инновациялар, медицина, білім беру және туризм салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығын атап өтті. Осы бағыттағы бірлескен жұмыс шарттық-құқықтық базаны кеңейтуді және басым салаларда жаңа келісімдер әзірлеу жөніндегі келіссөздер процесін жандандыруды талап ететіні атап өтілді.

2005 жылдан 2020 жылға дейін Аустралиядан ҚР-ға инвестициялар ағыны 25 млн АҚШ долларына дейін өсті. 2020 жылғы тауар айналымы 47 млн. долларды құрады. Бірқатар австралиялық компаниялар Қазақстанда геологиялық барлау және тау-кен өндіру өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, құрылыс, жарылғыш заттар өндірісі және басқа секторларда табысты жұмыс істейді.

«COVID-19» әсеріне қарамастан, «Fortescue» (ТМК) және «Cedar Meat» (ауыл шаруашылығы) сияқты ірі австралиялық компаниялар Қазақстан нарығына белсенді түрде кіруді жалғастыруда, олардың жалпы инвестициялары алдағы 2-3 жылда Қазақстан экономикасына 55 млн. АҚШ долларын құрайды